Көшпелі жұрттың көне дәстүрін дүйім дүниеге дәріптеген бірегей фестивальды аудан әкімдігі қолдап, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ұйымдастырды. Шараға ЮНЕСКО өкілдерінен бөлек, елорда мен Алматыдан танымал туристік агенттіктердің басшылары, қолөнер шеберлері, сондай-ақ, Ресей мен Балтық жағалауы елдерінен келген турис-тер қатысты. Келген қонақтар Ұлы Дала төсін мыңжылдықтар бойы мекен етіп келе жатқан суперэтнос – қазақ халқының озық мәдениетімен Ұлытау төрінде танысып, отандық қолөнер шеберлерінің жасыл-жақұттарына таңдай қақты. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татқан өзге ұлт өкілдері мәңгілік ел мұрагерлеріне еріксіз бастарын иіп, бағаларын бас бармақпен берді.
Этномәдени фестиваль болған соң, әрине, оның шеңберінде жылқы жалында өскен бекзат ұлттың ат өнерімен байланыс-ты әртүрлі мәдени шараларынсыз сатырлаған жиынның салтанаты жараса ма!.. Сондай-ақ, бие байлау, қымызмұрындық, жақ тарту, найза лақтыру ғұрыптарының аксиологиялық қызметін көрсету – көпшіліктің көңілінің қалауы болатын. Оның сыртында шетелдік меймандарға ыдыс-аяқтар көрмесін, әртүрлі қолөнер бойынша шеберлік сыныптарын, қымыз әзірлеу әдісін көрсету де басты мақсаттардың бірі болды. Бәрін айт та бірін айт, ең қызығы дәстүрлі доданың биылғы ерекшелігі – мешкейлер сайысы мен әйелдер күресі болды. Көпшіліктің делебесін қоздырған көрікті жиынды ендеше басынан баяндайық.
Шара шымылдығы – шаттықты. Этнофестиваль шымылдығы ұлт руханиятының шынайы жанашыры, Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омардың құттықтау лебізімен түрілді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, аталмыш этнофестиваль жалпы қоғамның рухани жаңғыруына үдемелі үлес қосатыны анық. Осы тақылеттес тағылымды сөзді тамылжытып өрбіткен аудан басшысы тұтас елге толайым табыс тіледі.
Өз кезегінде ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссия жанындағы материалдық емес мәдениетті қорғау комиссиясының мүшесі Бақыт Оразымбетова ұлт бесігіндегі оралымды істердің жалпыға өнеге-үлгі болары хақында ой толғады.
Жалпы, бұл этнофестивальдың бес жылдық шежіре-тарихы бар екендігін айта кеткен жөн. «Ұлытау қымызы» – бұған дейін де ұйымдастырылып келген «Терісаққан көктемі» этномәдени фестивалінің мазмұны кең сипатты тұрғыда байытыла түскен екінші кезеңі, яғни, бастапқы іс-шаралардың заңды жалғасы. Оның аясындағы «Бие байлау», «Айғыр қосу», «Қымызмұрындық» секілді рәсімдер 2015 жылы Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енгізілген. Ал, биылғы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы тарапынан ЮНЕСКО-ға оларды адамзаттың мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне қосу мақсатында дәйектелген негіздемесі бар ұсыныс берілген болатын.
Салтанатты жиын алғысөзінің тағы бірін тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнолог, «Қымыз фестивалі» жобасының ғылыми жетекшісі Ахмет Тоқтабай жалғастырды.
Биебау да – бағзы ырым. Сонымен, анталаған жұрт желі басына жөңкілді. Әрине, онда бие байлау, нақты айтқанда, сауын биелерді үйірден бөлу, желілердің қазығының қағылуы, олардың әзірлену тәсілдері, алғашқы қазықты ауылдың қадірменді қариясының жерге сіңіруі, қазықты қағатын тоқпақтар мен құлын ноқтасының өзіне тән ерекшеліктері, желінің басына, айғырдың жалына, биенің сауырына сары май жағу ырымдары көрсетілді.
Содан кейінгі кезек «Қымыз ашыту», «Күбі аластау» рәсімдеріне тиген. Ал, «Қымызмұрындық» мейрамы басталар тұста дабыл қағылып, «Туға қымыз бүрку» рәсімі атқарылды. Елдің күші мен даңқын арттыра беру ырымы саналатын рәсімді ауыл ақсақалы Құрманәлі Әбілғазин жүзеге асырды. Тостағаннан ұртталған қымыз туға үш рет бүркіліп, самалмен толқындана тербелген Ұлттың басты рәмізі көкке бойлай бастағанда «Көк тудың желбірегені» әні шырқалды. Көңіл толқытар әсерлі әуенді қалың қауым қосыла орындады.
Біраз уақыттар өтіп, тойшыл қауым биебау шайын ішуге кеткенде, торсықтағы түнемелді қыз-келіншектер күбі түбіне төңкеріп, жас балалар қымыз пісуге кірісіп кетті. Бағдарламаға сәйкес әдемі рәсімдер бірінен соң бірі өткеріліп жатты. Тағы бірде тай сабамен ортаға қымыз келтірілген соң, ауылдағы жасы ең үлкен ана бірінші болып ақтан ауыз тиді. Бұл құрметке ақжаулықты ана Алпыс Қазиева ие болды. Одан әрі сабадағы қымыз тостағандарға құйылып, жалпы жұртшылыққа таратылды. Артынша, аламан тойға сайланған асаба қоғадай жапырылған қалың нөпірді қымызмұрындық асына шақырып жатты...
Қатынкүрес – күлкіге кенелтті. Ендігі тамаша еліміздің дәстүрлі ойын сайыстары еді. Садақ ату, найза лақтыру, қымыз ішуден «бие қымыз» сайысы және мешкейлер жарысы болды. Көнеден жеткен көшелі дәстүр бойынша ұлттық ойын бәсекелері басталып кеткен еді. Әуелде, сақа жігіттер жылқыны жығу тәсілдерін көрсетсе, бозбалалар асауды үйрету машықтарын паш етті. Ши үстінен шіркей атқан сұрмергендер жамбы атып, найза лақтыру сыны да осалдардың қолынан келмейтін өнер екені көпке мәлім болды. Елді күлкіге кенелтетін, қызығы мол сайыстың бірі – «Қатынкүрес» екен. Балпаң-балпаң басқан 10-нан астам келіншек күресіп, өзара бақ сынасты. Бұл сайыста Шынар Елеусізова бас жүлдені иеленді.
«Бәс қымыз» аталатын қымыз ішушілер жарысына, әрине, қатысуға ықыластылар қатары мол болғанымен, талап үдесінен шығушылар санатында аз ғана азамат бой көрсетті. «Мешкейлер жарысы» мейлінше тартымдылығымен есте қалды. Оның қорытындысында Жасұлан Елеусізов бір қойдың етін бүтін жеп, 3 литр сорпа, 5 литр қымыз ішіп, жеңімпаз болды. Қошқар көтеру сайысы да жеке алаңқайда жүріп жатты деп естідік. Бармасақ та бақ сынасқан жігіттердің өнерін қошеметшіл ду айтып жүрді.
Көне дәстүрден – көрермен пейіліне. Басында баяндағанымыздай, халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында өткен шараға Еуропа, Азиядан келген турис-тер мен Мәдениет және спорт министрлігінің, туризм саласының басшылары қатысты. Бұл мерекелік шараның бір ерекшелігі, ұлттық қолөнерден көпшілікке шеберлік сыныбы өткізілді. Фестивальда сайыста жеңімпаз болғандарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Еуропалық туристер этнофестивальдың өте қызықты болғанын ризашылықпен атап өтті. – Мен мұнда келгеніме өзімді бақытты сезінемін. Таза ауа, қонақжай халық көңілімізден шықты. Қаншама дәстүрден мағлұмат алдым, – дейді Дайрюс Нармонтас есімді литвалық турист.
Сонымен қатар, этнофестивальда халықтың назарына көрме жәдігерлері – көшпелілер пайдаланған ыдыс-аяқтардың түрлері ұсынылып, ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгерген майталмандардың шеберлік сыныптары өткізілді. Бағдарламаның өте ұтымды түзілуі жалпы жұрттың ұлттық сусынға қатысты «уыз қымыз», «саумал», «бал қымыз», «сары қымыз», «түнемелі қымыз», «құнан қымыз», «дөнен қымыз», «бесті қымыз», «асау қымыз», «қасқыр қымыз», «қорабалы қымыз» секілді атауларына құлақ үйретіп, белгілі бір деңгейде олардың әзірлену әдістерін меңгеруіне негіз қалады.
Салт-дәстүрлердің мәні мен маңызына терең бойлап, жандары жадыраған қалың ел «Ұлытау» ансамблі мен ауыл көркемөнерпаздарының концертін де қызыға тамашалады.
Сөз орайы келгенде Ұлытауда келесі жылы келісті іс-шаралар тізбегін бұрынғыдан да байыта отырып, «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі дәстүрлі мейрамдары» атты салтанатты шара өткеру жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн.
– Шынымды айтсам, Ұлытауға бағыт алғанда дәл осындай керемет тартымды әрі мағыналы іс-шараның бел ортасында болып, сан қызықты тамашалау мүмкіндігі туады деп ойламаған едім. Өткен ғасырларға көшіп барғандай күй кештік. Көшпелі халық мәдениетінің ғажаптығына күмәнсіз көз жеткіздік. Мен әр елде сан түрлі биік деңгейлі іс-шаралардың ортасында болып жүрмін. Алайда, бүгінгідей әсерге ешқашан бөленбегенім анық. Жомарт пейілді қазақтардың жөн-жосығы бөлек салт-дәстүрлерімен терең танысқаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Осынау кең дала төсінде ұйымдастырылатын осындай мерекелердің қай-қайсы болса да ұлттық нақышымен, ерекше талғампаздығымен тамсандыратынына көзім жетті. Шексіз ризамын, – дейді «Саят» туристік операторының директоры, Қазақстанның туристік операторлары қауымдастығының президенті Инна Рей.
Ұлт ұясы атанған Ұлытау өңірдегі мына іс-шара шын мәнінде қазақ деген ғажап ұлттың баласы болғаның үшін көңіліңе мақтаныш сезімін ұялатар ұлы мейрам еді. Біз де бабалардың баға жетпес бай дәстүрлерін жаңғыртып жатқан ұлағатты ұрпақтарға ұлы мұрат жолындағы осындай ұйытқы істері ұзағынан болғай деп тіледік.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы