• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 20 Шілде, 2017

Әділбек Жақсыбеков Азияның үздік жеңілатлеттерін марапаттады

163 рет
көрсетілді

Астанада жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен Қазақстан республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты 6-9 шілде аралығында Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен болатын. Оған сарықұрлықтың 43 елінен 800-ден астам спортшы қатысқан. Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте төрт алтын, екі күміс, екі қола медаль иеленіп, Үндістан мен Қытайдан кейінгі үшінші орынға ие болды.

«Еліміздің намысын Азия чемпионатында абыроймен қорғап, жүлделі орынға ие болған барлық спортшыларға федерация басшылығының атынан алғыс білдіремін. Спортшыларымыз Азия біріншілігінен жалпы саны сегіз медальмен оралды. Ол біз үшін үлкен жетістік. «Спорт падишасы» атанған спорттың бұл түріне Елбасымыз ерекше көңіл бөліп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Алдағы жарыстарда да спортшыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп ойлаймын және бұл марапатымыздың соңы болмас деген үміттемін», дейді федерация президенті Әділбек Жақсыбеков.

100 және 200 метрге жүгіруден әйелдер арасында екі алтынға қол жеткізген Виктория Зябкина мен үш қарғып секіру сайысынан Азия чемпионы атанған Мария Овчинниковаға қаржылай бес мың АҚШ доллары, одан бөлек құрамында Светлана Голендова, Рима Кашафутдинова, Виктория Зябкина және Ольга Сафронова бар 4х100 метрге эстафеталық жүгіруден әйелдер құрамасында топ жарған әрбір атлетші қызға 400 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Сонымен қатар, 100 метрде күміс, 200 метрде қола медальға ие болған Ольга Сафронова 4,500, үш қарғып секіруден күміс жүлдегер Ирина Эктова 3 мың және ерлер арасынан ядро лақтырудан қола медалді иеленген Иван Иванов 1,500 АҚШ долларымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде Қазақстан республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық құраманың бапкерлер құрамын алғыс айтып, Президенттің жеңіл атлетика спортына баса назар аударып жатқанын айтты. «Ең бірінші бапкерлер құрамының табанды еңбегі мен жеткен жетістіктері үшін алғысымды білдіргім келеді. Елбасы «Спорт және дене шынықтыру» заңына қол қойған кезде бұқаралық спорт пен жеңіл атлетикаға көңіл бөлуді бірінші орынға қою керек деп айтқан болатын».

Үндістанда өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионатына алғаш рет қатысып, үш қарғып секіруден чемпион атанған 18 жастағы қарағандылық спортшы Мария Овчинниковадан мамандар жас спортшының болашағынан үлкен үміт күтіп отыр. Сондай-ақ, Мария Лондонда өтетін әлем чемпионатына жолдама алған болатын.

– Азия чемпионатында бәсекелестік өте жоғары болды. Дегенмен, әріптесім Ирина Эктова екеуміз алтын мен күміс жүлдені бөліп алғанымызға  қуаныштымын. Алда Лондонда өтетін әлем чемпионаты бар. Мықтылардың бас қосатын додада аянып қалмаймын, - дейді Мария Овчинникова.

Марапаттау рәсімінің соңында Әділбек Жақсыбеков барлық спортшы мен бапкерлерге алдағы жарыстарға сәттілік тіледі. Алдағы уақытта жеңіл атлеттеріміз Лондонда өтетін әлем чемпионатына, Тайпейде өтетін Жазғы Универсиада мен Ашхабадта өтетін жабық алаңдағы Азия чемпионатына қатысады.

 

Әли БИТӨРЕ

«Егемен Қазақстан»