Ұлттық мереке орталық алаңдағы сахналық шарадан басталды. Онда Қазақстанның Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров екі мемлекеттің тығыз экономикалық және достық қарым-қатынастарының арқасында елімізде Оңтүстік Кореяның 400-ге жуық компаниясымен бірлескен 40-қа жуық жобаның іске асып жатқанын атап өтті. Қазақстанда көп жылдардан бері «KIA» және «Hyundai» сияқты Корея компанияларының өнімдері үлкен сұранысқа ие. «Қазақстанда 100 мыңнан аса этникалық корейлер тұрады. Сондықтан, екі ұлт арасындағы қалыптасқан бауырмалдық мен достық қасиет тарихтан келе жатқан құбылыс деуге болады. Қазақстан Кореяның тәжірибесін белсенді түрде қолданып келеді. Қазіргі таңда түрлі білім беру бағдарламаларының арқасында көптеген студенттер сапалы жоғары білім алып келуде. Бүгінгі таңда «Таңғы шық елі» әлемдегі ең энерготиімді елдердің бірі болып табылады», деді вице-министр.
Кореялық тараптан сөз сөйлеген Сауда, өндіріс және энергетика министрлігінің тұрақты комиссары Ким Енг Сам дипломатиялық қатынас арқасында инвестиция бірнеше есеге артқанын тілге тиек етті. Комиссар өз сөзінде Корея павильонын тамашалағандар саны 150 мыңнан асатынын да әңгімеледі.
«Қазақстан – Корея Республикасынан Орталық Азияға ең ауқымды инвестиция тартқан мемлекет. 1992 жылы біздің елімізден Қазақстанға салынған инвестиция көлемі 21 млн АҚШ долларын құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 3,78 млрд долларға жетті. Айта кетерлігі, соңғы уақытта Корея Республикасына саяхаттайтын қазақстандықтардың саны 30 пайызға артқан», деді Ким Енг Сам.
Ұлттық күнді мерекелеу бағдарламасының ресми бөлігінен кейін, көрмеге келушілерді кореялық танымал «B-Boy» тобының бишілері, сондай-ақ, «K-pop» және «Sorea Band» тобының қыздары қуанышқа бөледі. Сонымен қатар, сахнада корей дәстүрлі жекпе-жек өнері – таэквондодан шоу көрсетілді. Қонақтар мен журналистер үшін танымал әртіс Со Кан Джунның қатысуымен фан митинг ұйымдастырылды.
Асхат Райқұл,
"Егемен Қазақстан"
Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,
"Егемен Қазақстан"