• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Шілде, 2017

Қарағанды облысы елордалықтарға 200 литр қымызды тегін таратты

312 рет
көрсетілді

Бүгін елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінің маңында Қарағанды және Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Қарағанды облысы жәрмеңке аясында бауырсақ және қымыз фестивалін ұйымдастырып, елордалықтарға өңір тағамынан дәм татқызды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. ]

Жәрмеңкеде фестиваль өткізген - Қарағанды облысының Ақтоғай және Нұра аудандары. Елімізге қымызымен танылған Ақтоғай өңірі табиғи сусынын әкелсе, бидайлы Нұра ауданы бауырсақтың түр-түрінен дәм татқызды. Жәрмеңкеге барған астаналықтар Қарағанды өңірінің тәтті-дәмділерінен ауыз тиіп, қарық болды.

«Біз бүгін қымыз шоу өткізіп, халыққа тегін қымыз тараттық. Ауылдан таза қымызды алып келдік. Осы жерде бірден күбімен пісіп те отырдық. Қазақтың құрт, ірімшік, талқан, май сияқты тағамдарын әкеліп, халықты риза қылып жатырмыз. Қала тұрғындары ауылдың дәміне алғысын жаудыруда. Бүгін 200 литр қымыз әкеліп едік, барлығын үлестіріп, дәм татқыздық», - дейді Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылдық округінің әкімі Шекер Төлепбекова.

Ал Нұра ауданынан келген фестиваль ұйымдастырушыларының бірі, аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Гүлнар Жүпенова бауырсақтың түр-түрін, жалпы ұннан пісірілген көптеген өнімдерді әкелгенін айтты.

«Бүгін 150 келі тағамды тегін үлестірдік. Біз де балқаймақ, жент, қуырылған бидай сияқты көптеген ұлттық тағамдарды әкелдік. Көпшілік ауыз тиді, сарқыт ретінде де салып бердік. Халық риза», - дейді Гүлнар Жүпенова.

Атап өтсек, Қарағанды және Жамбыл облыстарының ауыл-шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ертең де жалғасады.