• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 20 Шілде, 2017

Үздік идеялар елі ұлттық күнін мерекеледі

127 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 көрмесі қалашығында словакиялықтар ұлттық күнін мерекеледі. Еуроодаққа мүше, 5 млн ғана халқы бар бұл мемлекет көрме меймандарын ұлттық әндерімен, билерімен қайран қалдырды. «Словакия – үздік идеялар елі» деген ұраны бар олардың павильонында жасыл энергетика тақырыбына қатысты қызықты жобалар жетерлік. Өйткені, ол мемлекетте баламалы қуат көздері қарқынды дамып келеді. Туризм мен машина құрылысы есебінен күн көретін Словакия «жасыл технологияларға» келгенде, көп елден озық.

Словакия павильонында көпшілікті таңғалдырған дүниелердің бірі – кәдуілгі велосипед. Оның басқыштарын басып, қуат көзін өндіруге болады. «Ақылды үй» одан да керемет. Жел мен күннің арқасында қуатпен қамтылып, сумен және жарықпен жарақталады. Саяхатқа шыққанға өте ыңғайлы экокапсула 40 градус суыққа, 50 градус ыстыққа төзімді екен. бағасы 100 мың АҚШ долларын шамалайды. Қымбат болса да, аз уақытта 50 данасы саудаланып үлгерген. Демек, аз да болса, сұраныс бар. 

«Бүгінде біз энергетикалық тиімділік пен қауіпсіздікке баса назар аударып отырмыз. Словакияда табиғи ресурстар тапшы. Еуроодақтың өзі энергияны Ресей, Норвегия мен Алжир елдерінен сатып алып, ол үшін күніне 1 млн еуро жұмсайды. Біз астық, жүгері секілді биомассадан қуат көзін өндіруді қолға алып отырмыз. Бүгінде Словакияда баламалы энергияның үлесі – 14 пайыз. Ендігі міндет 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 20 пайызға жеткізу», дейді Словакия баламалы энергия қауымдастығының президенті Филип Урбан.

Словакия көрмеге ұлттық оюлармен өрнектелген тоқыма өнімдерін де қойыпты. Халқы еңбекқор, қолөнермен айналысады. Павильонда шеберлер қыш ыдыс жасап отыр. ЮНЕСКО тізіміне енген жалғыз музыкалық аспаптары – фуяраны да әкеліпті. «Фуяра – біздің ұлттық аспабымыз. Ол үйеңкіден кесіп, пішіліп жасалады. Бес жыл кептіру керек, содан кейін ғана аспап оюға жарайды. Үйде жасап, 600 еуродан сатамын» – дейді, әнші Страка Лубош.

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,

"Егемен Қазақстан"