• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 20 Шілде, 2017

Көш басында – Африка плаза

236 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өткен апта бойынша қорытындылары жарияланды. Медиа орталықтың хабарлауынша, 10-16 шілде күндері көрмеге 277 мың адам, орта есеппен күніне 39 мың адам келген.

Мамандардың мәліметінше, халықаралық шараның салтанатты ашылуынан бері көрермендердің жалпы саны шамамен 1 миллион 200 мыңды құраған. ЭКСПО-ның барлық нысандарының ке­лу­шілерін есептесек, өткен ап­та­да 8 миллион 890 мың адам па­вильондарға кіріп-шыққан. 

Танымал павильондардың қа­тарын Эфиопия, ЮАР, Мадагаскар, Кения, Сьерра-Леоне секілді 21 мемлекеттен тұратын Африка плаза бастап тұр. Айта кетерлігі, мұнда табан тіреген қонақтар африкалықтармен фотоға түсуге тырысады. Тіпті сол үшін ұзын-сонар кезектер пайда болған. Суретке түсушілердің көптігі сонша, кейбір мемлекеттер фотоға түскені үшін айыппұл салынатыны туралы хабарламалар да іліп қойған. Бірқатар елдер фотоға түсуге тыйым салса да, Ганадан келген Анкома Боатенг қазақ­стан­дықтардың өтінішін елеу­сіз қал­дырған емес. «Фотоға түсу де оңай емес екен, шаршаймыз. Дегенмен, бұл жақтағы адамдар біз сияқты қара нәсілді азаматтарды көп көрмейді. Оны да жақсы түсінеміз. Фотоға түсудің өзі адамдар арасында байланыс орнатуға себеп болады», деген ол бұрын Батыс Африканың тұрғындары да басқа адамдарға таңырқап қа­рай­тынын жеткізді. Қазіргі кезде әб­ден үйренген көрінеді. 

Аптадағы танымалдардың ті­зімін Мысыр павильоны жал­ғайды. Үшінші орында Ресей, содан кейін Түркия, Жапония павильондары бестікті толтырып тұр. Алтыншы орында Үндістан павильоны болса, реттік санмен Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Таиланд павильондары орналасқан. Ондықты Малайзия мен Германия павильондары аяқтапты. 

Медиа орталықтың хабарлау­ынша, өткен аптада көрме ау­ма­ғын­да 169 оқиға тіркелді. Олардың көп­шілігі жоғалған балаларды із­деуге, қоғамдық тәртіпті бұзуға және спиртті ішімдік ішуге байланысты болған. Ал қауіпсіздік қызметкерлері, әсіресе, балаларға абай болуды ескертеді.

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,

"Егемен Қазақстан"