• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Шілде, 2017

Тегін дәрі көбейді

172 рет
көрсетілді

Елімізде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде белгілі бір ауруларға байланысты тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілер бар. Сондай дәрі-дәрмектің қатары 59-ға көбейіп отыр.

Фармацевтика саласының құны шарықтап тұрған қазіргі заманда тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілер жұртшылыққа үлкен көмек екені сөзсіз. Мысалы, ағзасын ауыстырғандар отадан кейін өмір бойы иммунитетті төмен­де­тетін дәрілер қабылдауға мәжбүр. Егер оны ішпесе, жаңадан салынған бауыр немесе бүйрек иммунитеттің шабуылына ұшы­рап, жарамсыз болып қалуы мүмкін. Ал имун­нодепрессанттардың құны өте қымбат, біреуі шамамен 40 000-60 000 теңге аралығын құрай­ды. Мұндай дәрілерді сатып ала беруді қара­пайым халықтың қалтасы көтермесі анық. Сон­дықтан Қазақстан өз азаматтарына көмек ретінде кейбір дәрілерді тегін беріп келеді. Көп­теген мемлекеттерде мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған. Жер бетінде ағзасын ауыс­ты­рып аман қалғанымен, оған қажетті дәріні ала алмай ажал құшқандар қаншама...

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі күні кеше «Тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемінің шеңберінде және мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сінде амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен  қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, оның ішінде белгілі  бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген са­нат­тарына арналған дәрілік заттардың және ма­мандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрық шығарды. Аталған бұй­рық 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді.

Министрліктің бұйрығында белгілі бір ауруды емдеуге тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізбесі бекітілген. Атап айтқанда, артериалдық гипертензия,  асқазанның ойық жарасы, тыныс демікпесі,  қатерлі ісік аурулары, туберкулез, гематологиялық аурулар, гемобластоздар, аплазиялық анемия, балалардың церебралдық сал ауруы, псиxикалық сырқаттар, АИТВ инфекциясы сынды бас-аяғы 48 ауру түріне тегін берілетін дәрілер тізбесі бар. Бұлардың қатарына жаңадан Бехтерев ауруы қосылды. Омыртқаның қимылсыз қалуымен сипатталатын созылмалы дертке шалдыққандар енді қажетті дәрілерді тегін ала алады.  

Жалпы, министрлік бекіткен дәрілердің жаңа тізбесінде тиімділігі дәлелденген 59 жаңа дәрі, 256 дәрілік зат бар екенін атап өткен ләзім. Мұндай  дәрілермен диспансерлік есепте тұрған 2 миллионнан астам адам қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер мүгедектік деңгейін, әлеуметтік маңызы бар аурулардан болатын өлім-жітімді азайтуды көздейді, дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,  «Егемен Қазақстан»