Аңыз бен ақиқат
Архитектураның әлемдік модерн, барокко үлгілерімен және ұлттық нақышпен астасып тұрғызылған сәулетті ескерткіштер облыс орталығында көп емес. Қалаға ерекше сән беретін мұндай нысандардың шежіресі тереңнен басталады. Олардың кейбірі ғана мемлекет қорғауына алынған. Көпшілігі жекеменшік иеліктерінде. Қай-қайсысы болсын бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбас мәнермен ерекшеленеді. Тәуелсіздіктен кейін өзіндік архитектуралық келбетке ие байырғы нысандар тарихи-мәдени мұра, сәулет өнері ретінде бағаланып, республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді. Олардың қатарында ХІХ ғасырда Халит Янгузаров қызыл ағаштан қиып салған, ел аузында «Қалыңдық үйі» аталып кеткен екі қабатты еңселі ғимарат та бар. Татар көпесі мал өнімдерін өңдейтін зауыттар ашып, берісі Мәскеу, Петербургке, әрісі Қытайға дейін сауда-саттық жасаған. Жетім-жесірлерге, жарлы-жақыбайларға көмектесу, тағы басқа қайырымдылық шараларына белсене қатысып отырған.
Көне баспананың салынуы, әулеттің кейінгі тағдыры жайлы әңгімелер көп. Кейбірі аңызға бергісіз болса да, ақиқатпен тамырлас жатқанын аңғару қиын емес. Бірі романтикалық леппен аяқталса, екіншісі адам жанына мұң ұялатады. Кей деректерге сүйенсек, суық қарумен қаруланған баскесерлер Янгузаровтардың отбасын тонау мақсатымен қарақшылық шабуыл жасап, қойдай жусатып салады. Көрер жарығы бар 16 жастағы Халит ғайыптан аман қалады. Ол кейін Мәскеуге келіп, Хұсайын Бурнашев деген саудагердің қарамағында қызмет істейді. Оның тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған айдай сұлу қызы Гүлсімге көзі түсіп, есі кетердей ғашық болады. Байдың бір жыл тегін жұмыс атқарсаң, тілегіңді орындаймын деген талабына мойынұсынып, уәделі мерзім біткен соң қалыңдығын елге алып қайтады. Содан италиялық шеберді алдырып, жан жарына арнап ерекше сый жасайды. Көрген адамның көз жауын алатын әсем үй мәрмәр тастармен, қыш тақталармен, керамикамен өрнектеліп, шетелден асыл бұйымдар мен жиһаздар алдыртылады. Енді бір әпсана бойынша үйлену тойына санаулы күндер қалғанда қалыңдық аяқасты қайтыс болып, соның құрметіне салынған деседі. Немерелерінің айтуынша, ақ пен қызылдың соғысы кезінде атасы мен әжесі өзге бай отбасыларға ілесіп, Қытай аспақ болған. Алайда, бұл ойлары жүзеге аспай Қарқаралыны тұрақтап қалған. Кейін Өзбекстан жаққа қоныс аударып, одан арғы тағдырлары белгісіз көрінеді.
Сағызша созылған сергелдең
Сәулетті ғимарат 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер санатына кіргізілгенімен, көп уақыт бойы назардан тыс қалып келген. Тарихи құндылығын айғақтайтын арнайы мәртебесі бола тұра тиісті орындар тарапынан қорғау, сақтау жайына мән берілмеген. Бірде-бір рет жөндеу көрмегендіктен тозып, бұрынғы келбетінен айрыла бастаған . Мәдениет басқармасы не істеді дейсіз ғой? Тығырықтан шығудың жолы ретінде жалға берумен шектеліп тынған. «Іс бітті, қу кетті» деген осы. Енді мына қызықты қараңыз, «мемлекет қамқорлығына алынды» деген нысан бүгінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тіркеуінде, облыстық бөлімшесінің есебінде. Ал пайдаланушы ретінде бар «шыжығын» «Нұр» қалалық мешіті тартып отырған жайы бар.
– Петропавл қаласында бірде-бір медресе жоғы ескеріліп, араб тілін үйрену, Құран аяттарын, шариғат ілімдерін меңгеру ғибадатханасы ретінде құрылған болатын. Қанша шығынға батса да, имани істердің сауабын арқалап келді. Ал 2013 жылдан бері жалға алу құқынан да айрылып қалдық. Соған қарамастан коммуналдық, тағы басқа берешек қарыздар 600 мың теңгеден асып кетті. Кімнің өтері белгісіз, – дейді қалалық «Нұр» мешітінің имамы Азамат Сәрсенов.
Иә, бұл мекемені кімдер қоныстанбады десеңші? Депутаттар советі, арнайы отряд штабы, қаржы бөлімі, сақтандыру ұйымы, жеке фирмалар ...тізім осылай жалғасып кете береді. Бірде-біреуі шыбық басын сындырып, қол ұшын беріп көрмепті. Иесі болмағандықтан, киесі де жоғала бастаған сыңайлы. Мешіттегілер республикалық маңыздағы тарихи және мәдени ескерткішке жөндеу құқылары жоқтығын, ондай мүмкіндік болғанның өзінде қаржылық жағдай келмейтінін алға тартады. Енді «пәледен машайық қашыптының» керімен қашан құтылғанша асық. Мәдениет министрлігі жұртшылықтың ғимаратты қалпына келтіру туралы өтініш-тілектерін ескерсе керек, 2010 жылы жобалау-реставрация мәселелеріне маманданған «Күмбез» ЖШС-ін жібереді. Оның мамандары атқарылатын жұмыстардың көлемін есептеп, 63 миллион теңге қажет деген тұжырым жасайды. Алайда, ведомоство қаржы тапшылығын себеп етіп, жақсы жобаны кейінге шегереді. Сөйтіп, бақандай үш жыл сарыла тосуға тура келеді. 2013 жылы «Қазреставрация» мекемесі Батыс Қазақстан филиалы тендер жеңімпазы ретінде белгіленген соң оның тарапынан ширақ қимыл, сапалы іс күтілген болатын. Бірақ былтыр аяқталды деп есептелген реставрация жұмыстарының сапасыз жүргізілгені соншалық, жергілікті комиссия қабылдаудан бас тартқан. Ал министрліктегілер «мердігердің жұмысында мін жоқ» деген шешім шығарып қойғанға ұқсайды. – Мен реставраторлармен күнде дерлік ұшырасып жүрдім. Бір-екі маманға еріп өзбекстандық гастарбайтерлер келді. Жарытып жалақы төлемеген соң олар да көп тұрақтамады. Көктемде болмаса күзде ғана төбе көрсететін 3-4 адамнан не үміт, не қайыр? 60 миллион теңгеге атқарылған шаруаның сиқы мынау! Еш сын көтермейді. Көктемде шатырдан су ағып, қабырға, еден бүліне бастады. Линолеум қалай болса солай төселген. Жетпеген жерлерге тақтай қаға салған. Терезе, есік, әйнектердің көбі ауыстырылмаған. Дұрыс ашылып, жабылмайды. Төбелердің ұсқыны қашып тұр, салтақ-салтақ. Кәріз жүйесіндегі ақау сол қалпы. Қайта бұрынғы кейпі жақсы еді,–дейді мешіттің күзетшісі Серік Кожұлдақов.
Мәдениет және құжаттамалар басқармасы тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің жетекшісі Рахат Мәмбетәлиев актіге әлі қол қойылмағанын айтып ақталғанымен, арада қаншама уақыт өтсе де, көзге шұқып көрсетілген олқылықтардың түзетілмеуін түсіндіріп бере алмады.
Елбасы атап өткендей, өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Өкінішке қарай, мердігер компанияның осы жағын ұмыт қалдырғаны көңілге қаяу түсіреді. Республикалық маңызға ие тарихи-мәдени ескерткішті реставрациялаудағы асығыстықтар мен ағаттықтар, тапсырылған іске атүсті, жауапсыз қарау ешқандай абырой әпермесі анық. Солтүстік Қазақстан облысы