• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Шілде, 2017

Қазақстан – Оңтүстік Корея ынтымақтастық форумы өтті

1045 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толуына орай, Астана қаласында екі ел өкілдері қатысқан ынтымақтастық форумы ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай корейлердің «тоғызыншы территорияда» өмір сүріп жатқанына 80 жыл және Қазақстан – Оңтүстік Корея дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толына орай ұйымдастырылған форум екі ел арасындағы ынтымақтастықтың белгісі екенін жеткізді. 

«Қазақстандағы корей халқы елдің дамуына елеулі үлес қосып жүр. Осы орайда, біз әлемнің әр елінен келген корей кәсіпкерлерінің Астанаға жиналғанына қуаныштымыз. Олардың Қазақстан бағдарламаларына қызығушылық танытып, әріптестік орнатуға мүдделі екеніне сенімдімін», – дейді Дархан Мыңбай. 

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін барын салатынын мәлімдеді.

«Қазақстанға елші болып келгеніме көп болған жоқ. Әйтсе де, осы үш ай ішінде Қазақстанның талай белестерді бағындырғанына көзім жетті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Оңтүстік Кореяның тәжірибесі туралы жиі айтып тұратынынан хабардармыз. Біздің елде жақында жаңа президент сайланды. Корея басшысы Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық байланысты күшейтуді мақсат етеді. Жаңа елші ретінде осы жолда бар күш-жігерімді аямаймын», – дейді Ким Дэ Сик.

Шараны «Қазақстандағы корейлер ассоциациясы» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» жобасын қолдау мақсатында, сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында ұйымдастырды. Форумға әлемнің 10-нан астам елінен корей кәсіпкерлері келді. Сонымен қатар, Қазақстан Парламенті депутаттары, Инвестиция және даму министрлігі өкілдері де шақырылды. Шет елдерден ат терлетіп келген меймандар Қазақстан тарапы ұсынған бағдарламалармен танысты. Сонымен қатар, ел бизнесмендерімен әріптестік орнату және инвестиция салу мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат алып, келіссөздер жүргізу жоспарланған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шетелден келген корей кәсіпкерлері Қазақстан нарығына қызығушылық танытып, осында жұмыс істеуге ықылас танытыпты. 

Фото: 365info.kz 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»