Көпшілік назарын «Астана» концерт залындағы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ерекше аударды. Музейдің бөлім меңгерушісі Оксана Әлжанованың айтуынша, Астанаға 700-ден астам әр түрлі жәдігер әкелінген. Құнды дүниелер қатарында Жылой ауданындағы Аралтөбе қорғанын қазу кезінде екінші «Алтын адамның» қабірінен табылған қола қанжар мен қайрақ тас бар. Күй анасы Дина Нұрпейісованың 1954 жылы соңғы рет концертке қатысқан кезінде таққан күміс белбеуі де көрменің көркін келтіріп тұр.
– Музей жәдігерлерінің арасында қолдан жасалған домбыра бар. Бір ерекшелігі, оны дайындауға малдың сүйегі мен таза күміс пайдаланылған. Музейге оны Махамбет ауданының тұрғындары Лекеровтер отбасы табыстады. Домбыраны 1906 жылы арғы аталары өз қолымен жасаған екен, – дейді Оксана Әлжанова.
Махамбет ауданындағы Сарайшық ескі шаһарының орнына қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер айрықша назар аудартады. Мысал ретінде, XIII ғасырға жататын жылтыр қытай фарфорынан жасалған ыдысты айтуға болады. Мұндай қыш ыдыстар дәулетті адамдардың арасында үлкен сұранысқа ие болған, егер у құятын болса, ыдыс түсін өзгертеді екен.
Көне қала орнынан табылған жәдігерлер арасынан иттің ізі бар кірпішті көруге болады. Музей қызметкерінің айтуынша, ертеде үйдің іргетасына иттің ізі бедерленген кірпішті қойса, ол шаңырақ бақыт пен байлықтың ордасына айналады деп сенген.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Рақым ҚОЙЛЫБАЕВ