• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Шілде, 2017

Атырауда көше жарықтандыру жаңартылады

307 рет
көрсетілді

Атырау облысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бірегей жоба жүзеге асырылады. Атырауда көше жарықтандыру желісінің құрылысы басталады. Қаладағы 39 көше жарықдиотты қосөлшемді шамдармен жабдықталады.

МЖС механизмі бойынша жүзеге асырылатын жобаның пайдасы - жобаны жеке серіктес қаржыландыратындықтан тəуекел мемлекет пен бизнестің арасында тең бөлінеді, бюджетке салмақ азаяды.  Дəстүрлі мемлекеттік сатып алулармен салыстырғанда МЖС моделін қолдану кезінде құрылыс сапасы жоғары болады, өйткені жобаны ары қарай пайдалануға жеке серіктес жауап береді. Тағы бір артықшылығы - жеке серіктестің пайдасы ұсынған қызметінің сапасына тікелей байланысты болады.

-Тікелей келіссөздер аясында жеке серіктес қажетті жобалық құжаттардың бəрін өзі дайындайды. Бірақ аталған процестің қиындығына орай құжат дайындау үшін "Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы" АҚ кеңес беруші ретінде тартылды",- дейді аталған орталықтың сарапшысы Шынасыл Ерназар.

Қазақстанда жеке компания көше жарықтандыру құрылысы мен пайдалану ісін алғаш рет қолға алып отыр. "Батыс транзит" АҚ компаниясында мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің сəтті жүзеге асқан тəжірибесі бар. 2005 жылы мекеме Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының арасында аймақтық электр беру желісінің құрылысына қатысқан. Енді мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидасымен əлеуметтік бағыттағы жобаларда жұмысын жалғастыруды көздеп отыр.

-МЖС жобасын жүзеге асыру шеңберінде қаланың 39 көшесін жарықтандыру үшін жарықдиодты қосөлшемді шамы бар жаңа тірек құрылысы жоспарланып отыр. Жеке серіктестің қатысы қаржыландырудың 100 пайызын құрайды жəне аталған желіні құрылыс біткеннен кейін 6 жыл пайдаланады"- дейді Атырау облыстық энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жұмабай Қарағаев.  Жоба азаматтарға қолайлы орта қалыптастырып, жаңа технологияларды енгізуге, қылмысты азайтып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді.

Бұл бастама қала тұрғындарына, бизнес пен мемлекетке бірдей пайдалы. Жеке серіктес "Батыс транзит" АҚ МЖС аясында қолдау алады. Компанияға көше жарықтандыру желісінің құрылысы үшін уақытша қайтарымсыз қолдануға жер телімдері беріледі, сонымен қатар МЖС нысанын басқаруға инвестициялық, операциялық шығындарға өтемақы мен сыйақы төленеді.

Бақытгүл Бабаш,

"Егемен Қазақстан"