• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Шілде, 2017

«Алматы» – чемпиондар командасы

415 рет
көрсетілді

Спорттағы кіл таланттарды топтастырған «Алматы» волейбол клубы келесі маусымға дайындықты бастап кетті. Волейболшы қыздар қазіргі уақытта Қапшағайда, «Иорданиди» спорт кешенінде жаттығу­ларын жалғастырып отыр.

«Алматы» волейбол клубының жетекшісі Жандос Жиенбаев аталмыш клуб 2008 жылы құрылып, бастапқыда  «Әйелдер волейбол клубы» МҚК» деп аталғанын, 2013 жылы «Алматы» волейбол клубы» болып  өзгергенін айта келе: «Ұлттық  және жоғарғы лига ойыншыларының бірігуі, волейболдың қарқынды дамуына өз септігін тигізді. Осындай шешімнен соң, қаржыландыру толық өтеліп, клуб жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Екі ұжым біріккелі бері, біз еліміздің үздік волейболшыларын қызықтыра бастадық. Бұлар Қазақстан құрамасының негізін қалап отыр. Ерлер командасы да осындай өзгерістерге ұшырады. Нәтижесінде, волейболдан әйелдер ұжымы Қазақстан Кубогында күміспен күптелсе, ерлер командасы екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атанды. Бұл жетістіктерге Алматы қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауы арқасында жеттік. Ерлер волейбол командасына келсек, олар осы күнде еліміздің жеті дүркін чемпионы. Меніңше, бұл жерде КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Паршин мен Гилязутдиновтің және Ткаченколардың еңбегін атап өткен жөн. Сол сияқты, ерлер командасы ойыншыларының 70 пайызы мен әйелдер ұжымының 50 пайызы ұлттық құрама командасының мүшелері болған. Бүгінгі таңда ерлер командасының демеушілері басқа. Ал біз «Алматы» әйелдер клубы» атауымен екі әйелдер командаларын дамыту үшін аянбай еңбек етудеміз», деді. Ендігі жерде клубтың басты көздеген мақсаты – ел волейболын легионерлерсіз  дамыту болып отыр. – Әрине, легионерлер деген жақсы, біз қарсы емеспіз. Өйткені, олар әлем деңгейіндегі үздік спорт­шылар. Шетелдік спортшылардың  бізге ауысуы жалпы ұжымға жақсы әсер етеді. Біздің қыздар олармен бірге жаттығып, ойын шеберліктерін арттырады. Алайда, біз өз күшімізге сенеміз, – дейді Жандос Жиенбаев. Қазіргі таңда клубтардың көбісі шетелдік ойыншыларды, сонымен қатар, еліміздің үздік волейболшыларын өз қарамағына алып отырғаны аян. Мәселен, «Алтай» мен «Жетісу» клубтарының құрамында мықты әуе доп арулары ойнайды. Оның ішінде «Алматы» клубының тәрбиеленушілері бар. Бұлар – Сана Анарқұлова және Инна Матвеева.  «Алматы» волейбол клубы ойыншыларының қазіргі орташа жас шамасы 20-24 жас аралығында. Клубтың үш волейболшысы Қазақстан  құрамасы­ның сапында өнер көрсетеді. Олар –Людмила Исаева, Яна Петренко және Татьяна Фендрикова Сонымен кіл дарындарымен дараланған клуб келесі маусымға дайындыққа кірісті. Алдағы маусым күзде басталып, көктемде аяқталады.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ