Елордаға жүк артқан отыз боталы түйе жетелеген өнерпаздар, елуге тарта атты қыз-бозбала бастаған «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан Астанаға тарту» атты этномәдени керуен келді. Тарихи мекен Тараздан әсем Астанаға екі айдан аса жүріп жеткен олар жол бойы он бекетке аялдап, ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін паш еткен. Керуенмен келген өнерпаздар мен спорт шеберлері енді ай соңына дейін бас шаһарымызда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Жамбыл облысының мәдени күндерін өткізеді.
«Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы маңындағы «Ғашықтар» саябағына келіп тоқтаған керуенді қарсы алуға Астана әкімі Әсет Исекешев, Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев және сол топырақта туған зиялы қауым өкілдері келді. Басқосуда өңірге қарасты он ауданның көркемөнерпаздары «Әулиеатадан жыр шашу» атты концерт қойды.
«Екі мың жылдан аса тарихы бар қасиетті Әулиеата жерінен, жыр алыбы Жамбылдың елінен 1400 адам Астанаға келді. Этномәдени керуен 20 мамыр күні Тараз қаласынан жолға шығып, Жамбыл облысының алты ауданы мен Қарағанды облысының төрт ауданын басып, жол бойы мәдени шаралар өткізіп, екі ай дегенде Астанаға табан тіреді. Бұл – біздің өңірдің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ең үлкен тартуы. Керуен құрамында екі жүзге тарта танымал өнерпаздарымыз бар», деген облыс әкімі керуен тобының 1300 шақырым жолды басып өткенде қиындықтарға да кезіккенін жеткізді.
«Әрине, Арқаның төсіне көне шаһардан ат, түйемен, арбамен ашық аспан астында жету оңай емес. Әсіресе, екі апта бұрынғы аптап ыстық кезінде температурасы 46-47 градусқа дейін көтерілген Мойынқұм даласынан өту өнерпаздарға да, малдарға да қиынға соқты. Бірақ сол машақаттың бәрін жеңіп, Астананың қақ төріне жеттік», деді Кәрім Көкірекбаев.
«Ғашықтар» саябағында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – тарихтың алтын дiңгегi» атты көрмесі өтіп, сақ дәуірінен Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі 300-ден астам жәдігер – тарихи инсталляциялар, тиындар, құмыралар және тараздық қылқалам шеберлерінің суреттері жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Көне Тараз әлемі» тарихи-мәдени экспозициялық кешені ашылып, киіз үйлер тігілді. Қолдан жасалған әшекей бұйымдар, музыкалық аспаптар, жеміс-жидектер мен көкөністер сатылымға шығарылды.
Айша Бибі мен Қарахан, немересіне ертегі айтып отырған әже және құс ұшырып, тазы жүгірткен аңшылардың сәні мен салтанаты жарасқан керуен Астана тұрғындары мен қонақт+арына ұмытылмас әсер сыйлады. «Бұл естен кетпейтін ерекше сапар болды. Бізді жол бойындағы әрбір ауыл қуанышпен қарсы алды», дейді керуен құрамындағы әжей Тамара Әбдікәрімова.
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 30 шілдеге дейін жалғасатын мәдени күндерде елордалық тұрғындар мен қонақтар облыстық филармония ұжымының «Әулиеатадан – ән шашу» бағдарламасын, қазақ драма театрының «Қыз Жібек» саундтрегін, А.Бекбосынның «Домалақ ене», С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» спектакльдерін, «Алатау» фольклорлық ансамблінің «Ғасырлар әуені» концертін және Д.Таңатаров, Қ.Нұртас, И.Расылхан сынды танымал әншілердің қатысуымен өтетін «Бір әуен, бір өлең» кешін тамашалайды. Мәдени шаралардың көпшілігі «Ғашықтар саябағында» өтеді.
Бас қаладағы «Қазанат» ипподромында ұлттық ат спорты түрлері – көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату ойындарының көрсетілімдері ұйымдастырылады. «Этноауыл» қалашығы маңында қазақ күресі, асық ату, бес тас, алаңдағы тоғызқұмалақ ойындарының көрсетілімімен қатар, құсбегілік және тазы, төбет иттер көрмесі өтеді.
Сонымен бірге, 28-30 шілде күндері жамбылдықтар «Қазақстан» спорт кешені аумағында ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізіп, астаналықтарға 245 тонна экологиялық таза, жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін ұсынады.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»