• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2017

Атырауда бас мейіргерлер мектебі ашылды

330 рет
көрсетілді

Атырау облысындағы 36 медицина мекемесінің аға мейірбикелері менеджмент бойынша біліктілік курсынан өтті. Оларға Ресейдің Самара мемлекеттік медициналық университетінің мейіргерлерге білім беру институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Л.Карасева дәріс оқыды.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Қарлығаш Садықова да тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі медицинаның қағидалары жайында айтты. Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы аясында мейіргерлер ісі қызметіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде орта буын медицина қызметкерлері сұранысқа ие мамандар қатарында. Оларды даярлау жүйесі де жетілдірілді. Атырау медицина колледжінің директоры Лаура Құбаева Самара мемлекеттік медициналық университеті мен колледж арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айтады. Халықаралық деңгейге бағытталған мейіргер ісі қызметін дамыту бойынша білім ордасында нақты шаралар жүзеге асырыла бастады. Атырау медицина колледжі 2019 жылы Жоғары медициналық колледж болады. Соған байланысты колледж оқытушыларының біліктілігін көтеру мәселесі назар аудартып отыр.

«Аймақта мейірбике ісі мамандығы бойынша магистр маман жоқ, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева. – Сондықтан өңірдегі мейірбикелер арасынан ағылшын тілін жетік білетін үш маман Польшаға тәжірибеден өтуге жіберіледі, тағы үш маманды магистратурада оқытуды жоспарлап отырмыз. Орта буын медицина қызметкерлері бар білгендерімен шектеліп қалмай, заманға сай ізденулері, тіл үйреніп, жаңа технологияларды қолдануы керек. Ол үшін Атырау облысында барлық жағдай жасалған».

Аймақтағы орта буын медицина қызметкерлері үшін жаңадан ашылған «Бас мейіргерлер мектебінің» маңызы зор болмақ. Мейіргерлік көмектің жоғары кәсіби деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүргізетін мектеп түрлі семинарлар мен шаралар ұйымдастыру, мамандарды басқа өңірлерге, шетелдерге тәжірибеден өтуге жіберу сынды қызметтерді де атқарады.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ