• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Бағдарламалар 31 Шілде, 2017

БҚО-да «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 39 жоба жүзеге асырылуда

387 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 7 млрд теңгеге 39 жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО құрылыс басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, осы қаржының тең жартысынан астамы республикалық бюджеттен, 1,9 млрд теңге Ұлттық қордан, 1,4 млрд теңге жергілікті қазынадан бөлінген. Осы жоба жүзеге асырылған кезде 54 ауыл таза сумен қамтылады. Мұндай елді мекендердің жалпы саны 186-ға жетпек. Осыған дейін 443 елді мекеннің 37 пайызы ғана орталықтандырылған су көзіне қосылса, енді бұл көрсеткіш 42 пайызды (республикалық орта көрсеткіш - 52,3 пайыз) құрамақ.

Өңірде ауыз су мәселесі өткір тұрған ауданның бірі - Жаңақала. Мұнда тұрғындардың 70 пайызы таза суға қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, көршілес Бөкей ордасы ауданы аумағында Құлшық деген жерден су тарту керек деп табылды. Ондағы су қоры 27 жылға жетеді, дегенмен арақашықтық 151 шақырымға жететіндіктен, едәуір қаржыны қажет етеді. Облыс басшылығы ұсынған 2,5 млрд теңгені құрайтын жоба Үкімет тарапынан қолдау тауып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы жүзеге асырылмақшы. Биыл су құбырын тартудың бірінші кезеңі басталып, бұл ауқымды жұмыс келесі жылы жалғасын табады.

Айта кетейік, «Ақбұлақ» бағдарламасы қолға алынғаннан бері облыста бұған дейін 67 нысан қолданысқа берілді.