Бұл үш қылмыстың біріншісі Әзербайжан елінің азаматына қатысты болып шықты. Ол қала сыртында орналасқан өндірістік базалардың бірінен контейнерлерді жалға алып, онда бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтаған. Құқық қорғаушылар одан 251 дана, яғни 1 тонна 150 кило бекіре тұқымдас балықты тәркіледі. Азамат 40 тонналық контейнерлерде тұтас сақталған қыруар балықтың өзінікі емес екенін айтуда, әйтсе де оған балықтарды шетел асыру күдігі таңылып отыр.
– Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 339-шы бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Аталған бапта көрсетілгендей, бекіре тұқымдас балықты заңсыз аулап, оны сақтаған адам, сондай-ақ, сауда-саттыққа шығарып, тасымалдаған азамат 7 миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады дейді Маңғыстау облыстық ІІД ЖПҚ табиғат қорғау полициясы бөлімшесінің инспекторы Несібек Тағаниязов.
Маңғыстаулық тәртіп сақшылары Ақтауда тағы екі ұйымдасқан қылмыстық топты қолға түсірді. Олардың бірі арнайы құрылғылардың көмегімен автокөліктердегі бағалы заттарды тонап келсе, келесі топ түрлі-түсті металдарды қабылдайтын орындарға шабуыл жасаумен айналысқан.
Тарата айтар болсақ, Тараз қаласынан келген үш жігіт екі ай бойы автокөліктердегі ақша мен бағалы заттарды арнайы «код-граббер» деп аталатын құрылғының көмегімен тонаған. Бұл аппарат көліктің пульті арқылы барлық кодтарды оқып, жазуға, сондай-ақ, алыста отырып-ақ заманауи құралдарды қолданып, көліктің есігін ашуға мүмкіндік береді.
Құқық қорғаушылардың құрығынан құтылмаған келесі қылмыстық топ 8 адамнан құрылған. Олардың барлығы жергілікті азаматтар. Олар Ақтау қаласы мен қала іргесіндегі Мұнайлы ауданында өздерінің қылмыстық істерін жүзеге асырып келген.
Қазіргі таңда көлік тонаушыларға қатысты ҚР ҚК 262-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалса, темір-терсек қабылдайтын орындарға шабуыл жасаушылар тергеу изоляторына қамалған.
Ел арасы ұры-қарысыз, тентек-телісіз тұрмайтыны белгілі. Дер кезінде қимылдап, бұзақыларды қолға түсіре білген тәртіп сақшыларының еңбегі ерен.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы