Мәскеуде ВГИК-тің (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының) бірінші курсында оқып жүрміз. Институтқа дейін «Қазақфильмнің» табалдырығын аттап үлгерген Сатыбалды Нарымбетов, Сапар Сүлейменов пен Ізтөле Ізмағанбетова, өзіміздің Ораз Рымжанов жоғарырақ курстарда оқиды. 1969 жылдың қазан айы. Жатақханаға қазақстандық студенттермен жолығуға «Қазақфильм» киностудиясының директоры Камал аға Смайылов пен көркемдік жетекшісі Шәкен аға Айманов келеді деген хабар зу ете қалды. Абыр-сабыр дайындалып, төменгі қабаттағы сабақ бөлмесіне дастарқан ұйымдастыруға кірісіп кеттік. Кімдікі екені есімде жоқ, домбыра дайындап қойдық (Шәкен аға сұрап қалса деп). Ол кезде институттың барлық курстарын қосқанда Қазақстаннан жиырмадан астам студент оқитынбыз. Осынша қауым болып қазақ киносының тағдыр-тізгінін қолына ұстаған екі ағамызды ыстық ықыласпен қарсы алдық. Камал аға кешіміздің тізгінін бірден қолға алды да, ешбір ресми сарынсыз жаймашуақ әңгімеге айналдырды. Қазақ киносының ахуалы, жаңалықтары туралы, студенттердің тезірек бітіргендерін қалайтындықтарын жасырмай айтты. Үлкен бөлменің есігі жабылмайтын, басқа республикадан оқитын достарымыз, курстастарымыз қызғанышпен сығалап, қарап кетіп жатқандарын көріп отырдық. Әрине, Шәкен ағамыздың әйгілі «Жиырма бесі» де шырқалды, қысқасы, бір тамаша, көрікті мәжіліс өзімізді мейлінше бақытты сезіндік! Керектігіңді білдіріп, әр студенттің аты-жөнін сұрап, алып жатқан мамандығының қаншалықты қажеттілігіне тоқталған әңгіме болса, қайтіп қуанбасқа, мақтанышқа бөленбеске?! Екі заңғар ағамның бірге болып, қатар жүргендерін көргенімнің алғашқысы да, соңғысы да осы еді! Бірақ сол бір кеш екеуінің бір-біріне қаншалықты ұқсас екендігін, қазақ киноөнеріне жандарының қаншалықты ашитынын менің санама өшпестей сіңіріп кетті.
Камал ағамыздың асыл мінезі мен адами қасиеттері кейінгі кездесулерде айшықтала түсті. Араласқан кісілер оның қолында (қолтығында) бір бума газет жүретінін біледі. Олар «свежий» газеттер. Сонда жылт еткен жаңалық бола қалса, аға оны қағып алып жұмысына пайдалана қоятын. Көптеген фильмдердің тақырыптары да сондай сәттерде туындайтын. Көп қырлы қаламгерлігі мен ағылта сөйлейтін шешендігі қосамжар. Біз 1971 жылы киноинститутын бітіріп келгендер (оған дейіңгілер мен кейінгілер де) Камал ағаны өзіміздің ұстазымыз деп есептейміз. Себебі Бүкілодақтық кинематография институтының табалдырығынан қазақ балалары сүрінбей өту үшін Камал Сейітжанұлы 1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясы жанынан арнайы дайындық курсын ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – қазақ үміткерлерінің киноөнері туралы түсініктері мен ұғымдарын мәскеулік, ленинградтық абитуриенттер дәрежесімен теңестіру болды. Осы мақсатты жүзеге асырушылар етіп Камал аға белгілі өнер тарихшысы Лев Варшавский мен айтып отырған институттың түлегі, кинодраматург Виталий Старковты тағайындады. Бір жылдан кейін олардың қатарына БМКИ-ді (ВГИК-ті) жаңа бітіріп келген кинодраматург Лаврентий Сон қосылды. Бұл дайындық курсы сырткөздер үшін «сценарийлер дайындайтын шеберхана» деп аталды, өйткені дайындық курсы деген құрылым құру мүмкін емес-ті.
Осы жерде айта кететін бір жай, сол жылы (1966 ж) аталмыш институттың мультипликация режиссурасын 43 жасында бітіріп «Қазақфильмге» Әмен Қайдаров келеді. Камал аға көптен күткен суретші-режиссерді құшақ жая қарсы алады, бірақ өндіріске оның алғашқы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмін құрастырмалы түсірілімдердің жаңа түрлерін игеру ізденістері деп жібереді. Неге олай?! Кеңестік жоспарлық жүйеде ауытқу деген болмайтын. Міне, киноөнерінің болашағын терең түсінген Камал аға осы екі маңызды істі «астыртын» жолдармен бастаған болатын! Қаржылық ереженің бұзылғаны 1967 жылы қазақтың алғашқы мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген фильм шыққанда ғана белгілі болды. Өнер қуанышы ревизордың дабылын естіртпеді! Биыл қазақ өнеріндегі бұл елеулі оқиғаға 50 жыл! Экранға шыға сала қанаты қатаймаған «Қарлығаш...» әлем экрандарына ұя салуға ұшты. Өмірін қазақ анимациясына бағыштаған Әмен ағамыздың атын әлемге танытты, қазақ балаларының Атасы етті. Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальдың екінші жүлдесін, Нью-Йорк халықаралық фестивалінің «Қола Праксиноскоп» деген жүлдесін жеңіп қайтты. Фильм АСИФА (Әлем аниматорлары қауымдастығы) шешімімен әлемнің «Үздік фильмдер» тізіміне енгізілді. 92 жастан асып дүние салған Әмен Қайдар ақсақал – өзінің еңбегін емес, Камал ағаның кинодағы осы ерлігін әрқашан ұмытпаңдар деп өсиет айтып кеткен еді.
Камал Смайылов «Қазақфильмге» жетекшілік еткен жылдарды «қазақ киносының алтын дәуірі» деуге болады. Біріншіден, «Қазақфильмнің» басшылық командасы үш алып адамнан тұрды: олар – капитанның өзі, жоғарыда атап өтілген көркемдік жетекші Шәкен Кенжетайұлы Айманов және киностудияның бас редакторы Олжас Омарұлы Сүлейменов! Киноөндірістің бас штабы деп есептелетін сценарлық редакциялық коллегияда Асқар Сүлейменов, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Тельман Жанұзақов, Амантай Сатаев сияқты жазушылар, Ольга Бондаренко, Лаврентий Сон сияқты білікті кинодраматургтер қызмет етті. Бұл жылдары қазақ киноөнерінің негізгі концептуалды ұлттық дәстүрлері мен бағыттары қалыптасты, қазақ киноөнерінің түрлерінің негізін қалаушы режиссерлер еңбек етті: көркемсуретті фильмдердің аталары – Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсембаев, деректі фильмдердің аталары – Ораз Әбішев, Геннадий Новожилов, Эмир Файк, т.б. және қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдар. Ал енді киностудияның көркемдік кеңесі дегеніңіз халқымыздың кемеңгерлерінің кеңесі сияқты болатын, оның төрінде Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан сияқты ұлылар отыратын. Осының бәрін ұйымдастырушы да, үйлестіруші де, бағыт-бағдарларын жасап, алға қарай ілгерілетуші де Камал ағамыз болатын.
1970 жылы Камал аға тағы бір ғажап ойын іске асырды.
Алдымен Бүкілодақтық кинематография институтының (ВГИК-тің) ректоры Грошев Александр Николаевичтің алдынан өтіп, кейін сол кездегі КСРО Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Романов Алексей Владимировичпен келісіп, Бүкілодақтық кинематография институтында арнайы қазақстандықтарға арналған киноактерлер даярлайтын курстың ашылуына себепкер болды. Қазақтың 12 қыз-жігіті оқып бітірген ол курсты атақты Чапаев рөлін орындаған Андрей Андреевич Бабочкин басқарды. Бұл мәселе туралы Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа айтады. Сөйтсе Димекең ағамыз Романовпен жақын дос екен, ол кісі бірден телефон шалып, Алексей Владимировичтен осы мәселені шешуге мүмкіндіктің бар-жоғын сұрайды. Мәселе келісіледі, тек «Камал Смайылов маған кіріп шықсын» – дейді мәскеулік кинобасшы. Кейінірек Димекең Камал Сейтжанұлының өтінішімен Романовпен тағы сөйлеседі, бұл жолы әңгіме «Атаманның ақыры» фильмінің екі сериялық нұсқасын қабылдау туралы болған екен. Бұл күндер қазақ киносының басына қара бұлт төніп келе жатқан күндер еді ғой. Фильм жақсы бағамен қабылданады... бірақ, бірнеше күннен кейін Шәкен ағамызды Мәскеу қаласында машина қағып, қазақ киносының «атаманы» мерт болды...
1971 жылдың тамыз айында алты жігіт: Бауыржан Нөгербек, Ораз Рымжанов, Серік Райбаев, Болат Омаров, Максим Смағұлов және мен Бүкілодақтық кинематография институтының дипломын «көтеріп» «Қазақфильм» киностудиясына сау ете қалдық. Максим Смағұловтан басқа бесеуміз алдында суретші, кинорежиссер, қазақ анимациялық киносының атасы Әмен Әбжанұлы Қайдардың бізбен жүргізген насихат жұмыстарының арқасында мультипликациялық бірлестік төңірегінде топтастық. Максимнің Камал ағамен достықтары ерекшелеу еді, оған, тіпті, өндірістің ортасынан «ойып» бір бөлме беріп киностудияның ішінде тұруға рұқсат етті (мәжбүр болды деген орынды шығар). Біздер шыдамдылау болдық па, әлде әдеп сақтадық па, Камал ағаның тұрғын жай мәселесі бойынша мазасын ресми түрде ғана алатын болып, пәтер жалдап жұмысқа кірісіп кеттік. Камал аға – мені мультипликация бірлестігіне директор, Бауыржанды редактор етіп Әмен ағаға көмекке жіберді. Серік, Болат, Ораз киностудияның түсіру топтарын жағалап өндіріске араласып кетті. Кадрлар тапшы кезде біздің топтың келуінің елеулі оқиға болғанын Камал аға ылғи да мақалалары мен баяндамаларында атап айтып жүрді.
Негізгі киностудияның жұмысы, әрине, киноөндірісі. Бұл жағынан Камал аға киностудияны басқарған жылдар өте нәтижелі болғаны туралы жоғарыда құлаққағыс еттік. Фильмдердің біразын атасақ, өзі де белгілі болады: «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Атамекен», «Мәншүк туралы ән», «Артымызда Москва», «Тақиялы періште», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Шоқ пен Шер», т.б.
Біз «Қазақфильмде» еңбек ете бастағанда Камал ағаны партияның Орталық Комитетіне бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметіне ауыстырды. Көп ұзамай, 1973 жылы Қазақ КСР мемлекеттік кинематография комитетіне төраға болып Камал ағамыз киноға қайта келді. Сол кезде әскерден оралған мені бірден Мемлекеттік комитет аппаратына бөлім жетекшісі етіп ауыстырды (болашақта киностудия басшылығына жіберу мақсаты бар екен). Бұл жердегі қызмет те өте қызықты болды. Коллегия мүшесі – комитеттің Бас редакторы Қалтай аға Мұхамеджановпен, белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабекпен, белгілі журналист, бүгінгі Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановпен қызметте жүрдік. Бұл кезде Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші хатшысы, комитеттің коллегия мүшесі – Әкім аға Әшімов (Тарази). Шынында, «Қазақфильм» киностудиясының мәселелерінің мемлекеттік (республикалық) деңгейіндегілері осы жерде шешіліп отырды десем қателеспеспін. Камал ағаның тұлғалық қасиеттерінің тамаша бір тұғыры – ол кісінің шексіз оптимистігінде болатын. Қалтай мен Әкім ағалардың драматургиялық шеберліктері мен Камал ағамен достық қарым-қатынастары қазақ киносын көтеруге барынша жұмылдырылғандығының куәгерлері әрі сол мәдени майданның сарбаздары болдық.
Ол кезде легионер дейтін сөз қолданыста жоқ еді ғой, бірақ қазақ кино толқынын үдетуге шақырылғандар ішінде Андрей Михалков-Кончаловский («Мәншүктің әні» фильмі сценарийінің авторы), Болат Мансұров («Құлагер») болды, тіпті қырғыз бауырларымыздың өздеріне де сүйенген күндер есте ғой: Толомуш Өкеев («Көксерек»), Болот Шамшиев («Қараш-қараш оқиғасы»). Сценарлық редакциялық коллегияға да белгілі жазушылар тартылды: Олжас ағамыз Жазушылар одағына, Әкім ағамыз Кинематографистер одағына кеткенде Әбіш Кекілбаев, кейінірек Төлен Әбдіков шақырылды. «Қазақфильм» киностудиясының басшылығын жаңарту мәселелері де оқтын-оқтын күн тәртібіне қойылып отырды, Камал аға өзі директорлықтан кеткенде Төлеухан Кенжебаев, кейін Ғабдолла Қасенов, Әзірбайжан Мәмбетов студияны басқарды. Сондай бір леп кезінде мені де Ғабдолла Қасеновке бірінші орынбасар етіп тағайындады. Бұл 1974 жыл болатын, жасым 26-ға жаңа толған! Бұл да Камал ағаның бір тәуекелшілдігінің көрінісі. «Фамилияң Тәуекел ғой, тәуекел! Барасың!» деп бұйрыққа қол қойды. Сол күннен бастап «Қазақфильм» студиясының басшылығында 17 жыл істеппін.
Камал ағаның қызметі ауысып тұрды. Бірақ киноөнермен байланысын үзбеді. Үкімет аппаратының мәдениет бөлімінде, телерадиокомитет төрағалығында, партияның Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі болғанда да. Бір ғажабы, Камал аға қандай жоғары лауазымда жүрсе де, қандай кабинетте отырса да кішіпейілділігінен, кісіге жұғыстығынан жаңылған емес. Ол кісіге орынтақта шіреніп отырып алып шешім қабылдау жат болатын. Қашанда қызметтестерімен ақылдасып, мәселені көп талқысына салып шешетін. Әрқашан қарамағындағыларға көмектесудің жолын іздейтін. Бір айтқан өтінішің ол кісінің әрқашан ойында жүретіні таңырқататын. Кездесіп қалсаң, сенің сол мәселеңнен бастайтын!
Камал Смайылов Димаш аға Қонаевтың өнерге деген ерекше қамқорлығының арқасында ойына алған мақсаттарына қол жеткізіп отырды деуге болады. Оқуды бітіріп келетін жас мамандар үшін отбасылық жатақхана, мамандар тұратын бірнеше көпқабатты үйлер салдырды. «Қазақфильм» шағын ауданындағы Ш.Айманов атындағы студияның орнын да Д.Қонаев, Ш.Айманов, Ю.Бреус (киностудияның бас инженері) төртеуі таңдапты. Димекең Смайыловқа: – Камал, сен білесің бе, Абайдан (көше) жоғары 5 қабаттан артық ғимарат көтеруге болмайды. Өзің қадағалап отыр, Алматыда жер сілкінісі болуы мүмкін ғой, сақ болыңдар. Осы ауданды киноға берейік,– деген екен кезінде... Міне, бүгінгі «Қазақфильм» (Шәкен Айманов атындағы деп атын алып берген де Камал аға) киностудиясының көз тұндыратын ғимараттарының жобаларын жасатып, бекіткен де осы ағамыз! Жоғарыда аты аталған Юрий Васильевич Бреуспен бірге НИКФИ-дің (Мәскеудегі киностудиялар мен кинотехнологияларды дамыту ғылыми-зерттеу институты) де табалдырығын тоздырған. Кейінгі жылдары маған Камал аға осы Юрий Бреуске бір атақ алып бере алмадым, оның қазақ киноөндірісі алдындағы еңбегі толыққанды бағаланбады дейтін. Міне, бұл да Камал ағаның адамгершілігі мен жақсылықты ұмытпайтындығының тамаша белгісі. Рас! Юрий Васильевич Бреустің есімі «Қазақфильм» киностудиясының тарихында ерекше орын алғаны дұрыс.
Камал ағаның тағы да бір ерлігі: Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында (1984-1985 жж), Қазақ КСР Телевизия мен радиохабарлар тарату жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып жүргенде, бәрімізді жұмылдырып, қазақстандықтардың соғыс майданындағы және тылдағы еңбек ерліктері туралы 40 сериялы деректі телефильм жасауды ұйымдастырғандығы. «Қазақфильм» мен «Қазақтелефильм» студияларының 20 режиссері жұмылдырылып осындай қомақты жұмысқа атсалысты.
Өмірінің ақырғы жылдары кино мен телевизия салаларындағы кадрлар жетіспеушілігін өз басынан кешірген Камал аға Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында шеберхана ашып, жастарға рахаттанып дәріс берді. Бұл мамандықтар бойынша кезінде тек Одақ деңгейінде ғана білім берілетін.
Бүгін ортамызда болса 85-ке келген мерейтой иесі болатын Камал аға жөні де, жолы да бөлек көп қырлы қаламгер, бір сырлы қайраткер еді ғой. Біз егжей-тегжейін біле бермейтін жалпы журналистика саласының, әсіресе публицистика бағытында жазған еңбектері қанша! Қазақстан Журналистер одағының төрағасы бола жүре Тәуелсіз Қазақстанның төртінші билік саласына қосқан үлесі мен оның даму жолдары туралы тұжырымдары қыруар мұра. Елімізде осы ағаларымыз сынды перзенттер көп туғай деп тілейміз!
Сламбек ТӘУЕКЕЛ, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері