Жексенбі күні ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Брюссель қаласына келді. Ол мұнда Еуроодақ пен ЕҚЫҰ арасында министрлер деңгейінде сейсенбі күні болатын бірлескен отырысқа қатысады және екіжақты кездесулер өткізеді.
Жақсыбай САМРАТ — Брюссельден.
ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ
Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кірісу құрметіне арналған салтанатты қабылдау жасады, деп хабарлады Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі.
ІС БАСЫНДАҒЫ ТӨРАҒА КҮРДЕЛІ ІСТЕР ҮСТІНДЕ
Еуроодақтың штаб-пәтері Бельгияның астанасы Брюссель қаласында орналасқан. Еуропаның батыс бөлігінде жатқан осы шағын ел де әлемдік проблемалардың шешілуіне белсене қатысатын беделді мемлекеттердің бірі.
Биылғы қыс еуропалық мемлекеттерді де қысып тұр деп суыт хабарлар жиі берілгенімен, мұндағы ауа райы қай кездегісіндей қоңыржай күйінде екен. Күн райы барынша бұлтты болып, тұман басып, жаңбыр себезгілеп тұрса да ауаның температурасы плюс екі градус. Жұрт жұқа киімдерімен жалаңбас шауып жүр. Суығы соңғы уақытқа дейін 30 градустан түспей қойған Астанадан келгендерге бұл жәйт аса қызықты көрінді. Сөйтіп, Бельгия астанасы әрі Еуроодақтың орталығы ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы жаңа төрағасын жылы күн райымен қарсы алды. Осыған лайық саяси мәселелер де жылышырайлы бола ма деген үміт бар. Жалпы, оны алдағы күндер көрсетеді.
Еуроодақ ЕҚЫҰ-ның жаңа төрағасынан көп нәрсенің шешілуіне ықпал етуінен үмітті. Әсіресе, Одақтың Ресей Федерациясымен арадағы келіспеушіліктерін реттеуге атсалысып, ықпал ете ме деген ойдың көптігі айқын. Өйткені, Қазақстанды Ресейдің ең жақын әріптесі әрі дос мемлекеті екенін барлық әлем жақсы біледі. Жалпы, Еуроодақ Ресейдің Днестр жағалауы мен Грузияның аумағындағы әскери базаларының сақталғанына наразы. Әсіресе, Ресейдің Грузияның ішкі кикілжіңдеріне араласып, Абхазия мен Оңтүстік Осетияны біржақты танығанын қатты сынауда. Ал экономикалық салада еуропалық авиакомпаниялардың транссібір бағыты бойынша Ресейдің аумағынан ұшқаны үшін өтемақы алатынына қарсылық білдіруде. Әрине, айта берсе мұндай проблемалар көп.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы жаңа төрағасына деген үлкен көңіл бөлу мұнымен ғана шектелмейтіні белгілі. Еуроодақты Қазақстанның төрағалыққа кірісердегі Президент Н.Назарбаевтың Үндеуі де қатты қызықтыруда. Кеше Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев “ЕурАктив” атты беделді еуропалық жаңалықтар агенттігіне сұхбат берген еді. Онда журналистерді қазақстандық Үндеудің мазмұны мен маңызы қызықтыратыны көрініп тұрды. Өйткені осы тұрғыдағы сұрақтар көп болды.
Кеше түстен кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Еуропалық инвестициялық банктің президенті Ф.Майнштадпен да кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың перспективалы мәселелері талқыланды. Одан кейін Қанат Баймырзаұлы атақты “Интернэшнл Геральд Трибюн” газетіне де сұхбат берді. Мұнда да журналистерді Қазақстан төрағалығының бағыттары, Астана қаласына шақырылып отырған саммиттің тақырыбы туралы біршама сұрақтар қызықтыратыны көрінді.
Кеше кешке Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Еуропалық комиссияның президенті Ж.М.Баррозумен де кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастың кейбір өзекті мәселелері талқыланды.
Айта кететін жәйт, осы күндері Брюссельде Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы Тайыр Мансұров бастаған делегация Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында құрылған Кеден одағының БҰҰ шеңберінде тіркелу тұсаукесерін өткізді.
Ертең ЕҚЫҰ ның Іс басындағы төрағасы, жоғарыда айтқанымыздай, Еуроодақпен бірлескен отырысқа қатысады.
ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ
Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кірісу құрметіне арналған салтанатты қабылдау жасады, деп хабарлады Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі.
Қабылдауға АҚШ Хельсинки комиссиясының тең төрағалары, сенатор Бенджамин Кардин мен конгрессмен Элси Хастингс, АҚШ-тың ықпалды конгрессмендері Эни Фалеомаваега, Дарелл Айса, Дана Рорабахер, Роберт Адерхольт, Мэдлин Бордалло, сондай-ақ Барак Обама Әкімшілігінің, Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің, Мемлекеттік департамент пен Вице-президент офисінің өкілдері, Вашингтонда тіркелген ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің елшілері және америкалық сарапшылар мен құқық қорғаушылар қатысты.
Қазақстан Республикасы Венада 2010 жылдың 14 қаңтарында өткен Ұйым Тұрақты кеңесінің отырысында төрағалық етудің бағдарламасымен таныстырған болатын. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті тікелей эфир арқылы Үндеу жасап, Ұйымға төрағалық етудің басым бағыттарын жария еткен еді. Елбасы Үндеуінде еліміздің Ұйым аясында жүзеге асыратын ауқымды шараларды атаған-ды.
Кездесуді Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов ашып, қатысушыларды Елбасының Үндеуінде көрсетілген мәселелермен таныстырды және Қазақстан Президентінің Үндеуіне сәйкес болашақ үшін ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерді қауіпсіздікті нығайтып, ынтымақтастықты дамытуға шақырды. Сонымен қатар, елші Ұйымның ұраны болып табылатын “төрт Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) ұғымдарынан түсінік берді. АҚШ Әкімшілігін Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ саммитін өткізу бастамасына байланысты Ұйым саммитіне дайындық жұмыстарын бірлесіп жүргізуге шақырды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Роберт Блейк өзінің жауап сөзінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысындағы жоспарын ресми Вашингтон қолдағанын атап өтті. Роберт Блейктің атап өтуінше, Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көшбасшы ретінде танылды, экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асырды. Бұл Қазақстанның “Орталық Азияның экономикалық дамуының қозғалтқышы” болуына мүмкіндік берді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстан үлкен табыстарға қол жеткізіп, өздерінің мемлекеттігін нығайтып отыр. Оның ішінде демократиялық қоғамды дамыту барысында да ойдағыдай жетістіктерге жетті. Соның нәтижесінде Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы рөліне ие болды. Ал елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Қазақстанның Еуразия жүрегі ретіндегі ұстанымын одан әрі нығайта түседі.
Америкалық дипломат, сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық беделді ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын Венадан Шығысқа қарай басқарған алғашқы мемлекет екендігін де атап өтті. Осыған байланысты ол Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде өңірлік ұстанымдарды нығайту арқылы Ресей мен Оңтүстік Азияны және Батыс Еуропа мен Шығыс Азияны жалғастыратын Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртушы ел болатынына сенім білдірді.
Сөзінің қорытындысында Роберт Блэйк АҚШ пен Қазақстан ЕҚЫҰ аясында бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда, экономиканы дамытып, елдерді өркендетуде бірлесіп жұмыс істейтіндігін мәлімдеді. АҚШ Қазақстанды сенімді әріптес деп білетінін, екі ел арасында түрлі салалардағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқандығын, жаңа мыңжылдықта ЕҚЫҰ-ның тиімді жұмыс істейтіндігіне нық сенімді екендігін атады.
ҚАЗАҚСТАН БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАЙДЫ
Берн қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтың швейцариялық СІМ және ІІМ басшылығымен кездесулері өтті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Келіссөздер барысында екі елдің саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық жайы мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, сондай-ақ Швейцарияның Еуропа Одағына төрағалығы мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар, наурыз айының басына жоспарланған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Швейцарияға ресми сапарына дайындық жайы мен күн тәртібі талқыланды. Кездесуге қатысушылар алдағы сапар барысында тараптардың бірқатар маңызды келісімдерге қол қоюға дайын екендіктерін білдірді
Швейцария жағы Қазақстанды ЕҚЫҰ-ның Төрағасы лауазымына кірісуімен құттықтап, төрағалық шеңберінде Астананың барлық бастамаларын өз тараптарынан қолдайтындықтарына сендірді.
ӨЗ ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСУҒА ДА ҰМТЫЛАЙЫҚ
Виктор ЖАМУЛДИНОВ, әділет полковнигі, ҚАЖ комитетінің Павлодар облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары.
Ағымдағы жыл – қазақ тарихында алтын әріптермен жазылатын ерекше жыл. Мұндай тұжырым жасауға толық негіз бар, себебі, биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Алты Алаш төрағалық етуде. Құрамына 56 мемлекет кіретін, әлемдік беделі бар Ұйымға басшылық ету елімізге үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Осы орайда ЕҚЫҰ-ның негізгі шешімдері мен қауіпсіздікті қамту құралдарының бірі – экологиялық қауіпсіздік екенін ескерсек, Арал теңізі, “Семей полигоны” сияқты Қазақстанның ішкі өміріндегі саяси маңызы бар көптеген түйткілдердің реттелу мүмкіндігі туып отыр. Әсіресе, бұл – шекара бойын қиып өтетін теңіздер төңірегіндегі экономикалық һәм экологиялық мәселелерді мемлекетіміздің пайдасына қарай үйлестіре шешуге жол ашатын маңызды шақ.
Басты бағыттардың бірегейі ретінде белгіленген саяси-әскери өлшемдерді алып қарайтын болсақ, қауіпсіздік пен сенімділік қарым-қатынастарын құру бағыттары сан-салалы. Бұл орайда, игі бастаманың кең өріс алуына құқық қорғау органдарының қосар үлесі айрықша екені күмәнсіз.
Менің ойымша, аталмыш бағытқа сүйене отырып, Германияның Қазақстандағы жылында осы елдер арасындағы пенитенциарлық (қылмыстық) жүйеде өзара тәжірибе алмасу шараларын ұйымдастыру қажет. Мұндай қадам қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) қызметінің кемелденуіне жаңаша серпін берері анық. Бұлай пайымдау себебім, Германия – заң бұзушылық сирек кездесетін дамыған, өркениетті елдердің бірі, ал бұл сол елде қылмыстық әлемдегі иерархиялық топтың жоқтығын аңғартады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан төрағалығы кезінде ЕҚЫҰ-ның ағымдық қызметіне жетекшілік етеді. Дінаралық және ұлтаралық ымыраластықты нығайтудың тиімді тетіктерін жүйелеп, “басқа шауып, төске өрлеп” тұрған дағдарыстан шығудың ұтымды амалдарын халықаралық аренада мойындату және оны әлемдік тәжірибеге енгізу – елдің бетке ұстар тұлғаларының басты міндеті.