• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Футбол 17 Шілде, 2017

Астанада басқаша ойын болады – Эдгар Варданян

140 рет
көрсетілді

Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астанаға» қарсы жауапты ойын алдында «Спартак» командасының ойыншысы Эдгар Варданян БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз конференциясын өткізді.

– Бірінші ойыннан кейін, бір гол ғана айырмашылықпен ұтылуымыз бізге ауыр соққаны рас. Өз алаңымызда бірінші таймда аздап абдырап қалдық. Бапкеріміз Марек Зубтың нұсқауынан жаңылып қалғандай болдық. Алайда, үзілісте жаттықтырушымыздың ақыл-кеңесі келесі 45 минутты жаңа қарқынмен бастауымызға септігін тигізді. Енді жауапты матч басқаша бағытта өрбиді деп үміттенеміз. Дегенмен, «Астананың» өз алаңында жеңілмей келе жатқанын да білеміз. Бұл кездесуде біз жылдам гол жіберіп алудан сақ болуымыз керек. Астанадағы ойында Юрмаладағы екінші таймдағы ойынымызды көрсетеміз деп ойлаймын.

– «Астанадан» кімді ерекше атап өтер едіңіз?

– Бірінші кезекте қапталда өнер көрсететін Патрик Твумасиді ерекше атап өтер едім. Оның жылдамдығы, дәлдігі қатты ұнайды. Оған қарсы Латвия чемпионатында бірнеше рет ойнадым. Оның жылдан жылға дамып жатқанын байқай түскендей боламын. Өте жылдам әрі техникалық жағынан мықты ойыншы. Қай кезде қандай шешім қабылдау керек екенін жылдам ойлай біледі. Соққысы жойқын. Сондай-ақ, Джуниор Кабананганың да орны ерекше. Нағыз шабуылшыға тән қасиеттер оның бойында бар деп сенімді түрде айта аламын. Бұдан бөлек «Астананың» орталық тұсындағы ойыншылардың бір-бірін көзбен-ақ түсінісе білуі таң қалдырмай қоймады.

– Юрмаладағы ойында 1500-2000 жанкүйер ғана болды. Ертең сіздер 30 мыңға жуық жанкүйердің алдында өнер көрсетесіздер. Жасанды алаңы тағы бар. Бұл сіздерге кері әсерін тигізбей ме?

– Меніңше, бұл қайта оң әсерін беруі керек. Стадионға неғұрлым көбірек адам жиналса болса, ойыншының да бар қырынан таныла түсуіне әсерін береді деп ойлаймын. Ал жасанды алаңға келер болсақ, біз маусымның басын синтетикалық алаңда ойнадық. Сондықтан бұл да бізге еш қиындық тудырмайды деп ойлаймын.

–  Бас бапкердің командадан кетуі ұжымға кері әсерін тигізбей ме?

– Бұл енді футбол ғой. Мұнда бәрі болуы мүмкін. Бапкерімнің командадан кетіп бара жатқаны әрине өкінішті. Бірақ әркімнің өз таңдауы бар ғой. Бапкеріме алғыстан басқа айтарым жоқ. Бірге жүріп біраз кемшіліктерімді түзедім.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»