• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Шілде, 2017

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ «Даму Блиц» технологиясына қосылды

565 рет
көрсетілді

Бүгін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мен «Даму» Қоры мәмілеге келіп, арнайы келісімге қол қойды. Бұл туралы «Даму» Қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Енді барлық өңірлерде Даму Блиц технологиясы бойынша мөлшерлемесі 8,5 пайыздан аспайтын қаржыландыру бағдарламаларына енгізілетін болады. 

«Даму Блиц» технологиясы 2016 жылы қаңтар айында Алматы мен Алматы облысында «Банк KassaNova» АҚ, «Альфа Банк» АҚжәне «Банк Астаны» АҚ арқылы қанатқақты жоба ретінде енгізілген еді. Бұл – «жылдам несие» берудің жаңа технологиясы. Негізінен оңай рәсімдеп, 7 күнге жетпейтін уақыт ішінде қаржыны қолға тигізеді. Бұл технология бойынша жұмыс істейтін барлық менеджерлер консалтингтік компанияда арнайы семинардан өткен.

«Халық Банкінің Даму Блиц технологиясына қосылып қана қоймай, шағын және орта бизнеске несие беруде жедел шешімдер қабылдау қажеттігін ескере отырып, нарықта «Халық Кәсіпкер-35» жобасын іске қосты. Бұл біздің мақсатымызбен үндес. Қазір нарықта бәсекелестік жоғары. Бұл тайталаста жылдам әрекет еткен банктер озады», – деді «Даму» Қоры Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.        

«Даму» Қорының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше несие түрлері мен көлемі төмендегідей болады:

Шағын несие – Қазақстанның өңірлерінде 30 млн теңгеге дейін, Астана мен Алматы үшін 60 млн теңгеге дейін беріледі. Инвестиция үшін 84 айға дейін, айналым қаражатын толтыруға 36 айға дейін. Шағын несие алу үшін кем дегенде 6 ай жұмыс істеп тұрған бизнес болуы керек.

Бастапқы несие – 20 млн теңгеге дейін беріледі. Инвестиция үшін 84 айға дейін, айналым қаражатын толтыруға 36 айға дейін беріледі. Бизнестің тіркелгеніне 36 айдан аспауы керек.

Екі несие бойынша да мақұлдау уақыты екінші деңгейлі банкке өтінім берген уақыттан бастап 7 жұмыс күнінен аспайды.

Қазіргі кезде Даму блиц технологиясы 15 өңірдегі екінші деңгейлі 14 банкте қолданылып келеді. Салынған қаражаттың жалпы сомасы 29 млрд теңгеге жеткен. Бүгінде жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 116 жоба мақұлданған.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ