«Арнайы сыныптар ашу – біздің стиль емес. Біз оқшаулана беретін болсақ, онда жағдайды одан әрі қиындататын боламыз. Егер қоғам мүгедек адамдар туралы пікірін өзгертетін болса, онда бізде дамыған басқа елдерден кем емес жүйе қалыптасады. Ең жақын досым мені өзімен тең дәрежеде көреді. Басқалар да сондай болғанын қалаймын.
Мені Назарбаев университетінен басқа бірде-бір жоғары оқу орны оқуға қабылдамайтындығын жақсы білемін. Сондықтан да мен «Индиго» атты маңызды жобаны жасап жатырмын. Қазір жас педагогика мамандары арасында іріктеу жүргізілуде, кейін олар тьютор болып жұмыс істейді», деді И.Мустопуло. Мұндағы тьютор – ағылшын сөзі, аударғанда тәлімгер деген мағынаны береді екен. Бұл – ерекше педагогикалық лауазым.
«Тьютор – педагогикалық білімі бар өзін-өзі оқытқан адамдар. Бізде семинарлар, тренингтер болады. Тьютор үйге келіп көмек көрсетпейді, ол балаға түсініксіз болған кезде ғана көмекке шақырылады. Сөйтіп, ол балалардың өзін дамытып, қоғамға бейімделуіне атсалысады. Мен осы жобаның жүзеге асуына бар күшімді саламын», дейді жас физик. Дарынды жеткіншек әңгімесінің арасында Кембридж университетінің профессоры, ағылшынның атақты ғалымы Стивен Хокингпен күзде кездесетіндігі жайында айтты.
Сал ауруына шалдыққан Исаак Тараз қаласындағы №13 мектепте білім алады. Бірақ, сырқатына қарамастан, 2015 жылы оқушылар арасындағы ұлттық инновациялар конкурсының арнайы сыйлығына ие болған. Содан бері Исаакты Қазақстанның түкпір-түкпірі, тіпті шенеуніктер де танып, біле бастады. Сол кезде Инвестициялар және даму министрлігін басқарған Әсет Исекешев Исаакпен танысып, онымен түскен суретін бүкіл әлеуметтік желіге таратқан болатын.
Асхат Райқұл,
"Егемен Қазақстан"
Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,
"Егемен Қазақстан"