• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Шілде, 2017

Қарағандыда ескі көліктерді қайта өңдейтін зауыт іске қосылды

351 рет
көрсетілді

Бүгін Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында істен шыққан ескі автокөліктерді қайта өңдейтін «RecyclingCompany» ЖШС зауыты құрылысының бірінші кезеңі іске қосылды. Ендігі уақытта еліміздің кез келген азаматы іске жарамсыз темір тұлпарларын ескі көліктерді қабылдайтын арнайы орындарға тапсырып, ақысын ала алмақ.

Жалпы, өткен жылы ескі көліктерді өңдеу бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданып, осының аясында тозған көліктер мен олардың қосалқы бөлшектерін жинақтау іске асырылып келе жатқан болатын. Бүгінде елімізде көлік қалдықтарын жинайтын 17 пункт ашылған. Жинақталған осы көліктер енді Қарағандыға жеткізіліп, өңдеуден өтетін болады.

Қарағандының «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында салынған зауыттың әзірге бірінші кезеңі іске қосылды. Жалпы құны 3 миллиард 400 миллион теңгені қамтитын зауыт құрылысын толық аяқтау үстіміздегі жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Негізінен бұл жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, ҚР Инвестиция және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев, ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков және отандық автоөндірушілер мен экологиялық ұйым өкілдері қатысты. А.Айдарбаев өз сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталып, еңбек өнімділігін арттыру мен өңделген тауар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілетілігін ынталандыруға баса назар аудару керектігін еске салды. Оның айтуынша, мұндай жобалар мемлекет тарапынан толық қолдауға ие. Мәселен, нақты жобалардың инфрақұрылымы, ұзақ мерзімді лизинг пен несиелеу, жобалау компанияларының жарғылық капиталына кіру сынды  небір түрлері мен тәсілдері ұсынылады.

Бүгінгі таңда өз жұмысын бастаған аталмыш зауыттың әзірге Орталық Азияда теңдесі жоқ. Сондай-ақ, Қазақстанның қайта өңдеу саласындағы ірі жобалардың бірі болып саналады. Зауыттың директоры Алекандр Рябин мырзаның айтуынша, жобаның екінші кезеңі аясында пирролиздеу құрылғыларын орнатып, өңдеу мүмкіндігі 98 пайызға жеткізілмек. Ескі автокөліктерді қайта өңдейтін зауыт қазіргі уақытта жетпістен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаны іске асыруға жергілікті билік те жан-жақты қолдау білдіруде. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов айтып өткендей, елімізде  бүгінгі таңда 5 миллионнан артық көлік болатын болса, соның үштен бірі жарамсыз болып табылады. – Ал, олардың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері бұған дейін кезек күттірмес мәселе болатын. Сол тұрғыдан оның шешу жолының бірі бүгінгі біз ашып отырған зауыт деп есептейміз. Өндірістің «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында құрылғандығы да бізді қатты қуантады. Бұл жоба халықтың денсаулығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға, қалдықтардың кері әсер етуін қысқарту мен алдын алуға бағытталған, – деді әкім.

Жаңа зауыт индустрия 4.0 және цифрландыру талаптарына жауап беретін заманауи италиялық қондырғылармен жабдықталған. Кешеннің барлық жұмысын компьютерлік жүйе бақылайды.

Италияның «Bonfiglioli» өндірушісі шығарған шредерлік бұл құрылғылардың қуаты жылына 50 мың ескі көлікті жоюға жетеді. Сағатына 20 автокөлікті металға айналдырып, қайта өңдей алады. Ал, екінші кезең бойынша қалдықтан алынған түсті және қара металл қорытпасы аймақтағы мыс қорыту кәсіпорнына жеткізілмек. Осылайша, экономиканың өзара байланысты салалары арасында мультипликативті ықпал арта түседі деген сенім бар.

Дәл осындай заманауи құрылғыны бүгінгі таңда АҚШ, Италия және еуропаның басқа да елдерінде кеңінен қолданады екен.

Салтанатты шара барысында сондай-ақ, ескі көліктерді жоюға өткізіп, жаңа көлік сатып алуға жеңілдіктер беретін сертификаттар жайлы айтылды. ҚР энергетика министрлігі қарастырған тиісті квота бойынша, ескі жеңіл автокөлік үшін ӨКМ операторлары 315 мың теңгелік сертификат ұсынады. Бүгінге дейін ескі көліктерді жоюға өткізіп, жаңа көлік сатып алуға сертификат беретін Бағдарлама бойынша 28284 автокөлік қабылданған. Тозған тұлпарды тиісті орынға тапсыруда әзірге Қостанай қаласы алда тұрған көрінеді. Бағдарлама талабы бойынша кез келген азамат екі сертификатты біріктіріп, таңдаған санатындағы көлік құралын сатып алуға болады.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы