ЭКСПО-2017 көрмесi аясында Аргентина Республикасы ұлттық күнiн мерекеледі. Салтанатты рәсiмнің куәгерлері аргентиналық танго мен маламбо билерiн тамашалады.
Шараның ресми бөлiгiнде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, Аргентинаның тамаша табиғатын, құндылығы жоғары мәдениетiн тілге тиек етті. «Қазақстан аргентиналықтарды қайталанбас ұлттық мінезі бар халық ретінде жақсы біледі. Буэнос-Айрес – әсерлі тангоның астанасы болып саналады. Ал Марадона мен Месси сияқты футболдың майталмандарын Қазақстанның жанкүйерлері де жақсы көреді. Бүгін біз осы елдің мәдениетімен, тарихымен жақын таныса аламыз», дедi министр.
Мерекеге Аргентинадан келген қос министр – Ғылым, технологиялар және инновациялар министрі Нино Баранао мен Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пікір министрі Эрнан Ломбарди қазақтың қонақжай халық екенін ерекше атап өтіп, ЭКСПО-ның кәсіби тұрғыда үлкен дайындықпен өтіп жатқанын әңгімеледі. «Бізде де сан алуан ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олардың тілі де, діні де әралуан. Дегенмен, барлығы да татулық пен бейбітшілікте өмір сүреді. Осылайша, Аргентина да Қазақстан сияқты мультимәдениетті қоғамның болғанын қалайды. Біз үшін табиғи ресурстардан бұрын осы адамдар ресурстары қымбат болып тұр. Онсыз ешқандай мемлекет дамудың даңғыл жолына түсе алмайды», деді Э.Ломбарди.
Басқосу елдің ұлттық павильонына дейін мерекелік шерумен жалғасты. Павильонда адами ресурстарға, шығармашылық пен ойлау креативтiлiгiне көп көңiл бөлінген. Мәселен, онда адамның энергиясын сезiп, оны түрлi пiшiнде көрсететiн экран орнатылған. Инсталляциядағы суреттер адамның жылуын сезiп, соған байланысты қозғалады.
Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы – 2023 жылы өтетiн ЭКСПО көрмесiн өткiзуге үмiткерлердiң бiрi.
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрi Дәурен Абаев пен Аргентина Республикасының Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пiкiр министрi Эрнан Ломбарди ақпарат саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум аясында жаңалықтармен, деректі фильмдермен алмасып, спорт саласында ақпараттарды да жариялау жоспарланған. Бұдан бөлек, журналист мамандарды бірлесіп даярлау қарастырылған.