• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 20 Шілде, 2017

«Көзімнің қарасы» итальян тілінде шырқалды

302 рет
көрсетілді

Кеше елорда төрінде «Сан-Ремо жұлдыздары Астанада» атты Италияның эстрада əншілерінің қатысуымен думанды кеш өтті. Кеш шымылдығын ашқан Hit Italy тобы Абайдың «Көзімнің қарасы» əнін итальян тілінде шырқады.

«Арнайы қазақстандық жанкүйерлер үшін жазылған жаңа əн, қабыл алыңыздар!», деген топ əншілері Абайдың әнін нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың жүрегін жаулады. Кеште Лобертино Лоретти, аса дарынды музыкант Тото Кутуньо, 70-80 жылдары Италия, Еуропа сахналарын жаулаған Ricchi e poveri тобы өнер көрсетіп, 1980 жылдан бері əлемге танылған хит əндерді орындап, қайталанбас кантиленасымен баураған ретро әуендерді нақышына келтіре орындады.

«Сан-Ремо» италиялық музыка фестивалі – жыл сайын ақпан айында Италияның солтүстік батысында орналасқан курорттық қалада өткізілетін музыкалық байқау. Аңызға айналған музыкалық фестиваль 1951 жылдан бері талантты музыканттар мен орындаушыларды танытып келеді. Əйгілі Адриано Челентано, Клаудио Мори жəне Тото Кутуньо сынды əлемге əйгілі əншілер кезінде осы Сан-Ремодағы фестиваль сахнасынан түлеп ұшқан болатын.  Концерт «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында, Қазақстан мен Италияның дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына арналып отыр.

Ая Өміртай,

«Егемен Қазақстан»