• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 26 Шілде, 2017

Испандық көше театры EXPO-2017 көрмесінде

361 рет
көрсетілді

EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Испания корольдігі үстіміздегі апта бойы көрермендерге әдемі шоу сыйлауда.

Испандық Carros de Foc көше театры жерорта теңізіндегі мемлекеттердің көше мәдениетімен таныстыруда. Павильонның дизайнымен бірдей киінген әртістер ұлттық билерін билеп, ұлттық аспапта ерекше әуендерін орындады. Шоу толығымен испан халқына тән мінезді көрсетуге арналған. Бидің бірінші бөлімі кербез әсемдікті паш етсе, екінші бөлімі балалық шаттыққа толы.

Қойылымды көруге барғанымызда көрермендер бір қолдан шапалақ соғып, әсем әуен ырғағымен бірге билеп тұрды. Бағдарлама аяқталған соң Carros de Foc көше театрының басшысы Мигел Мартинмен әңгімелесу сәті бұйырды.

- Мигел мырза, қойылым туралы оқырмандарымызға толығырақ айтып берсеңіз?

- EXPO-2017 көрмесі үшін біздің театр арнайы бағдарлама әзірледі. Испания павильонының қасбетінде бейнеленген Альберто Корасонның Pavesas Encendidas (лаулаған от) атты суреті әртістердің көңілінен шығып, жаңа қойылымға шабыттандырды. Бағдарламада өркениеттің іргетасын қалап, адамзатқа жарықты сыйлаған тұңғыш энергия – от қуаты бейнеленген. Қазақстанға 4 гимнаст, 4 акробат, 2 музыкант келді

- Театрдың тарихына тоқталып кетсеңіз...

- Театр 1994 жылы Испанияда құрылды. Бастапқыда ел ішінде өнер көрсеткен әртістер, уақыт өте келе көрші жатқан жерорта теңізі аумағындағы мемлекеттерге сапарға шыға бастады. Қазіргі уақытта әлемге танымал көше театрына айналып, тамыз айында АҚШ-тың Невада штатында ұйымдастырылып жатқан халықаралық өнер фестиваліне қатысуды жоспарлап отырмыз.

- EXPO-2017 көрмесі туралы әсеріңізбен бөліссеңіз

- Біз әлемнің әр континентінде өнер көрсетсек те, Қазақстанға бірінші рет ат басын бұрып отырмыз. Халықтың қонақжайлылығы мен мейірімділігі таң қалдырады. Осы аптада Қазақстан ұлттық павильонын аралап шықтым. Шыны керек, бұған дейін өмірімде осындай технологияларды көрмедім. Жасыл энергетика туралы мол ақпарат алдым. Біз көрмеге келгенімізге ризамыз және көрсетілген қошемет үшін үлкен алғысымызды білдіреміз!

- Әңгімеңізге көп рақмет!

Айгүл ШЕРНИЯЗ

«Егемен Қазақстан»