• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Шілде, 2017

Жуа жоғалып барады

1286 рет
көрсетілді

Әркімнің-ақ балалық бал дәу­ренінде өміріне өшпестей болып таңбаланатын ерекше бір оқиға болады.  Сондай ұмытылмас жайт көк белдерді қызыл-жасыл гүл көмкерген көктем келген сайын есіме түседі. Сол сәтте бойымды қимастық сезім билейді. Ауызыма анам ұйытқан айран дәмі келеді.

Біздің ауылда үлкендер айранды «ағарған» деп те атай беруші еді. Таңертең ерте жұмысына кеткен анам дастарқанға бір кәрлен кесе айран қойып кетеді. Ауыл шетінде қалың шеңгел болатын. Осы шеңгел ішіне жуа қалың өседі. Соны теріп әкеліп, жуып, айранға турап салып ішіп алсаңыз, анау-мынау тамақты кешке дейін іздей қоймайтынбыз. Расында, бізді өсірген осы жуа еді. Көктем сайын ауылдың барлық балалары жуа теретін. Аналарымыз бен әпкелеріміз біз теріп әкелген жуаны тамақтың кез келген түріне қосады. Ал енді мұндай құнарлы тағамды мейрамханалардан кезік­тіре алмай-ақ қойдым. Көше бойын­дағы едел-жедел қызмет көрсе­тетін шағын асханалардан лаваш, гамбургер, донер, шаурма сияқ­ты тамақ жеп жүрген жастарды көрген сайын жаным ашиды. Бұған АҚШ-та жоғарыда аталған дәмдерді тұтынатын балалардың шамадан тыс семіріп кеткенін айтсақ та жеткілікті.

Азықтық және дәрілік қасиеті­мен бағаланатын жуа Қазақстан­ның «Қызыл кітабына» енгізілген. Елі­мізде оның 108 түрі өседі екен. Десек те, экологияның нашарлауы мен табиғатты бей-берекет бүл­ді­ре берудің салдарынан оның бір­қа­тар түрі жойылып кеткен. Кей жер­лерде жуаны тіпті емге таппай­сыз.

Жалпы, жуаның адам ағзасына пайдасы қандай? Фармацевтика өнеркәсібінде пияз тектес өсім­дік­терден (оның ішінде жуа да бар) «сцилларе» деп аталатын сұйық дәрі алынады. Оны кардио­логияда кеңінен қолданады. Жуа ас қорытуға жақсы әсер етеді. Атеросклероз, ми тамырлары ауруларына пияз сөлі мен балды араластырып ішсе, жақсы нәтиже береді. Осы дәрі сондай-ақ ұзақ уақыт жазылмай жүрген жаралар­ды жояды. Сүйел мен іріңді жараларды емдеуде де шипасы дәлел­денген. Халықтық медицинада бронхы мен склерозды емдеу­ге және ішектегі құртты түсіруге қолданады. Салқын тигеннен болатын ауруларға пияз сөлі бірден-бір ем. Қан қысымы жоғары адамдарға (гипертоник) күніне бір-екі пияз, жуа жеп жүру өте пайдалы. Бір­неше пиязды ұсақтап турап, оны басыңызға қалың етіп жағып, он минуттан соң шайып алсаңыз, шаш құрамы жақсарады. Осыдан соң шаштың түсуі азаяды. Қиыр Шығыс пен Сібір елдерін аралаған жиһанкездер пиязбен қырқұлақ (цинга) ауруын емдеген.

Жуырда ауыл жаққа жол түсті. Қой қоздап жатқан кез. Балалығымның базарлы шағы қалған жоталарға шықтым. Төңірекке тамсана қарадым. Бір топ бала қозы жайып жүр екен. Аяңдап қастарына бардым. Олар менімен жамырай амандасты.

– Балалар, жуа теріп жемей­сіңдер ме? – деп сұрадым олардан.

– Көке, жуа деген не? – деп сұрады бір бала тақ етіп.

Ішім қылп ете қалды. Демек, бүгінгінің балалары жуа дегеннің не екенін білмейді. Үлкендер айтпаған, көрсетпеген. Жуа тұқы­мы айдалған жермен, мал тұяғы­мен тапталып мүлдем жоғалған. Әйтпесе, жуаның қадірін білетін адамдар ауылда әлі де бар ғой. Қыраттарға қалың жуа бітсе неге термеске?! Неге айранға турап жемеске?! Ағайындар ұрпағының дені сау болып өсуін қаламайды дейсіз бе? Ендеше, балаларына жуаның емдік қасиеті туралы айтпас па?

Айдарлы ауылдан жүрегімдегі қымбат бір дүниені жоғалтқандай мұңлы бір күй кешіп қайттым.

Жуа жоғалып барады...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ Оңтүстік Қазақстан облысы