• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Шілде, 2017

Еліміздің жас шаңғышылары Алматыдағы сауықтыру лагерьнде бас қосты

198 рет
көрсетілді

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас шаңғышылар  бір апта бойы Алматы іргесіндегі «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніндегі жазғы спорттық-сауықтыру лагерінде болып қайтты. Онда балаларға арналған мәдени ойын-сауық іс-шаралар мен жаттығулардан тұратын қызықты бағдарламалар әзірленді.

10 шілдеден бастап Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан келген 12-16 жас шамасындағы 60 жас спортшы мен  7 жаттықтырушы  спорттық лагерьде бас қосты. Балаларға арналған жазғы сауықтыру шарасының ұйымдастырушысы «Қазақстан Республикасы Шаңғы жарысының ұлттық федерациясы» ҚБ балаларға арнап сан түрлі бағдарлама әзірледі.  Спортшы балалар бассейнде шомылып, волейболдан өзара сайысқа түсті. Нәтижесінде, Ақмола облысының командасы бірінші орынды қанжығасына байлады.  Сонымен қатар, олар атпен серуендеп, үстел теннисін ойнап шаңғы роллерлерінде  командалық жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. Еліміздің әр аймағынан келген жасөспірімдердің қуанышында шек жоқ. Себебі, осы тектес лагерь елімізде бұрын-соңды болмаған еді.

 – Қазіргі уақыттыа балалардың көбі бос уақыттарын телефонға телмірумен өткізетіні шындық. Ал, лагерьде олар бір-бірімен жақын араласып, әңгімелесіп шүйіркелеседі. Жалпы спорт лагерінде қандай да бір іспен айналысып, жарыстарға қатысқан кезде бос жүруге уақыттары болмайды.  Соңғы уақыттары ел жастарының спортқа қызығушылығы еселеп артып келеді.  Қазіргі кезде кімде-кім спортпен айналысса, ол – мәдениетті, сауатты, сыпайы әрі парасатты адам деген баға беріледі. Алғашқы күннен бастап осы қасиеттердің барлығын жас шаңғышылардың бойына сіңіруге тырыстық, –  дейді Қазақстан Шаңғы жарысы ұлттық федерациясының бас хатшысы Андрей Невзоров.

Айта кетсек, аталған лагерь Іле Алатауы жотасының беткейінен 1500 метр биіктіктегі бірегей жерде, Талғар қаласында орын тепкен. Биыл алғаш рет қолға алынған игі бастаманы ұйымдастырушылар «әр жазғы демалыста дәстүрлі түрде өткіземіз» деп отыр.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ