• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Шілде, 2017

Жамбыл облысында мәрмәр ұнтағын өндіретін зауыт ашылды

331 рет
көрсетілді

Бүгін Талас ауданы Қаратау қаласында орналасқан «Қаратау ПРО»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәрмәр ұнтағын өндіретін кәсіпорыны ашылды. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Талас ауданына арнайы барып, зауыттың ашылу рәсіміне қатысты.

 – Елбасы «Қазақстан 2050 жылға қарай өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс» деген үлкен жауапты міндет жүктеген болатын. Сондықтан, бүгінде экономикамызды индустрияландыру мәселесіне баса назар аударылуда. Бүгінгі күн Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық өміріндегі айтулы күн. Өйткені, ауданда жаңа инвестициялық жоба іске қосылып отыр, – деді әкім.

Жоба 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Аталмыш жобаның құны 1946,0 миллион теңгені құрайды. Жобаның жылдық  қуаттылығы 110 мың тонна.  Қазіргі таңда зауытта  68 жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Бүгінде зауытқа итальяндық құрал-жабдықтар орнатылып, карьер толықтай геологиялық зерттеуден өткізілген. Зауыт ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларына 14357,0 тонна мәрмәр ұнтағын және 511,0 тонна мәрмәр үгіндісін өндіріп, жалпы өнім көлемі 105,5 миллион теңгені құраған.

Айта кетейік, 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ағымдағы жылы облыста құны 15,4 миллиард теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы жобалар аясында келешекте 1400 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы