• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 31 Шілде, 2017

«Аманат» сыйлығының лауреаттары анықталды

311 рет
көрсетілді

Аманат – бұл біздің Ұлы Дала төсін мыңдаған жылдар мекен еткен көшпелі қазақ тайпаларының жадындағы рух жаңғырығы, атадан балаға мирас дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы деген ұғыммен байланысты қасиетті сөз. Шынымен де, асыл аманаттар арқылы мезгілмен шектелмейтін құндылықтарымызға қайта орала отырып, ұлттық ерекшеліктерімізді көздің қарашығындай сақтауға мүмкіндік ашамыз.

Кеншілер шаһары тағы да бір игілікті істің жаршысы болды. Жуырда ғана жүзеге асқан қанатқақты жоба – «Аманат» қоғамдық таным сыйлығы Қарағанды өңіріндегі өз үздіктерін анықтады. Аталмыш сыйлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық әрі қоғамдық-рухани өміріне елеулі үлесі бар тұлғаларға табысталады.  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған Қазақстан жаңғыруының ең басты негізі – тарихи, мәдени мұраны, рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық кодты ояту идеясымен үндес жаңа жоба бүгінде «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қоры, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, сондай-ақ, Қарағанды облысы әкімдігінен қолдау тауып отыр.  Жалпы, бұл бағдарламалық жоба жақында ғана жүзеге асқанымен, идея тамыры тереңде жатқандығы шындық.  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Аманат» қоғамдық таным сыйлығын тағайындау жөніндегі қоғам өкілдері кеңесінің бірінші отырысында кеңес төрағасы Мырзатай Жолдасбеков «Бағзы заманнан, мыңдаған жылдардан біздің қазақ халқының, арғы жағын айтсақ түркі, ғұн, сақ дәуірінде байтақ даланы, Ұлы дала елі – Қазақстанды мекендеген халықтың арманын орындаған кім? Ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан біз бірінші сыйлықты елдің сан мың жылдық аманатын орындаған деп ардақтап, ең алдымен  бұл сыйлықты Елбасына беруіміз керек», деген пікір білдірген болатын.  Шара шымылдығы Қарағанды облыстық К.Станиславский атындағы орыс драма театрында түрілді. Салтанатты кешке «Аманат» сыйлығын тапсыру бойынша кеңес төрағасы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбеков бастаған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Ұлттық агроөнеркәсіп палатасының төрағасы Қажымқан Мәсімов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті Басқарма төрағасы Дарxан Қыдырәлі сондай-ақ, «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының президенті Зәуре Бейісова мен «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада қатысты.  Жалпы, 100-ден астам өтінімнің ішінен «Аманат» сыйлығына ие болған қарағандылық 7 үміткер жаңа жобаның жеңімпаздары атанды. Олар, Теміртау қаласының құрметті азаматы, Елбасының серіктесі Қуаныш Омашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қыз­меткері, «Парасат» орденінің кавалері Рымбала Омарбекова, көр­некті суретші, Елбасы бастамасымен құ­рылған «АТОМ» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков, облыс­тық мәслихат депутаты Айман Түк­баева, «Шығыс» шаруа қожалығы­ның басшысы Шамиль Осин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ви­лен Молотов-Лучанский, Парламент Мә­жілісінің депутаты Серік Сәпиев және театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов.  Марапаттау рәсімі де өз ерек­ше­лігімен көрермендердің көңіл көкжиегін кеңге құлаш серметті. Айталық, сыйлық иелеріне табысталған кубоктың өзінде қаншама мән-мағына бар. Шаңырақ үлгісінде құйылған алтын түстес кубоктың ішіне Арқаның бір уыс топырағы түйілген. Сыртын қаптаған былғарыға «Жер – жұртқа аманат, Жұрт – ұлтқа аманат, Ұлт – елге аманат, Ел – ерге аманат! Ер – жанға аманат, Жан – тәнге аманат, Бәрі Құдайға аманат!» деген баталы сөз жазылған.  Одан бөлек, іс-шара барысында «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің президенті Ырза Тұрсынзаданың авторлық жобасы «Бабалар аманаты» галереясын жұрт жылы қабылдады. Ол галереяда Арқаның аузы дуалы атақты би-шешендерінің, ақын-жазушыларының аталы сөздері жұмсақ матаға алтын жіппен кестеленіп жазылған. Болашақта Қазақстанның барлық аймағында өткен абыз да аңыз тұлғалардың уәлі сөздері осы галереяда көрініс таппақ.  Аталмыш қор сонымен қатар, «Аманат» жобасының аясында Мəдениет жəне спорт министрлігінің «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына қолдау көрсету барысында Қарағанды облысының тарихи жəне көрікті мекендеріне экспедиция жасаған. «Vega Invest Films Media Production» продюсерлік орталығымен бірлесіп бірнеше деректі фильм түсірген шығармашыл топ салтанатты кеште тұсаукесер жасады. Оның сыртында әзірге 30 метрлік  «Әлем кілемі» панносы жұртқа таныстырылды.  Сыйлық мемлекетіміздің саясатын дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды жарыққа шығаруымыздан бастау алады. Жалпы, «Аманат» жобасының Қарағанды өңірінен бастау алуы жайдан-жай емес. Ол – біздің Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Сарыарқа жерінде өзінің еңбек жолын бастап, саясаткер ретінде қалыптасқан өмір даңғылын астарлап тұр, – деді «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Хадиша Оспанова.  «Аманат» сыйлығы алдағы уақытта Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өз қаһармандарын тауып, ең негізгі мақсаты  адам­заттың аманатын арқалаған тұлғаларды әлем алдында таныстыру болмақ. Сарқылмас құндылықтарды сақтап, болашаққа жеткізу – Аманат. Ендеше біз де, дәстүрімізді дәріптеп, ұлтымызды ұлықтайтын аманат-жүрекке саламат тілейік! 

Мирас АСАН,  «Егемен Қазақстан» 

Қарағанды облысы