Осы мақсатта Астанамызда жыл сайын әртүрлі спорттық алаңдар салынып, тұрғындар игілігіне берілуде. Сонымен қатар, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында, жастарды спортқа баулу үшін елордада көпшілікке арналған сайыстар мен спорттық фестивальдар жиі өткізіліп тұрады. Бүгінде бас қалада ересектерге де, балаларға да спортпен шұғылдануға арналған ірілі-ұсақты 600-ден астам спорттық нысан жұмыс істеп тұр.
Соның бірі – «Астана» спорт кешені. Бұл спорт нысаны қала тұрғындарына бассейн мен жаттығу залын ұсынады. Сонымен қатар, балалар скалодром, футбол және баскетбол мен волейбол үйірмелеріне жазылып, үлкендер жағы ойын алаңдарын жалға алып, жаттығуларына болады. Спорттық секциялардан кикбоксинг, каратэ, бокс және т.б. бар. Бір айта кетерлігі, жаз маусымында «Астана» спорт кешені оқушылар секілді жазғы демалысқа шығады. Спорт кешеніне жаз мезгілінде тек үлкендер мен жалға алушылар ғана жаттығып, денесін шынықтырады.
Сонымен қатар, спорт кешенінде жаттығу мен бассейн залы бар. Балалар үшін жаттығу залына жазылу айына орта есеппен 4500 теңге болса, ересектер үшін 8500 теңге. Сонымен қатар, әр айдың соңғы күнінде зейнеткерлер мен студенттер залда тегін жаттыға алады. Жүзу бассейнінде балалар топпен жаттықса айына 13000 теңге, ал жекелей жаттықса 18000 теңге төлейді. Үлкендер үшін топпен жаттығу 18000 теңге, жекелей жаттығу үшін 20000 теңге.
Спорт кешендері үшін стандартты болып табылатын жүзу, фитнес, дзюдо, айкидо, джиу-джитсу, өзін-өзі қорғау сияқты спорт түрлерімен «Қазақстан» спорт сарайында айналысуға болады. «Арыс» бокс клубы секциялар тізімінде ерекше орын алады. Онда топтық және жеке дайындық жұмыстары жүргізіледі. Жүзу үйірмесіне бір ай қатысу үшін мектеп жасындағы балалар мен студенттерге 5000 теңге, ал үлкендерге 10 000 теңге көлемінде ақы белгіленген. Бұлшық етіңізді дамытып, денеңіздің сымбатты болуын қаласаңыз және әдемі бейнелеуші қозғалыстар үйренгіңіз келсе, фитнес студиясына жазылуға болады. Бағасы – 7 мың теңге. Балаларды би топтарына қабылдау 4, 5 жастан жүргізіледі. Би үйірмесінен шығыс, әлем халықтарының, балалар, клубтық билер, стрип пластика, BreakDance, йога, шоу балет (салтанатты кештерде билеу) биін үйрене алады. Айлық бағасы 10000 теңге шамасында. «Қазақстан» спорт кешені бүгінгі күні Астананың спорттық және қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарады. Спорт кешені 2002 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен салынғанын айта кеткен жөн.
2011 жылы пайдалануға берілген республикалық «Сарыарқа» велотрегі – велошабандоз шлемі түрінде жасалған, ерекше спорт ғимараты, әлемдегі ең үздік спорт кешендерінің бірі ретінде танылған. Велотректің ішіне жаттығу залы, трек, мұз сырғанағы, бокс, гимнастика, ойын залы және шағын футбол алаңдары кіреді. Жаттығу залына 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Ал, мектеп оқушыларына, студенттерге және зейнеткерлерге бір жолғы келуге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
«Алау» мұз айдыны Астана тұрғындары жаз мезгілінде спортпен шұғылдану үшін орталық ашқан. Мұз айдыны сарайы спорт сүйер қауымға мынадай қызмет түрлерін ұсынады: конькимен сырғанау (хоккей алаңы), роликпен сырғанау (400 метрлік конькимен жүгіру жолы), батут, үстел теннисі, бадминтон, бильярд және шағын гольф. Бір күндік толық билеттің бағасы – 1000 теңге, ал, жеңілдік билеті – 500 теңге. Сонымен қатар, 7 жасқа дейінгі балаларға, I және II топ мүгедектері, көп балалы отбасынан шыққан, кәмелетке толмаған балалар және балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне кешенге кіру тегін. Оқытушылар, студенттерге жеңілдік билеті қарастырылған.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның есігі жаз маусымында жеңіл атлетика мен футболға әуес жандарға әрдайым ашық. Кез келген қала тұрғыны жеңіл атлетика және футболмен тегін айналыса алады. Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда халықаралық стандартқа сәйкес (105х68м) табиғи көгалды футбол алаңы бар және ол 12250 орынды трибунамен жабдықталған. Футболдан басқа, стадионда 400 метрлік жүгіру жолы, ұзындыққа, биіктікке секіретін арнайы орындар бар.
«Алатау» спорт кешені қала тұрғындарына олимпиялық бассейн, жүгіру жолы, екі шағын футбол алаңы, волейбол алаңы, бірнеше жекпе-жек спорт түрлері, жаттығу залын және бірқатар би үйірмелері қызметін ұсынады.
Су спорты түрлеріне әуес жандар жүзу, суға секіру, академиялық есу, байдарка мен каноэ есу, желкенді спортқа мамандандырылған «Толқын» спорт мектебіне жазыла алады.
«Дәулет» спорт кешенінде үлкен теннистен дәрістер жүргізіледі. Бүгінде еліміздегі ең үлкен теннис орталығында балалар жекелей және топ болып жаттығады. Бұл жерде теннистің әліппесін үйретуден бастап, түрлі жарыстарға дайындап шығарады. Сондай-ақ, қала тұрғындары қалаған уақытында кортты жалға ала алады.
Міне, елорда тұрғындары спортшылар мен халық игілігі үшін салынған спорттық ғимараттарды өз игіліктері үшін осылайша пайдалана алады. Сондай-ақ, қазіргі таңда Астанадағы әр тұрғын үй кешенінің ауласында спорт алаңқайлары бар. Елордада саламатты өмір салтын ұстанамын деген жанға барлық жағдай жасалған, тек өзіңізде ынта мен жігер болсын!
Әли Битөре, «Егемен Қазақстан»