• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
18 Шілде, 2017

Сыбайластық сырқат емес, індет

212 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан табылуын бас­ты меже етіп белгілегені баршаға аян. Соған сәйкес, елімізде көптеген ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Экономикалық жағдай жақсарып, халықтың тұрмыс деңгейі артты. Дүние жүзінің назарын аударған небір халықаралық шаралар өткізілуде. Олардың бәрін тізбелемесек те, бір ғана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін айтудың өзі-ақ үлкен мақтаныш екені рас. Алайда, осындай игі істерді атқаруда етектен тартатын кемшіліктер де кездеседі.

Азаматтар тұрмысының сапасын озық мемлекеттердегі деңгейге жеткізуді көздейтін мақсатты жолдағы басты кедергінің бірі – сыбайлас жемқорлық. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізуді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде атап көрсетті. Осы орайда мемлекет тарапынан жемқорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың біртіндеп іске асырылып жатқаны да бар.

Әрине, сыбайлас жемқорлық әлем­нің барлық елдерінде, оның ішінде дамыған мемлекеттерде де орын алып жатады. Десек те, бұл індет эконо­ми­каның бәсекеге қабілеттілігін барын­ша тежейтіні белгілі. Сондай-ақ, елдің халықаралық беделіне нұқсан кел­тіретіні мәлім. Бұлардың ішінде ең сорақысы, азаматтардың билікке деген сенімін төмендетіп, сол арқылы мемлекетке қауіп төндіреді.

Міне, осы орайда қай мәселеде болсын, ең алдымен, қарапайым халықтың мүддесін ойлау керек. Ал халықтың жанына бататыны күнделікті өмірде белең алып отырған, яғни халық жиі кезігетін – жемқорлық. Сондықтан, ең бірінші кезекте адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлық түрі еш кедергісіз жүзеге асуын қам­та­ма­сыз ету қажет деп ойлаймыз. Неге десеңіз, қазір байқасаңыз, әлемнің ең да­мыған отыз елінің өзгелерден басты айыр­машылығы күнделікті қарым-қатынастардан туындайтын тұрмыстық жемқорлықты жойып, халықтың өмір сүруіне қолайлы орта туғызғандығында екен. Елбасының Қазақстанды барынша дамыған елдердің қатарына қосу жөніндегі сөзінің мән-маңызы да осында жатыр.

 Ал біле білсек, елдегі жемқорлықты жою барысында қолданылатын шаралар аз емес. Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген 2025 жылға дейінгі мерзімге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегия жобасы бар. Бұл стратегияда сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер әбден зерттелген. Және мұндай кеселмен халық болып күресу қажеттігі зерделенген. Соның ішінде сарапшылар пікіріне сүйенсек, сыбайлас жемқорлықты тек құқық қорғау органдарының күшімен жеңу де, тежеу де мүмкін еместігі ашық айтылады. Сондықтан, ол індетпен күреске барлық халық араласуы тиіс.

Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа деген әрбір азаматтың жеке көзқарасы қалыптасуы қажет. Егер осы кеселмен күресте әрбір азамат өзіндік азаматтық ұстанымын көрсете білсе, онда сыбайлас жемқорлықты тежеу оңайырақ болмақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Үкімет қолға алып жатқан шараларға әркім өз үлесін қоса алса, адамдардың өзіне тиімді. Өйткені, әкімшілік кедергілерді жойып, билік ісіне халықтың өзі баға бере алатындай дәрежеге жету тек көпшіліктің жұдырықтай жұмылуымен жүзеге аспақ.

Жоғарыда айтылған, Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының 5-тармағында, осы стратегияны іске асыру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган басты орган болып табылатындығы айтылған. Ал аталған стратегияны орындауға барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен мекемелер, компаниялар, саяси партиялар және басқа да қоғамдық бірлестіктер, тұтастай алғанда, азаматтық қоғам қатысатындығы сөзсіз.

Демек, «Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл туралы» Заңда қара­с­ты­рылғандай, сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-шаралар жүйесінің не­гізі, әрине, алдымен халықтың өмі­рін жақсартуды көздейтін шаралар мен мем­лекеттік қызмет көрсету сала­сын­дағ­ы сыбайлас жемқорлыққа қар­сы ымырасыз іс-қимыл болып табы­лады. Ен­деше, әл-ауқатымызды, тұр­мы­сы­мызды, жай-күйімізді жақсарту үшін қолға алынған оң істерді етектен тартатын кемшіліктермен күресте еш ымыра болмауы керек.

Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»