Кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мектептің жаны – мұғалім» деп бекер айтты ма? Білім саласы қаншалықты заманауи технологиялармен, инновациялық оқу құралдарымен жабдықталып, материалдық тұрғыдан байытылса да мұғалімнің орнын оның ешқайсысы алмастыра алмайтыны аян. Ұстаз алдындағы шәкірті арқылы өз заманын тәрбиелейді. Сондықтан, Елбасының бағдарламалық мақаласы білім саласы үшін ғана емес, жалпы рухани өсу, сол арқылы жалпы даму жолымыздағы темірқазық болуы тиіс.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтындағы психология-педагогика факультетінде болашақ мамандарды даярлауда олардың кәсіби білімді болуын, білім саласындағы шеберліктері мен дағдыларды игеруін, Отанымыздың тарихынан мол хабардар болуын, халқымыздың тарихы мен мәдениетіне, ұлттық дәстүріне сүйіспеншілік пен құрмет көрсетуін басты ұстаным етіп аламыз. Мұның барлығы да біз дайындайтын болашақ жаңа тұрпатты мұғалім бойынан табылуы тиіс. Жас буын-ды тәрбиелейтін жаңа тұрпатты мұғалім даярлау ауызбен орақ орғандай оңай жол емес, нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым мен тәжірибені тонның ішкі бауындай үйлестіре талмай еңбек етуді керек етеді.
Алдымен адам, содан соң маман қалыптастыру тек жоғары оқу орнының ғана емес, бүкіл білім беру саласының парызы. Демек, бүгінгі уақытта мұғалім мен оқытушының жұмысы жас ұрпаққа білім берумен ғана шектелмейді, ол қоғамдағы әлеуметтік өзекті мәселелердің бел ортасында жүреді. Соңғы жылдары жастардың өзіне қол жұмсауының – суицидтің жиілеуі қоғамда алаңдаушылық туғызды. Осы келеңсіз құбылыстың алдын алу және девианттық мінез-құлықтың проблемасы бойынша біз білім ордасында белсенді жұмыс жүргіземіз. Атап айтқанда, психолог мамандардың ұйымдастыруымен суицид белгілерін анықтаудың тест тапсырмалары құрастырылып, өңделді. Сонымен қатар, студенттер және басқа да білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерімен тренинг, онлайн-конференция және дөңгелек үстел отырыстары өткізіледі. Биыл наурыз айында мектеп психологтарымен «Оқушылар арасында тәуекелді мінез-құлықтың алдын алу мәселесі бойынша мектепте психологиялық қызметті ұйымдастыру: тәжірибе, мәселелер, болашағы» атты онлайн-семинар өтті. Оған Қостанай облысындағы кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының психологтары, облыстық психиатриялық аурухана дәрігерлері, психолог-педагогтар қатысты. Онлайн-семинарға қатысқандар «тәуекел тобындағы» балалар ортасына, отбасы тәрбиесінде ата-ана тарапынан қаталдықтың орын алмауына ерекше көңіл бөлді және жасөспірімнің орны толмас қадамға баруына итермелейтін басқа да көптеген себептердің алдын алу мәселелерін талқылады. Осы кеселдің алдын алу үшін ізденістерге толы негізгі жұмыстарды мұғалімдер атқарады. Біздің педагогика институтында биыл «Суицидалды мінез-құлықтың алдын алудың психологиялық негіздері» атты оқу құралының тұсаукесері өтті. Оқулықта девиантты мінез-құлықтағы жасөспірімдермен жұмыстың ерекшеліктері, проблеманы шешу жолдары тәжірибеге ұсынылады. Айтайын дегенім, осындай қиын жұмыстарды жан дүниесі мұғалім мамандығын қалаған, парасатты да, мейірімді, жүрегі елім деп соғатын түлектер ғана шынайы атқарады.
Елбасының мақаласы алдымызға қойған мақсат-міндеттер жолында күнделікті еңбектенуді талап етеді. Бүгінгі жаһандану үдерісі шапшаң жүріп жатқан уақытта ұлттық тәрбие, ұлттық рухты жоғалтпау – үлкен міндет. Жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты қайткенде егеміз? Бүгінгі студент ертең мектепке мемлекетшіл, еліне деген патриоттық сезімі бар, ұлттық дәстүр-салттан сусындаған, халқының тарихын білетін, мәдениеті мен әдебиетін зерделей алатын мұғалім болып барғанда шәкірттерінің ұлттық рухын көтере алатын болады. Халқымызда «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген сөз бар. Демек, ұстаз бойындағы қасиет, жақсы әдет шәкіртіне жұғысты келеді. Ұстанымын ұлттық парасат биігінен жеткізе білетін мұғалім балаға біліммен бірге ұлттық сезімді, ұлттық рухты да бере алады. Институтта жүргізілетін Қазақстан тарихы, этнопедагогика пәндері ұлттық сананы дамытуға бағытталған болса, тәрбиелік іс-шараларда бұл міндеттерді әрі қарай жетілдіре түсуді мақсат етеміз. Жоғары оқу орнында жыл са-йын қазақ бөлімдері студенттерінің саны көбеюде. Мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы еліміздің солтүстік өңіріндегі жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдері студенттерінің көбеюіне септігі тиді. Қостанай мемлекеттік педагогика институтына осы «Серпін» бағдарламасымен келіп білім алып жүрген студенттермен тәрбие жұмыстарын көбінесе ұлттық негізде өткіземіз. «Өнерлінің өрісі кең», «Отбасы – тәрбие бастауы»,«Ата-ананың парызы», «Қарттарым, аман саумысың?!» секілді іс-шаралар студенттердің атсалысуымен театрландырылған қойылым түрінде орындалып, жоғары нәтиже көрсетті.
Ұлттық тәрбиенің қазығы мықты болса, қоғамда проблемаға айналған көптеген әлеуметтік мәселелердің алдын алуға болады. Білім ордасы дайындаған білікті, инновациялық технологияларды, әдістемелерді терең меңгерген және ұлттық тәрбиеден, ұлттық педагогикадан нәр алған болашақ психологтар мен педагогтар еліміздің ертеңін сеніп тапсырар жас ұрпақтың рухани келбетін қалыптастыруға атсалысады. Ұлттық болмысы кемелденген ұрпақ барда ел де кемел, мемлекет те мықты.
Назгүл АЙДЫНАЛИЕВА, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты психология-педагогика факультетінің деканы
ҚОСТАНАЙ