Әдемі әрі велосипедтерін жарық шамдармен безендірген қатысушылар велошеруді бастамас бұрын би билеп, өздеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Артынша, мәреге келген әуесқойлар арасында көптеген бағалы сыйлықтар ойнатылды. Ал ең басты сыйлық - велосипедті Нона есімді алматылық тұрғын жеңіп алды.
- Мен өте қуаныштымын. Түнгі велошеруге алғаш рет қатысып, осындай бағалы сыйлық ұтып алдым. Өзімнің жолдасыма осы спортқа деген қызығушылығымды арттырғаны үшін алғыс айтамын. Сонымен қатар, ұйымдастырушыларға да рахмет айтқым келеді, себебі біз үшін арнайы жолдарды жауып, халықты салауатты өмір салтына шақыруда. Алдағы уақытта да велошерулерге міндетті түрде қатысатын боламыз, деді Нона.
Айта кетер жайт, биыл екінші рет өткен түнгі велошеру «Спорттық Алматы» бұқаралық спортты дамытуға арналған бағдарлама аясында ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта, ұйымдастырушылар 8 велошеру өткізуді жоспарлауда.