• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2017

Елімізде жарты жыл ішінде 48 мыңға жуық баспана пайдалануға берілді

174 рет
көрсетілді

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарты жылдың ішінде атқарылған жұмыстар жайында баяндап берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Республика бойынша алты айдың ішінде 47 738 баспана пайдалануға берілді. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жағынан Астана мен Алматы қалалары оқ бойы озық келеді. Астанада 1,5 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, Алматы 928 мың шаршы метр тұрғын үй салды. Бұдан бөлек, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарын атап өткен жөн», дейді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің сөзіне қарағанда, басқа аймақтарда да тұрғын үй құрылысының жандануы байқалады. Алайда, Алматы мен Павлодар облыстарында баспананы пайдалануға беру жұмысы артта қалған. 

«Қазіргі кезде салынып жатқан құрылыс нысандарын уақытында тапсыру үшін аймақтарға 33 млрд 800 млн теңге аударылды. Соның 29 млрд 300 млн теңгесі игерілді. Жалпы, республика бойынша 3 633 шақырым инженерлік желілерде тарту жоспарланып отыр. Әкімдіктердің қазіргі мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін 1 436 шақырым желі тартылды», деп атап көрсетті министр Қасымбек.

Айта кеткен жөн, тұрғын үй салу үшін жарық, су және тағы басқа инженерлік желілер болуы шарт. Бүгінде сол желілерді салу жағынан Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстары баяу жұмыс жасап келеді.