Бүгінде күллі адамзат қауымы жедел, яғни тез қартаю деген мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында кәрі адамдар жалпы халықтың 19,7 пайызын құраса, бұл көрсеткіш Германияда – 23,2%, Ұлыбританияда – 28 %, Жапонияда – 32,3 %. Біздің елімізде де халықтың қартаю қарқыны жылдан жылға арта түсуде. Ғалымдар 2050 жылға қарай республикамыздағы әрбір төртінші тұрғынның 60 жастан асатынын болжап отыр.
Ал бұл жағдай өз кезегінде еңбек ресурстары туралы мәселені өткір түрде күн тәртібіне қоймақ. Еуропалықтар мұны еңбек мигранттарын өз елдеріне көптеп шақыру арқылы шешуге тырысуда. Бұл тәсілдің де мемлекеттің демографиялық, миграциялық саясатына қандай салқынын тигізіп жатқанын көріп-біліп жатқан жоқпыз ба?!
Бізде бұл тұрғыда Президентіміз белгілеген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік дамуының Жалпыұлттық концепциясына сәйкес шаралар жүзеге асырылуда. Осы концепцияда Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай деген болатын: «Кез келген жастағы адам қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді түрде атсалысуға мүмкіндік алады. Егде жастағы адамдардың еңбекке араласуы олардың теңдессіз өмірлік және кәсіптік тәжірибелерін пайдалануға, тіршіліктерін жақсартуға көмектесері анық».
Қазір еліміздің ғалымдары адамдардың денсаулығын жақсарта отырып, қартаю мерзімін қысқарту мүмкіндіктерін зерттеумен айналысуда. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы мен осы орталықтың Алматыдағы емдеу базасы – Орталық клиникалық ауруханасының ғылыми тақырыбы да осы белсенді ұзақ өмір сүру мәселесі екенін естігенімізде осы емдеу мекемесіне деген құрметіміз еселене түскені ақиқат. Орталық ұзақ жылдар бойы егде адамдардың денсаулық жағдайына тұрақты түрде бақылау жасап келеді екен. Мұнда 60 жастан асқан егде адамдардың басым көпшілігі, 75 жастан жоғары қарттар мен 90 жастан асқан ұзақ өмір сүрушілердің медициналық көмек алатынын да емхана қызметкерлерінен естіп-білдік.
Емделушілердің денсаулық жағдайын көптеген жылдар бойы үздіксіз зерделеу, тексеру жұмыстары белсенді ұзақ өмір сүрудің әлеуметтік-медициналық факторларын ғылыми зерттеуге негіз болған.
Осының нәтижесінде адам өмірінің ұзақтығы мен сапасы тұқым қуалауға (19,2 %), мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты мен денсаулық сақтау деңгейіне (12,5 %), экологияға (8,1%), географиялық және басқа жағдайларға (6,5%), ал негізінен, әр адамның өзінің өмір сүру салтына байланысты екендігі анықталған.
Бұл деректердің алып-қосары жоқ ақиқатқа жақын екеніне еш шек келтірмейміз.
Өзіміз күнделікті өмірден көріп-біліп жүргеніміздей, әр адамның әртүрлі қартаятыны белгілі. Алпысқа жетпей алжығандар мен жетпіске жетпей жер таянғандарды, керісінше сексен мен тоқсанды сескенбей бағындырып, дене еңбегі мен ой еңбегінің жемісін жеп жүргендерді көріп жүрміз. Қалыпты салмақты ұстанып, үнемі физикалық жаттығулар жасап, шылым мен алкоголь сияқты зиянды әдеттерден бас тартқан адамдардың ұзақ жасайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы мен Назарбаев университеті авторлар ұжымының әлеуметтік және емдеу-лабораториялық зерттеулерінің нәтижесінде «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы дәрісі», яғни ешқандай эликсирдің болмайтыны дәлелденді.
Яғни қарапайым тілмен айтсақ, «сиқырлы дәрі» дегеніміз саламатты өмір сүру салты екен. Авторлар ұжымы келтірген ұзақ өмір сүрудің негізгі әлеуметтік факторлары мыналар: интеллектуалды еңбек, тәртіптілік, дене салмағын қалыпты мөлшерде ұстау, үздіксіз қимыл-қозғалыс, сапалы тамақ.
Бүгінде көзіміз жетіп жүрген бір шындық бар. Медицинамыз аса дами қоймаған анау бір жылдары басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, шетел асып емделіп келуге асығып тұратынбыз. Қазір жағдай мүлде өзгерді. Заманға сай күрделі техникалармен жарақтандырылған сәулетті медициналық мекемелер де, білімі мен тәжірибесі мол білікті дәрігерлер де өзімізден көптеп табылады. Енді керісінше шетел азаматтары Қазақстанға келіп емделе бастады. Бұл, әрине, қуанарлық әрі сүйсінерлік оң өзгеріс.
Енді медицина саласында, оның ішінде, ұзақ өмір сүру қағидаларын күнделікті тірлігімізге енгізу барысында әлемді өзіне қарататын жаңалықтар Қазақстанда ашылып жатса, еш таң қалудың да реті жоқ шығар.
Адамның физикалық және психикалық ахуалын барынша жақсартатын белсенді ұзақ өмір – қоғамға да, сол қоғамның әрбір мүшесіне де барынша пайдалы деп ой түйеді жоғарыда әңгімемізге арқау болған авторлар ұжымы. Яғни, толыққанды еңбек ете алатын дені сау қарттары қаншама көп болса, ел экономикасына қосар үлес те соншама мол болмақ. Өйткені қарттарымыздың мықты денсаулығы осы санаттағы азаматтарға жұмсалатын медициналық шығындарды да едәуір мөлшерде азайтатыны белгілі.
Саламатты өмір салты ұзақ өмір сүріп, егделіктің дер шағына жеткен қариялар үшін де аса маңызды. Егер адам өзінің мықты физикалық және интеллектуалдық белсенділігін сақтай біліп, ауру-сырқаттарынан дер кезінде емделіп, қоршаған ортаға, айналасына сеніммен қарап, болашағына үлкен үмітпен көз тіге алса, онда оның белсенді ұзақ өмір сүруге толық мүмкіндігі бар деп есептейміз.
Егде адамдардың медициналық мінездемесі ретінде, біз сөз етіп отырған ғылыми жұмыс авторлары, қартаю кезеңінің жылдамдығын, биологиялық жас пен егделікке бейімделу ерекшеліктерін түбегейлі зерттеген. Осының нәтижесінде ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасында тұрақты емделуші пациенттерде қартаю жылдамдығының азайғаны анықталған. Бұл процесс, әсіресе 75-89 жас аралығындағы қарттарда нақты байқалған. Осы орайда ерлер мен әйелдер арасында соншалықты өзгерістің жоқтығы да зерттеу нәтижесінде көрсетілген.
«Адамның денесіндегі қан тамырлары қаншалықты ескірсе ол соншалықты қартаяды» деген белгілі медициналық түйін бар. Теориялық тұрғыдан алғанда адам жүрегі орта есеппен 120 жыл соғуға қабілетті екен. Бірақ ішкі-сыртқы жағымсыз жағдайлар әсерінен жүрек-қан тамырлары сырқаттары, атап айтқанда инфаркт, инсульттер көбею үстінде.
Міне, осындай сырқаттардың егде адамдарға серік болмауы үшін ұзақ жылдар бойы зерттеу жасап, ғылыми еңбек ұсынып отырған ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасы мен Назарбаев университеті ғалымдарының еңбегіне қандай алғыс айтсақ та артық емес. Бұл ұжым бүгінгі күн ғана емес, болашақ үшін де орасан жұмыстар атқаруда. Ізденістерінің жемісі де жоқ емес.
Әңгімеміздің түйініне келсек, Қазақстан Республикасы Іс басқармасының Медициналық орталығы мен Назарбаев университетінің ғалымдар ұжымының осы бағыттағы жұмыстары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына лайықты Үлкен Еңбек деп білеміз!
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері