• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Шілде, 2017

Қиырдағы қазақтар туралы деректі фильмдер түсіріледі

544 рет
көрсетілді

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен алыс-жақын шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың өмір-тарихымен таныстыратын «Қиырдағы қазақтар» атты сегіз сериялы деректі фильм түсіру ісінің қолға алынуына байланысты баспасөз жиыны өтті.

Осынау ауқымды шараның көздеген мақсаты жайлы көпшілікті хабардар еткен министрдің айтуына қарағанда, бұл жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қолға алынып отыр. Себебі, Қазақстан қазіргі таңда әлем бойынша сырттағы қандастарын атажұртына тартушы азғана елдердің бірі. Екіншіден, жуықта өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы: «Сырттағы елім деген қазаққа – Қазақстанның есігі әрқашан ашық» - деп атап өткеніндей, министрлік осы тапсырманы ойдағыдай орындау үшін және сырттағы ағайынның өмірін атажұрттағы тұрғындарға кеңірек таныстыру мақсатында осы жобаны қолға алып отыр. Бұның сыртында алыс-жақын шетелдердегі қазақтардың Отанына оралуына бұл фильм жол сілтеуші бағыт болады деген үміт те жоқ емес...

Жобаны іске асыратын құрылым – «Қазконтент» АҚ-на қарасты «Қазақстан тарихы» интернет ұжымы. Жоба жетекшісі Олжас Беркінбаевтың таныстырған жоспарына қарағанда, фильмнің әр сериясы 40 минуттан тұрады. Ұласпалы туындыда – әуелі, шетелдегі қазақтардың тарихы, өмірі, этно тұрмысы мен мәдениетін толық қамту көзделіп отыр. Фильм қазақ тілінде жасалып, толық монтаждалған соң орыс, ағылшын тілдеріне аударылады. Жұмыс барысында қазақтар өмір сүріп жатқан елдің архивтік құжаттарымен де танысып, оны фильм барысында пайдалану, әрі шеттегі танымал қайраткер тұлғалар жайлы жеке-жеке сюжеттер дайындау ісі қолға алынбақ.  Жұмыс барысында кейбір маңызды сюжеттерді интернет арқылы тікелей халыққа жолдап отыру жайы да қарастырылған. Бұл туынды алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне дейін толық аяқталады деп күтілуде.  

Түсірілім тобы жұмысын – Ресейдегі қазақтар шоғыр қоныстанған Астрахань, Омбы, Орынбор, Қорған қалаларынан бастап, Түрікменстанның – Түрікменбашы, Ташауыз, Ашхабад, Чарджоу өңірлерін қамтып, Өзбекстан елінің –  Бостандық ауданы, Ташкент, Шыршық, Ғазалкентінде аялдап, ары қарай Тәжікстан жеріндегі – Душанбе, Соғды, Таулы Бадахшан, Хатлон өлкелерінде жалғастырады. Одан кейін ШҰАР-ға қарасты Үрімші, Құмыл, Қарамай, Баркөл, Шәуешек, Құлжа, Мори сияқты аймақ-аудандарды аралап, Моңғолияға өтеді. Келесі кезекте Иран Республикасының Горган, Бендер-Түрікмен, Тегеран, Мешхед қалалары мен Ауғанстан жеріндегі Кабул, Құндыз провинцияларында түсірілім жұмысын жүргізеді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»