• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Білім 19 Шілде, 2017

«Жас Өркен» бағдарламасының алғашқы кезеңінен 222 үміткер өтті

467 рет
көрсетілді

«Самұрық-Қазына» қоры «Самұрық-Қазына» Корпоративтік Университетімен бірлесе отырып «Жас Өркен» тағылымдама бағдарламасына байқау жариялаған болатын. Бағдарламаға қатысуға өтініш беру 3 сәуірден 3 шілдеге дейін жалғасты. Байқауды ұйымдастырушылар бағдарламаны таныстыру мақсатында Қазақстан бойынша 30 дан астам  ЖОО-да кездесулер өткізді.

Үш айға созылған іріктеу кезеңінде 50 оқу орнының түлектерінен жүздеген өтініш түсті. Оның ішінде Астана, Алматы және Қарағанды облыстары ерекше белсенділік танытты. 

Алғашқы кезеңде байқауға қатысушылар үш тапсырма орындаулары керек болды:  уәждемелік эссе жазу (жоғары балл 10) және үміткердің талдап, сараптау машығын, басымдылық беретін мәселелерді анықтай білу және тез шешім қабылдай алу қабілетін анықтауға арналған, әрқайсы 5 балдан бағаланатын екі тапсырма.

Алған бағалар негізінде 222 қатысушы келесі кезеңге жолдама алды.

«Біз түлектер тарапынан туындаған үлкен қызығушылыққа қуаныштымыз. «Жас Өркен» тағылымдама бағдарламасы жас түлектің табысты қызметке қол жеткізуіне оң әсерін тигізеріне сенімдімін. Сонымен қатар, іріктеу кезеңінің толығымен ашық әрі әділ өткенін, барлық қатысушыларға тең жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Уәждемелік эссе автордың жеке қасиеттері мен жетістіктері, тақырыпты түсінуі мен аша білуі, дәйектерінің салмақтылығы, жалпы логикасы мен ойын жеткізу жүйесі және әрине, мәтіннің кәсіби тұрғыда жазылуы сияқты т.б сипаттамаларға сәйкес бағаланды» деп атап өтті «Самұрық-Қазына» Корпоративті Университетінің директоры Гүлмира Раисова.

Байқаудың келесі кезеңі шілденің екінші жартысында басталады. Екінші кезең байқауға қатысушының әлеуетін анықтайтын тест түрлерінен тұрады. Үшінші кезең Астанада, «Самұрық-Қазына» Корпоративті Университетінде  өтеді. Үміткерлер ынтасын және іске ыңғайын, қарым-қабілетін анықтайтын сұхбатқа қатысады.

Әр кезеңнен өткен үміткерлердің тізімдері https://www.skcu.kz/zhasorken/  сайтында жарияланып отырады, сонымен қатар, әрқайсына өтініштерінде көрсеткен электронды почталары арқылы хат жолданады.

Еске сала кетейік, барлық кезеңнен өткен 20 үміткер жеңімпаз атанып, «Самұрық-Қазына» Корпоративті Университетінде дәріс алады, сосын Қазақстанның ұлттық компанияларына тағылымдамаға жіберіледі. Бағдарлама 2 жылға жоспарланған. Бұл уақыт ішінде тәлімгерлерге стипендия мен тағылымдамадан өтуге барған аймаққа жол-пұлы, жатын-орны шығындары өтеледі.