• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Парламент 18 Шілде, 2017

Сайлаушылармен кездесу өткізуде

383 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаттары Е.Мұқаев пен Н.Төреғалиев Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүр, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаторлар Зеленов ауданы Павлов ауылындағы су құбыры құрылысы мен медициналық пункттің толық жөндеуден өткізу барысымен танысты. Сондай-ақ, депутаттар Махамбет ауылында орналасқан «Алтын болашақ», «Шұнайбеков», «Шканов» шаруа қожалықтарының ұжымымен кездесті.

 Бұдан бөлек, сенаторлар Теректі ауданына барып, Подстепное, Новопавловка, Ақсуат ауылдарында құрылыс объектілерін, шаруа қожалықтарын аралады.

Жергілікті халықтың алдында сөз сөйлеген Ерболат Мұқаев ауыл тұрғындарын Президент Н.Назарбаевтың ауыл шаруашылығын Қазақстан экономикасының драйверлерінің біріне айналдыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру үшін жұмыла еңбектенуге шақырды.

 Кездесуге қатысушылар парламентшілермен аграрлық саланы дамытудағы аймақтың түйткілді мәселелерін талқылады. Депутаттар тұрғындарды жұмыспен қамтудың, сондай-ақ, ауылдықтарға еңбегіне лайықты ақы төлеудің  маңыздылығын атап өтті.

* * *

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясы жетекшісінің орынбасары, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде сайлаушылармен кездесу өткізуде.

Екі күннің ішінде депутат Аягөз ауданының Тарбағатай, Ақшы, Қарағаш, Сарыарқа, Баршатас, Қосағаш, Мәдениет, Айғыз ауылдарында кездесу өткізді. Кездесуде депутат сайлаушыларға Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауының нақты бағыттары, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері және Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы туралы айтып берді.

 Сайлаушылар өз кезегінде ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамыту, микронесиелеу, ауыз сумен қамтамасыз ету, көлік жолдарын жөндеу, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері, медициналық қызметтер көрсету сапасын жақсарту, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, білім саласын жақсарту, интернет желісі, әлеуметтік нысандарды құру және басқа да мәселелерді көтерді.

Сондай-ақ, кездесу барысында Н.Сабильянов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

* * *  

Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлерімен кездесті.

Депутат алдымен өңірлік қолбасшылық басқармасы мен 5517-әскери бөлімінің штабында, жауынгерлік даңқ музейінде болды. Содан кейін «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев мәжілісменді әскери бөлімнің оқу үдерісімен, күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстырды.

А.Тасболатов әскери қызметшілерге еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағдарламасының негізгі бағыттары, заң шығарушылық қызмет барысында атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді. Соның ішінде қазір Мәжілісте қаралып жатқан әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй тұжырымдамасы туралы да айтылды.

– Қазіргі таңда Ұлттық ұлан жауынгерлері нақты міндетті орындауда. Олар күн сайын, ауа райына қарамастан, қолына қару ұстап, ел тыныштығын, маңызды нысандарды күзетуде. Бұл оқу-жаттығу емес, сондықтан әскери қызметшілер барлық байланыс және көлік құралдарымен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекет басшысы тарапынан Ұлттық ұланға ұдайы көңіл бөлініп келеді. Бейбіт күн күзетінде тұрған әскери қызметшілердің әлеуметтік жағынан қорғалуын да естен шығармау керек, – деді А.Тасболатов.

* * *

Ақтөбеге келіп, Әйтеке би, Хромтау аудандары мен бірнеше ауылды аралаған Парламент Мәжілісінің депутаттары Глеб Щегельский, Құралай Қаракен, Асылбек Смағұлов Ақтөбе – Ор бағытындағы тас жолдың құрылысымен танысты.

Екі жылға жоспарланған құрылыс жұмысы 2018 жылы аяқталады. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

«8 шақырымдық жол құрылысы жұмыстарына 100-ден астам адам жұмылдырылған. «Нұр Отан» партиясы фракциясының комиссиясы тоқсан сайын құрылыс жұмыстарын қарап, қаржының тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылайды», – деді Мәжіліс депутаты Глеб Щегелский.

«Жол құрылысы уақтылы жүріп жатыр. Қиыршық тас, құм, балласт секілді құрылыс материалдарының бәрі жергілікті жерден алынды. Жолдың 6,5 шақырымы биыл пайдалануға беріледі», – деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев.

Мәжіліс депутаттары өңірге сапары кезінде «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан мектеп құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарымен сөйлесті.

«Егемен-ақпарат»