– Қазақстанның дамып, өсіп-өркендеп келе жатқаны Елбасы Жолдауында жан-жақты айтылды. Әлеуметтану – қоғамның даму заңдылықтарын жан-жақты қамтитын ғылым. Бірақ, осы сала Қазақстанда қарқынды дамыды деп айта қою қиын. Өйткені, елімізде кәсіби әлеуметтанушылар аз. Керек десеңіз, «Әлеуметтанушылардың жұмысы сауалнама жүргізу» деп түсінетіндер де жоқ емес.
– Рас, әлеуметтану қоғамның даму заңдылықтарын жан-жақты қамтиды, ал «Елімізде білікті әлеуметтанушылар аз» деген пікіріңізбен келіспеймін, әріптестеріміздің бұл бағыттағы еңбегін жоққа шығаруға болмас.
Әрине, қоғамдық ғылымдар ішінде әлеуметтанудың алар орны ерекше. Әлеуметтанушы мамандардың жұмысы тек сауалнама жүргізумен шектелмейді, аясы өте кең. Бізге жүктеліп отырған негізгі бір басты міндет – әлеуметтік зерттеу, яғни әлеуметтік көкейкесті мәселені шешуге бағытталған зерттеу. Ол үшін әлеуметтану ақпараттары жинақталады, оны өңдеп, талдау жүргізіледі. Мұның осы ғылымға тән өзіндік тәсілдері мен айрықша әдістері бар. Алдымен зерттелетін объект белгіленеді. Ол әлеуметтік топ немесе жеке мекеме, әлде ұжым болуы мүмкін. Әлеуметтанушылар жиналған алғашқы деректерді статистикалық көрсетулермен салыстырады, арнайы бағдарламаларда өңдейді, зерттеу қорытындылары бо-йынша есеп жасайды. Зерттеу тақырыбы болған көкейкесті мәселенің шешу жолдары мен шараларын, тәсілдерін ұсынады. Сондықтан әлеуметтану бойынша зерттеу жүргізудің аясы өте кең.
– Зерттеу жүргізу барысында әлемдік тренд болып отырған технологияларға басымдық берілетін шығар?
– Әрине, міндетті түрде. Елбасының Жолдауында ауқымды ақпараттар алмасу жайлы айтылуы да жайдан-жай емес. Бұл – үлкен, ауқымы кең ғылым. Бүгінде әлеуметтану ғылымында басымдық таныта бастаған әлемдік тренд – «Big Data» технологиясы. Әлеуметтанушы-ғалым, Колумбия университетінің профессоры Уоттс Дункан «Big Data» әлеуметтанушылар үшін ерекше серпін, жаңа бетбұрыс әкеледі деген еді. Сол шындыққа айналды.
– «Ауқымды мәлімет» дегеннен шығады, ол біздің қоғам үшін, қазақстандық әлеуметтанушылардың зерттеуі үшін қаншалықты маңызды дәл қазіргі сәтте?
– Бұл сауалыңызға мәліметтерді келтіре отырып жауап берейін. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын әлемдегі ақпараттың көлемі 1 зеттабайтты құраған болатын. Қазір – 4,4 зеттебайт. Ғалымдардың пікірінше, 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 44-ке дейін артады. Көлемі 10 есеге көбейеді деген сөз. Facebook-қа 20 секунд сайын 2,7 миллион сурет, әр минут сайын YouTube-ке 100 сағат бейнематериал салынады.YouTube, Facebook, ВКонтакте әлеуметтік желілерінің миллиардтаған қолданушылары бар, бір мезетте орасан ақпарат қолданыста болатынын бағамдау қиын емес.
Сонымен қатар, тұтынушылық сегментте де мәліметтердің көп көлемі жинақталуда. Бұл ақпараттар бизнес үшін де өте маңызды. Жаңа замандағы бизнес модельдерді құрастырудың негізі де осы ақпараттық кеңістік болмақ. Жылдан жылға ақпарат артып жатыр.
– Сонда «Big Data» технологиясы арқылы мәлімет жинақтаудың қайнар көзі не?
– Бейнебақылау камералары, телефон мен смартфондар, банкоматтар мен GPS трекерлері, роутерлер мен компьютерлердегі IP адрестері, статистикалық мәліметтер қоры және тағы басқа қайнар көздер бар.
– Бұл мәліметтерді жинақтап, қорытудың өзі үлкен күш емес емес пе? Және сол ақпараттардың барлығы кәдеге асады деп ойламаймын...
– Иә, оныңыз рас. Барлық мәліметтердің бар-жоғы 22 пайызы ғана пайдалы. Қалған ақпараттар, түсінікті тілмен айтқанда, «қоқыс». Тағы бір дерек айтайын, бүкіл ақпараттың тек 5 пайызы өңделеді. Қазір ақпараттарды өңдеу саласында үлкен бәсекелестік пайда болуда. Аталған тенденциялар көп көлемдегі ақпарат массивтерін өңдеу технологияларын қажет ете бастады. Бұл нарықта қазірдің өзінде үлкен сілкініс пайда болғанын атап көрсетуге болады. Оны айқын мысалы АҚШ-тағы президент сайлауы нәтижесі мен Brexit төңірегіндегі пікірталас.
– «Big Data» бойынша, «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарын қызықтыратындай қандай мәнді мәліметтер айта аласыз?
– Айтайын. Әлемдегі мәліметтер қорының 90 пайыздан астамы соңғы екі жылдың еншісінде. Қазір әр минут са-йын 204 млн электронды хат жіберіліп, 1,8 млн лайк басылады. Facebook әлеуметтік желісіне әр минут сайын 200 000 фотосурет жүктеледі, 278 000 твиттерлік сілтеме жарияланады.
Интернетте бір минутта 570 жаңа сайт пайда болады. Тіпті «Big Data» технологиясы бүгінде қылмыстық істерді ашу мақсатында да қолданыла бастады. Өйткені, басқа әдістермен салыстырғанда «Big Data» үш есе нақты болжау жасай алатын әлеуеті бар екендігін дәлелдеді. Мысалы, Facebook әлеуметтік желісіндегі 68 лайк/лүпіл қойған адамның жеке бас мәліметтері анықталады, әлеуметтік желідегі қолтаңбасы бойынша зерттеу ұлғайған сайын нәтижелері де күшейеді.
Биыл «Big Data» индустриясының құны 5 есеге – 54,3 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп жоспарлануда.
«Big Data» арқылы бірқатар қуатты елдер қоғамдық сұраныстарын қамтамасыз ете бастады Мысалы, Австралия «Big Data» жүйесін төтенше жағдайлар салдарын жою мен қатерлі жерлерді анықтауға, нұқсан көлемі мен жол жағдайын және халыққа қандай көмек көрсету қажет екенін анықтауға пайдаланады. АҚШ үкіметі «Big Data»-ны денсаулық саласында, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен білім саласында қолданысқа енгізді.
Жапония 2016 жылдан бастап «үлкен мәліметтерді» стихиялық қауіп-қатер аймағы болжанған аудандардан тұрғындарды көшіру мақсатында енгізе бастады. Көршілес Ресей «Big Data» технологиясын қоғамдық-саяси үрдістер мен сайлауалды болжам жасауда кең қолдануда. Әсіресе, Санкт-Петербургтегі Еуропалық университет профессоры Вадим Волковтың басшылығымен «Big Data» мәліметтері өнделіп, қолданыста ерекше нәтиже беруде.
«Big Data»-ны ePolice атты еуропалық жоба киберқылмысты, адамдар саудасы және наша саудасында қолдануда. «Big Data» саласында Situation-Aware Public Security Evaluation (SAPE) қытайлық платформа қауіпсіздік деңгейі бойынша видеобақылауларды қолданады. «Big Data» мәліметтерін сұрыптау бойынша технологиялар әлеуеті адамдар топтасқан орындарды назарға алып, сенімсіздік танытқан адамдардың іс-әрекеті арқылы болашақ қылмыскерлерді анықтауға болады.
T-Systems компаниясы «Big Data» саласына қатысты мәселелерді зерттеу-мен айналысуда. Қазір Батыс елдері мен АҚШ компаниялары «Big Data»-ға ақша салуға дайын. Осы саланы дамытуға үлкен ресурстар жұмсалуда. Тек Үкімет тарапынан ғана емес, бизнес өкілдері де көп көлемде қаржы салып, осы саланы игеруде.
Қазіргі таңда мемлекеттік сектор, энергия тасымалдаушылар, банк секторы, сақтандыру компаниялары осы салада көш бастап келеді. Мамандардың пікірінше, көптеген дамыған елдерде бизнестің 64 пайызы үлкен көлемдегі ақпараттарды өңдеуге дайын. Қазір «Big Data» қызметімен айналысатын компаниялар саны артып келеді. Алайда, олар шағын немесе орта компаниялар. Оның үстіне саладағы қажетті технология құны қымбат. Бірақ, алдағы 5-10 жылда операциялық кұны бірнеше есе төмендейтіні анық. Келешекте ғылым мен бизнесте, мемлекетік басқаруда «Big Data» жүйесінің орны зор болмақ.
– Қазақстанда ше?
– Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бұл бағытта «Big Data» технологиялары негізінде әлеуметтану мамандығы бойынша докторантуралық білім бағдарламасына «Bıg Data: new perspective for sociology» атты ағылшын тіліндегі таңдау пәнін енгізген болатын.
«Big Data» технологиясын 2018 жылдан кең қолдану жоспарланып отыр. Осы арқылы компаниялар болашақта алдыңғы орынға шығатыны қазірдің өзінде болжануда.
Әңгімелескен Ғалым Омархан, «Егемен Қазақстан»