• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Шілде, 2017

Оқушылар арасында ұлттық олимпиада өтуде

260 рет
көрсетілді

Бүгін Оқушылар сарайында «Ұлттық инновациялық жобалар олимпиадасының» басталуына арналған брифинг өтті.

Қазақстан оқушыларының арасында өткізіліп жатқан олимпиада бастауын бір ай бұрын алған. Оқушылар өз жұмыстарын 2017 жылдың 15 қазанына дейін http://olympiad.kz2050.kz  сайты арқылы ұсына алады. Жобаның мақсаты - оқушылар арасындағы инновация және бағдарламалауға деген құштарлығын нығайтып, өнертапқыштардың жаңа ұрпағын өсіру.

Сайыс төрт бағыт бойынша өтеді: жасыл энергетика, ақпараттық технологиялар, модельдеу мен робототехника, тұрмысқа пайдалы өнертабыстар.

«Қазіргі таңда көптеген байқаулар өз мәресіне жеткеннен кейін диплом табыстаумен шектеліп қалады. Ал біздер 15 қарашада жеңімпаздарды анықтағаннан кейін, жұмысты енді бастаймыз. Таңдалған үздік жобаларды менторлармен бірігіп, оқушыларға жүзеге асыруға көмектесеміз. Біз 6 мен 11 сынып арасындағы оқушыларға назар аударып отырмыз», деді жоба ұйымдастырушысы, «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы» кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев.

Ұйымдастырушылар айтып өткендей, сарапшылар іріктеуінен өткен 10 жобаның  авторына білім сертификаттары беріліп, кубоктар тапсырылады. Сонымен қатар, жеңімпаздарға қолдау көрсетіп, жобаны әрі қарай дамыту мақсатында демеушілер тарапынан менторлық жасау көзделген. Менторлардың қатарында ZeroToOneLabs.com студиясының негізін салушы, программист Арман Сүлейменов пен «I2BF Global» компаниясының құрылтайшысы, бизнес-инвестор Әділ Нұрғожин бар.

«Біз балаға жас кезінен кәсіпкер атануға көмектескіміз келеді. Себебі балалық шақта адамға түрлі қызықты идеялар мен ойлар келеді. Біз соны дер кезінде байқап, жобасын жүзеге асыруға көмектессек, болашақта үлкен жетістікке жететін кәсіпкерді тәрбиелеп шыға аламыз. Ал егер осындай азаматтар елімізде көп болса, мемлекет мықты болады», деп мәлімдеді Әділ Нұрғожин.

«Қазіргі жастар жазғы демалысқа қарамай, еңбектеніп, олимпиадаға қатысып жатқандығы қуантады. Менің оқушыларға айтарым, өтініш беруге қорықпаңыздар, ұялмаңыздар. Сіздің идеяңыз тек бастапқы сатыда тұрса да, біз ұсынысыңызды асыға күтеміз. Бұл мүмкіндікті толықтай пайдалану керек, себебі сіз қоғамға пайдалы дүние жасап шығара аласыз», деді Арман Сүлейменов сөз барысында.

Олимпиаданы «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, үміткерлерді 6-8 және 9-11 сыныптар арасында екі топқа бөліп қатыстыру көзделген.

Айгүл ШЕРНИЯЗ

«Егемен Қазақстан»