Үкімет басшысы өнеркәсіпті өңірде Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысты. Ірі кәсіпорындарды аралап, жаңғырту үдерістерінің жай-жапсарын білді.
Үкімет басшысы осы сапарда индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын аралап, кәсіпорынды жобалық қуаттылығына шығару бойынша жұмыс кестесімен танысты. «Kaz Minerals PLC» басқарма төрағасы Олег Новачуктің айтуынша, 2017 жылы жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты жыл сайын катодты эквивалентте 100 мың тонна мыс өндіре бастамақ.
– Осы жобаны іске асыру аясында 1500 жұмыс орны құрылды. Жоспарланған жұмыс орындарының көлемі болған жағдайда өнімділік Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған мыс өндіретін кәсіпорындарға қарағанда 15 есе жоғары,– дейді Олег Новачук.
Төртқұдық ауылының іргесінде орналасқан Бозшакөл мыс кен орны – әлемдегі игерілмеген ірі кен орындарының бірі. Бозшакөлдегі бағалы ілеспе өнім – 5,26 млн унция алтын (өндіріс көлемі – жылына 120 мың унция) және 57 мың тонна молибденді құрайды. Республикалық ауқымда маңызы бар жобаны кеңейту Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған технологиялық жаңғырту, жаңа технологиялар трансфері және бәсекеге өсуі арқылы еңбек өнімділігін арттыру міндеттеріне сай келеді. Премьер-Министр машина жасау зауыттарын технологиялық жаңғырту барысымен танысу үшін темір жол білігі мен дөңгелек шығаратын «R.W.S. Wheelset» ЖШС мен темір жол дөңгелектерін шығарумен айналысатын «Проммашкомплект» ЖШС-на барды.
Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр еліміздегі мұнай өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-да болды. Қазір бұл зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Шухрат Данбай жаңғыртуды аяқтағаннан кейін жоғары октанды бензин өндірісі 297 мың тоннаға ұлғаятынын, сондай-ақ халықаралық Jet A1 стандартты авиаотын өндірісі қамтамасыз етілетінін айтты.
Сапар барысында Бақытжан Сағынтаев Павлодарда өңірдің бизнес қауымдастығын толғандырған өзекті мәселелерді талқылады. «Атамекен» ҰКП Павлодардағы өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесуде әңгіме тексерістер мен талаптардың санын азайту және рұқсат пен анықтамалар беру үдерістерін оңтайландыру жөнінде өрбіді.
Осы жиында айтылғандай, өнеркәсіптік өңір үшін өзекті мәселелердің бірі – кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруы болып табылады. Жаңғырту 3.0 аясында өндіріс үдерістерін цифрландыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарын өнеркәсіптік сектордан босатуға әкеледі.
Осыған орай, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру аясында бизнес қауымдастық пен жергілікті атқарушы органдар жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыстан босатылған мамандарды қайта оқыту әрі қайта даярлау шараларын қолға алуы керек. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сөз етті.
Облыс кәсіпкерлерінің ұсыныстары мен сұрақтарына Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова түсініктеме беріп өтті.
Кездесуде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, кәсіпкерлер палатасының өңірдегі өкілдері «БОНА» ЖШС директоры Нұрлан Ережепов, Павлодар инновациялық университетінің қаржы және даму жөніндегі вице-президенті Лариса Фрезоргер, «Победа» ЖШС директоры Александр Поляков, «ТПБ Агромир» ЖШС директоры Наталья Поплавец, «Қазэнергокабель» АҚ бас директоры Олег Крук, «Талапкер» ШҚ басшысы Амангелді Бейсембинов және басқалары өз пікірлерін ортаға салды.
Үкімет басшысы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағын аралады және іске асырылып жатқан жобалармен танысты. Арнайы экономикалық аймақта химия және мұнай-химия салаларындағы өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілген. Осындағы «УПНК-ПВ» ЖШС «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ үшін мұнай коксын қыздырумен айналысады. Заманауи инновациялық технологиялармен жабдықталған кәсіпорынның өнімдерін отандық нарықпен қатар өнімді Ресей Федерациясына және Қытайға экспортқа шығару пысықталуда.
Бақытжан Сағынтаев Павлодар қаласында облыстың өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарының басшыларымен кеңес өткізді. Кеңес барысында Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясындағы технологиялық жаңғырту мәселелері ортаға салынды. Өңір басшысы Болат Бақауов Жолдаудың іске асырылуы туралы, өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, сервистік экономиканы дамыту шаралары туралы баяндады. Кеңесте кәсіпорындарды жаңғырту жоспарлары туралы «Еуразия тобы» ЖШС басқарма төрағасы Алдияр Қазтаевтың, «Kaz Minerals PLC» басқарма төрағасы Олег Новачуктің, «KSP Steel» ЖШС бас директоры Эдуард Креймердің, «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Серік Раиповтың баяндамалары тыңдалды.
Үкімет басшысы өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары басшыларының назарын әлемдік нарықтарда өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатымен өнеркәсіптік үдерістерді цифрландыру мен роботтандыру міндеттерін шешу мәселесіне аударды. Аталған мәселелер Қарағанды облысындағы көшпелі кеңес кезінде толығырақ талқыланатын болады.
Бұдан өзге, Үкімет басшысы 2 жарым мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-на да ат басын тіреді. Зауыт директоры Роман Романов кәсіпорынның толық жобалық қуаттылыққа өткенін мәлімдеді. 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істейтін электролиз зауытында жыл сайын 250 мың тоннаға дейін алюминий өндіріледі, өнім Беларусь, Украина, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Нидерланд, Болгария, Черногория, Польша және Норвегия елдеріне экспортталады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Павлодар облысында 2020 жылға дейін 1 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үйді, оның ішінде 4 909 несиелік тұрғын үй пәтері және 868 арендалық тұрғын үй пәтерін пайдалануға беру жоспарланған.
Үкімет басшысы «Сарыарқа», «Достық» шағын аудандары құрылысының бас жоспарымен танысты. 100 га-дан астам аумаққа созылып жатқан ауданда 400 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй, 4 балабақша, мектеп, емхана, әлеуметтік және мәдени-спорттық мақсаттағы басқа да нысандар пайдалануға берілмек. Облыс орталығында және өңірдің ірі өнеркәсіп орталықтары – Екібастұз және Ақсу қалаларында жеке тұрғын үй құрылысын дамыту шаралары қолданылуда. Облыста 2020 жылға дейін барлығы шамамен 437 мың шаршы метр жеке тұрғын үй салу жоспарланған.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыс орталығының инфрақұрылым нысандарын дамытумен танысты және Ертіс өзенінің үстімен өтетін көпірге барды. Орталық Азиядағы ең ірі көпір құрылысы Елбасының тапсырмасымен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынғанын атап өткен жөн. Көпір «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің маңызды бөлігі болып табылады. Жалпы ұзындығы 12,3 шақырымға тең көпірден тәулігіне 10 мың автомобильге дейін өте алады. Өткел транзиттік автомобильдер үшін шамамен 40 шақырым қашықтықты қысқартуға мүмкіндік береді.
Арнұр Асқар, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы