• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2017

Әскери-теңіз флоты тағы бір катермен толықты

536 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының әскери-теңіз флоты бүгін, 18 шілде күні тағы бір әскери катермен толықты. FC-19 жобасы бойынша құрастырылған кезекті жағалау күзеті катері Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тапсырысы бойынша жасалған. Борт нөмірі 514.

«Катердің судағы сыйымдылығы 27 тонна, мұның ерекшелігі – өте жүрдектігінде. Жаңа катердің жылдамдығы 50 узелға дейін жетеді, бұл шамамен сағатына 100 шақырым ала алады деген сөз. Біздің зауытта осы сыныпты катерлердің бесіншісі Каспий теңізіне аттанғалы отыр. Алдыңғыларынан бір өзгешелігі – катердің корпусы жаңартылған», дейді Орал қаласындағы «Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиев.

FC-19 жобасы бойынша оралдық алғашқы катердің үлгісі 2009 жылы жасалып, тапсырылған еді. Еліміздің судағы мемлекеттік шекарасын қорғауға, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде заңсыз балық аулауға, контрабандалық операцияларға арналған бұл күзет катерлері жүрдектігімен әрі кілт бұрылысты қимылға икемділігімен танылған. Катерге заманауи байланыс және бағдар құралдары орнатылған. 5 баллдық теңіз дауылына шыдас беріп, базаға аман-есен оралады дейді мамандар.

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі бастығының орынбасары Серік Қалдыбаев бұл катерлердің шекаралық аймақта заңсыз балық аулайтын браконьерлерге қарсы күресте таптырмас көлік екендігін айтады.

Катер зауытта бір жылдан аса уақыт жасалған. Жақын күндері сынақ басталмақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ