Қайғылы жағдай қайталанбасын десек...
Табиғат тамылжып, жердің бауырынан құт өрген жаз мезгілінде де жан жабырқатқан жайлар кездеседі. Тылсым табиғаттың небір кереметтерінің де адамға апат әкелетін, өмірін қиятын сәттері бар. Бұл мезгілде, әсіресе, өрт пен су қаупінің күшейетіні белгілі. Тілсіз жаумен қанша күрескенмен, Жамбыл өңірінде бүгінде қайғылы жағдайлар орын алып отыр.
Өңірде биыл да жан жабырқатқан жайлар мен көңіл күрсіндірген көріністер бар. Биылдың өзінде 25 адам су айдындарына кетіп, қайтыс болған. Ең өкініштісі, олардың 14-і балалар екен. Балалардың суға кету оқиғасы Байзақ, Т.Рысқұлов, Шу және Меркі аудандарында жиі орын алған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, шомылуға тыйым салынған орындарда жергілікті атқарушы органдармен бірге судағы қауіпсіздік тақырыбына 82 ескерту белгілері мен 12 билборд орнатылған. Сондай-ақ, шомылу маусымына байланысты Тараз қаласындағы «Зербұлақ» көлі, Қаратау қаласындағы «Жартас» көлі және Жаңатас қаласындағы жағажайлар «Жедел құтқару жасағы» мекемесі құтқарушыларының қарауында екен.
Жалпы, Жамбыл облысы аумағында екі жүзге жуық су айдыны бар. Ал Талас, Шу, Аса өзендері және Ақкөл, Билікөл, Балқаш көлінің бір бөлігі, сондай-ақ, Теріс-Ащыбұлақ, Тасөткел су қоймалары су айдындарының ең ірілері болып есептеледі. Сонымен қатар, Тараз қаласы аумағынан өтетін Талас өзенінің қауіпті аймақтары да белгіленген. Тектұрмас, Қант зауыты, Гидроузел, Автобекет және Шөлдала аймақтары Талас өзенінің қауіпті арналары болып саналады. Суға түсу кезінде қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында Тараз қаласы мен Жуалы ауданында 29 қоғамдық құтқарушылардың 9 бекеті құрылған. Алайда, өзге аудандарда мұндай жұмыс жүйелі жолға қойылмаған.
Жаз келсе суға түсу көп адамдар үшін әдетке айналған. Бірақ ол жердің табиғаты қандай, адам тағдырына қауіпті ме, жоқ па, мұны көбісі ойлай бермейді. Тіпті арнайы демалыс орындарының өзінде спиртті ішімдік ішіп, суға түсіп жүргендерді кездестіруге болады.
Әкімдер жауапкершіліктен жалтармауы керек
Тілсіз жаудың тағы бір түрі – өрт. Болмашы нәрседен тұтанып, дес бермей кететін өрт, әсіресе, далалы, орманды жерлерде көп болады. Бүгінгі күнге дейін облыстың далалық алқаптарында 660 гектар жерде 57 жану оқиғасы, 11275 гектар жерде 4 орман өрті және 3 дала өрті орын алған. Орман өрті салдарынан 9 миллион 373 мың теңге, ал дала өрті салдарынан 8 миллион 370 мың теңге шығын келген. Аудандарда және ауылдарда өртке қарсы түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанымен, тілсіз жаудың қай қиырдан келіп қалатыны белгісіз.
Жуырда ғана өңірдегі Қосқұдық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің орман қорында найзағайдың әсерінен өрт болған еді. Арада шамалы уақыт өткенде өрттің көлемі ұлғайып, Мойынқұм мемлекеттік мекемесінің жеріне кірген. Тілсіз жауды ауыздықтауға 121 адам, 28 техника қатыстырылып барып, өрт әрең дегенде оқшауланған. Бірақ өрт болған күні Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нұркенов пен Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев жауапкершілікті бір-біріне сілтеген екен. Даланы өрт алып жатқанда қос әкімнің өрт салдарын өз аумақтарынан алып қашуын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та сынға алған болатын. Алайда, кейіннен өрттің басым бөлігі Мойынқұм ауданына тиесілі болғаны анықталған. Өрттің кесірінен сол Мойынқұм даласының бір байлығы болып саналатын біраз сексеуіл өртке оранған. Бұдан бөлек, Жуалы және Байзақ аудандарында да өрт болған. Аталған аудандарда орын алған өрттің қызметтік тексеру материалдары бүгінде ішкі істер органдарына жіберіліп, өртке жол бергені үшін Қосқұдық, Жуалы және Байзақ аудандарындағы тиісті мемлекеттік мекемелер директорларына қатаң сөгіс беріліпті.
Әрине, өртті ауыздықтауға да тиісті қаражат бөлініп келеді. Жұмыс күші де жеткілікті. Енді өрт шыққан жағдайда аудан басшылары оқиға басында болса, тілсіз жауды ауыздықтау шаралары тыңғылықты ұйымдастырылар еді.
Хамит Есаман,
"Егемен Қазақстан"
Жамбыл облысы