• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2017

Ән мен әже

461 рет
көрсетілді

Әншейінде әңгіменің тиегін онша көп ағыта бермейтін, одан да көкейіндегісін ақ қағаздың бетіне тап-тұйнақтай етіп түсіріп әкелуді құп көретін белгілі қаламгер, ғалым Мырзагелді Кемелдің туған жерді сүюдің мінсіз үлгісі туралы айтқан мына бір сөзі кім-кімге де үлкен ой саларлық еді.

Ауылдан ЭКСПО-ға келген қонақ­тар­дың елордадағы «Бәйтерек» сәулет кешеніне ат басын бұрмайтыны кемде-кем. Жаз мезгілі болғандықтан маңы – ы­ғы-жығы, иін тірескен халық. Ала­қанымен маңдайын көлегейлеп «Бәй­теректің» күмбезіне сүйсіне көз тіккен үлкен-кіші жәмиғатты мұнда аңсаған асыл армандары жетелеп алып келгендігі тағы анық. Әсем Астананы, ЭКСПО-ны тамашалаушы жұрттың саны күннен-күнге еселене түспесе, әсте кеміп жатқан жоқ. «Жақсыны көрмек үшін» деген халықпыз ғой. Оның үстіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен, ауыл-ауылдан бала-шағасымен ағылған нөпір әуелі елордадағы осы бір еңселі нысан – алып «Бәйтеректі» бетке алуы қалыпты жағдай. Бұл қала туризмі мен мәдениетінің өзіне лайық заманауи заңдылықтары қалыптаса бастауының бірден-бір факторы болса керек. Биікке самғап көтерілген сол арқа-жарқа халықтың көңіл-күйін әрі қарай ерекше бір сезім серпілтіп әкетеді. Әйбат Астанаға осы тұстан көз тігу, ең биік қабатынан төңіректі шолу бүлк-бүлк соққан жүректің түбін одан бетер шымырлатып, арқа-басыңды дуылдатып, қабырғаңа қанат байлатып, шаттық әуенмен шабытыңды шалқытады. Осы көріністің өзі де белгілі бір деңгейде Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің қалыбын шынайы бейнелеп бергендей әсер қалдыратыны рас.

Міне, сол арада қаламгер ағамыз жасы сексеннің сеңгіріне таянған қарт апаны жолықтырғанын айтты. Бала-шағасымен бірге демалу үшін күніне Құдай-ау, мұндай қаншама қария келіп-кетіп жатыр десеңші. Алайда айтайын дегеніміз мүлде ол туралы емес, әңгіме әлгі кісінің өсіп-өркен жайған Астанаға, гүлге оранып көркейген жүзіне жүрегі жарыла қуанғаннан тебіреніп ән салуында болып тұр ғой.

«Балдағын сүйеніп баспалдақпен ақырын көтеріліп келе жатқан жанның соңынан ілби ілескен мен ол кісінің әуелгіде ернін ептеп күбірлетіп, әлденені ыңылдай айта бастағанына онша мән бере қойған жоқпын. Кенет құлағымның түбіне тым таныс әуен келді. Кілт тоқтай қалдым. «Бұл әнді мен алғаш рет қай жерде естіп едім? Туу, осындайда еске түспейтіні-ай», – деп ойланғанымша болған жоқ, «Көк тудың желбірегені – Жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес, маған керегі – Көк тудың желбірегені» деген жолдар анық естілді. Және мұны ақ самайлы арда­гер ананың жай сүлесоқ кейіпте емес, кә­дім­гідей сергек сезімге беріліп, көңіл пер­несі дірілдей орындауы қайран қалдыр­ды» деп «Бәйтеректің» ұшар басына көте­рілген кісінің жан дүниесінде алапат бір өзгеріс пайда болатынын, оған шыққан адамның жүрек құмырасына рухани қымбат құндылық құйылатынын, ерекше нұрланып рухтанатынын тілге тиек етті.

«Қайдан келдіңіз? Бойыңызда ән салатын өнеріңіз бар ма еді?» – деп сұрадым.

«Қостанайдан келген бетім. Мына зәулім ғимараттың төбесінен кең-байтақ бүкіл Қазақ елінің өсіп-өркен жайған та­ма­ша кескін-келбеті алақандағыдай айқын көзге шалынады екен. Соған көңі­лім шаттанғаннан ән салып тұрмын»,– деген бейтаныс жанның сөзі мені қалың ойға шомдырды», деді М. Кемел.

Әнді адам әртүрлі жағдайда айтады емес пе? Асханада тамақ пісіріп жүріп ыңыл­дау мен туған жер, Отаным деп егіле ән­де­тудің арасы жер мен көктей ғой. Дастар­қан басында достармен бас қосқанда, той-томалақта ән салу – орыс, өзбек, қыр­ғыз, түрік, сондай-ақ, кавказ халықтарының бәрінде ежелден бар дәстүр. Ән-күйсіз қазақтың да көңіл хошы жібек шәлідей желбіреп, жеңілдей қоймас, сірә. Айтпағымыз, біз кейде «Кейінгі өскелең ұрпаққа елді, туған жерді сүюді қалай үйретеміз? Ол үшін не істеуіміз керек, жастардың бойына патриотизм дәнін қалай себуге болады?» дегенге бас қатырып жатамыз. Соны егжей-тегжейлі зерделей келіп, оған қол жеткізу үшін алдымен, әндеріміздің әдебін әбден жөндеп алғанымыз жөн-ау деген ой келеді. Ал мына «Бәйтеректің» ұшар шыңына шыққан ақ жаулықты әзіз әженің көңіл-көлін тербеген не күш, не құдірет екен, ә? Бұл әсем әннің нәрімен әлденген, әрленген сезімнің күші болса керек. Сондықтан туған жердің сайы мен жотасын, тауы мен өзенін, көлі мен көк шалғынын әнге қосып, өрмектей өруге кімнің қандай үлес қосып жатқаны қазіргі таңда үлкен мәнге ие болып отыр. Өйткені патриоттық таңдаулы әндердің дені өткен кезеңдер еншісіне тиесілі екен. Туған жер, Отан туралы бүгінгі таңда ауыз толтырып айтатындай ән жоқ деп ауызымызды құр шөппен сүрткеніміз жарамас, әрине. Бар. Бірақ там-тұм. Осы ретте Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Ауылым-әнім» тәрізді кір жуып, кіндік кескен жеріңнің жұпар ауасын жұтқызатын шуақты әндер көбейсе ғой шіркін, деген аңсарлы арманның бәйтерегіне ой қазығымызды орап байлағымыз келеді... Нансыз адамның өмір сүре алмайтыны сияқты әнсіз қазақ та өмір сүре алмайды.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»