Қазір ол шөге-шөге аласа төмпешікке айналып, бейіттердің ортасында қалған. Жақында Қостанай қаласында тұратын Бақыт Нұрмұхамбетова әжейдің бастамасы және демеушілігімен осы төмпешік темір шынжырмен қоршалып, оған белгі қойылды.Бұл сауапты істің жұмысын Алтын дала ауылының тұрғындары Әділхан Едіресов, Сағындық Есментаев атқарды. Онда мәрмәр плитаға «1932 жылғы аштық құрбандарына Бақыт Салыққызының демеушілігімен қойылған ескерткіш, анасы Сараның өсиетімен. 2017 ж.06.17» деп жазылған.
– Мен осы ауылда туып өстім. Бала кезіміз ғой, мал қайтаруға шығамыз, кейде анам қайтқан әкеміздің аруағына құран бағыштау үшін оның бейітіне ертіп барады. Сонда тауға шығамыз деп, биік үйілген топырақтың басына өрмелеп кетеміз. Анам байғұс шыр-пыр болып шақырып алады. «Үйілген топырақтың үстіне шықпаңдар, оның астында аштан қырылған өздеріңдей балалар, үйдегі апаларыңдай, аталарыңдай адамдар жатыр, бұл бейіт, оны бассаңдар аяқтарың сынып қалады» деп қорқытады. Сол алапат оқиғаның куәсі болған анам қашан көзі жұмылғанша аштан қырылған адамдар туралы көп айтатын еді. Немерелеріне нанның қиқымын тастатпайтын, «осы нан болмағандықтан қазақ аштан қырылды, кебін бұйырмағандар жатыр әне, ауылдың сыртындағы бір шұңқырда» деп отыратын. Сол кезде 6-7 жасар бала болған біз де міне, 76-ға келдік, көпір ауызына жақындадық. Анамның өсиетін орындағандай болайын әрі кейінгі балалар осы ауылда аштан қырылғандардың бейіті бар екенін біліп жүрсін деген ой еді менікі, – дейді Бақыт әжей.
Бейітті қоршау жұмыстарын атқарған ауыл тұрғындары Әділхан Едіресов пен Сағындық Есментаев ескерткіш белгіге шаңырақ пен бесікті бейнелепті.
– Қасақана ұйымдастырылған аштықтан талай қазақтың шаңырағы ортасына түсті, талай бесік бос қалды деген ойды айтқымыз келді, – дейді Әділхан.
Бейіт басына ескерткіш-белгі орнатылған соң, Бақыт әжей қой сойып, аштан қырылғандар аруағына құран бағыштатты.
– Осы ауылда аштан өлген адамдарды көмген бейіттің бар екенін үлкен кісілердің барлығы да білетін. Менің әкем Темірғали, мына Бақыттың әкесі Салық аш адамдарға тамақ үлестіргеннің бірі болыпты. 1932 жылы Қостанайға барса аман қалады дегенді естіп, 420 шақырым болатын Батпаққарадан (қазіргі Амангелді ауданы) жаяу-жалпылап шұбырған аш адамдардың қарасы өте көп болыпты. Осы ауылға жеткен соң әбден ашыққан балалар да, үлкендер де әйтеуір тірі қалу үшін қолдарына түскенін жеген, шөп, асқабақ, капуста жеп, іші кетіп, кейбірі уланып, ауылдың шетіне келіп өле берген. Мәйіттер бұзылып, сасып бара жатқан соң, сол кездегі басшылар ор қаздырып, әлгі қолға ұстауға жарамаған мәйіттерді жергілікті адамдарға күрекпен, айырмен жинатып, ор-шұңқырға тастатқан. Осыны көзкөргендер айтып отыратын. Аш адамдарды арбамен ауылдан 18 шақырым болатын Жер өңдеу серіктестігі орналасқан жерге апарып, үлкен қазанға көже қайнатып, бір-бір ожаудан беріп, аман алып қалған, өлгендерін сол жерге де көмген, – дейді ауылдың құймақұлақ қарияларының бірі Жамал Оташева әжей.
Ауылдың үлкен қарияларының айтуынша, аштықтан әупірімдеп аман қалған адамдардың біразы 40-шы жылдардың аяқ кезінде есін жинап, туған жеріне қайта оралыпты. Ал Алтын дала ауылында қалғандары кейін еңбекке араласып, үйлі-баранды болып кеткен. Қазір олардың ұрпақтары да осы ауылда тұрып жатыр. Бақыт әжейдің бастамасымен қойылған ескерткіш-белгі қазақтың басына енді ондай заман болмасын дегенді кейінгінің есіне салып тұратындай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы