• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2017

Астаналық марафонға 5000 адам қатысады

157 рет
көрсетілді

Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен  Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім шаралары жөніндегі Кеңестің Халықаралық Астана марафоны 2017 жылдың 27 тамызында таңғы сағат 08:30-да өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше Марафонның маршруты Астананың сол жағалауындағы басты көшелерді қамтиды.

– Спорттық шараға ШЫҰ мүше әрбір мемлекеттен жалпы 30 кәсіби спортшыны тарту көзделген. Олар, үш түрлі қашықтықта бақтарын сынайды: 42км 195м, 10км, және 2017 метр. Шетелден келетін қатысушылар саны 1000 адамды құрап отыр. Қазақстандық тараптан 4000 адам қатысады деп күтілуде. Марафонға қатысушылардың жалпы саны 5000 адам, - деді Е.Қанағатов. 

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында марафон бағыты, марафонға тіркелетін сайт мекен-жайы, жарнамалық компания және басқа да жасалып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

– Қазіргі таңда Қытайда марафонды жарнамалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 10 шілдеде People’s Daily New Media «Жэньминь Жибао» ұлттық сайтының ғимаратында Халықаралық Астана марафонын өткізуге байланысты баспасөз-конференциясы ұйымдастырылған болатын. Қытай астанасындағы кездесу үстіміздегі жылдың 22 мамырында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Жеңіл атлетика Федерациясы мен «Шанхэ» Юньнань мәдениет және спорт компаниясы арасында өтті, - деді спикер.

Айта кетейік, осы жылы Азиядағы Өзара Ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 25 жыл толып отыр. Осы атаулы датаны Халықаралық марафонмен бірге атап өту қажет деген шешім шығарылды.

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев 24,25, 26 тамызда оффлайн тіркелудің ашылатынын айтты. Сонымен қатар ол марафон қарсаңында, қатысушыларға нөмірлерді тарату шарасы ұйымдастырылатынын жеткізіп, әлемге танымал марафоншылардың шеберлік класы өтетінін хабарлады. 

Марафонның жалпы жүлде қоры 22 млн-ды құрайды және оған онлайн тіркелу үстіміздегі жылдың 15-шілдесінде басталды.   

Рауан ҚАЙДАР, "Егемен Қазақстан"