Қазақстандағы бизнестің дамуына жасалып жатқан қолайлы жағдай шетел инвесторларын елімізде жоғары теxнологиялық заманауи кәсіпорындардың құрылысына қаржы құюға деген қызығушылығын оятуда. Соның бір дәлелі – «Seven Refractories Asia» зауытының іске қосылуы. Инвестицияның жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрап отыр. Айтулы жобаның ашылу салтанатына аймақ басшысы Ерлан Қошанов арнайы қатысты.
– Бұл зауыттың ашылуы – Елбасы тапсырмалары орындалуының тағы бір көрінісі. Материалдың бұл түрін өндіретін зауыттың Қазақстанда баламасы жоқ. Сондықтан, еліміздегі жүйе құраушы «Қазақмыс», «АрселорМиттал Теміртау», «Казцинк» сынды ірі кәсіпорындардың отқа төзімді материалдарға деген сұранысы өте жоғары. Бұған дейін аталған кәсіпорындар бұл материалдарды шетелден сатып алып келсе, енді, Қарағандыда орналасқан зауыттан алатын болады. Өз кезегімде, бұл зауыттың бой көтеруіне бірден-бір себеп болған «Seven Refractories Asia» зауытының президенті Эрик Зобецке алғысымды білдіргім келеді, – деді Ерлан Қошанов.
Сөйтіп, шара барысында «Seven Refractories Asia» компаниясы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-пен және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-мен отқа төзімді материалдармен қамтамасыз ету бойынша бірлесе жұмыс жасау туралы меморандумға қол қойды.
Жылына 45 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы «Seven Refractories Asia» зауытының құрылысы 2015 жылы басталды. Өнім негізінен қара, түрлі-түсті металлургия, цемент өндіру, мұнай және мұнай-газ өнеркәсіптерінде қолданылады. Ал, зауыттың Қарағандыда ірге қалауының себебі – мұнда ірі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ орналасқан және Ресейдегі зауыттардан да қашық емес. Ең бастысы, отқа төзімді материалдарды өндіруге қажетті шикізат көздері бар Қытай елінен алшақ та емеспіз, – деді «Seven Refractories Asia» ЖШС-нің бас директоры Максим Глазунов.
Жаңа зауыт Словенияда жасалған заманауи құралдармен жабдықталған. Қазіргі таңда кәсіпорында 51 жұмыс орны ашылған, алдағы уақытта қызметкерлер саны ұлғайтылады. Зауыт өнімі әлемдік стандарттарға сай.
Кәсіпорынның ашылу салтанатында зауыттың бас директоры және «Қазақмыс» пен «АрселорМиттал Теміртау» компаниялары өкілдері арасында меморандумға қол қойылды.
Жалпы, «Seven Refractories» холдингінің 30 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар және ол заманауи отқа шыдамды материалдар кең спектрін шығарады. Компанияның халықаралық бөлімшелері Словения, Германия, Австрия, Италия, Украина, Ресей және Қазақстанда ашылған.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы