Облыс орталығы маңайында орналасқан Жаңақоныс ауылындағы орта мектеп үйі әбден тозығы жетіп, ескіріп қалған соң бүгінгі заманға сай сәні мен сәулеті келіскен 600 орындық сыңғырлаған жаңа мектеп ғимараты бой көтеріпті. Ал босап қалған бұрынғы мектеп үйі ескі әрі тар демесеңіз іргетасы мықты, күрделі жөндеу жүргізсе әлі де біраз жыл пайдалануға тұрарлықтай екен. Осы мәселенің шешімін Новый ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағынай Құсайынов ұсыныпты. Ол тек ұсыныс жасап қана қоймай, ескі мектептің бүгінгі ұрпақ мүддесіне қызмет жасауына тікелей бастамашы бола біліпті. Сөйтіп ел ішінде абырой беделі жоғары адамгершілігі мен кісілігі мол Сағынай қажының қолдауының нәтижесінде аталған нысан күрделі жөндеу жүргізілген соң 523 жеткіншекті қабылдай алатын балалар шығармашылық үйіне айналыпты. Егер Сәкең бұл іске белшеше кіріспегенде ескі мектеп талан-таражға түсіп, оның материалдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен болар еді деді ақсақалдар. Қазіргі күні қайта жаңғыртылған ғимарат өзінің мүмкіндігін толық пайдаланып отырғаны да ақсақалдардың «Егеменге» келуіне түрткі болыпты.
Орталықта 28 үйірме жұмыс істейді екен. Шығармашылық үйінде балалардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді түрде өткізуіне, өнердің тілін тауып, спортпен шұғылдануына барлық жағдайлар жасалыпты. Бұл орталық ашылып іске кіріскеннен кейін де Сағынай қажы олармен байланысты үзбепті. Күрес кілемін және автобус алып беруге септігін тигізіпті. Бүгінде құрылғанына бір жыл толып отырғанын шығармашылық үйінің тәрбиеленушілері осы қысқа уақыт ішінде 28 республикалық және халықаралық жүлделерге ие болыпты.
Білім саласы ардагерлерінің айтуынша, Сағынай қажының ұрпақ тәрбиесіне тигізген шапағаты тек бір шығармашылық үйімен шектелмейді. Бұған дейінгі өтпелі жылдардың күрделі кезеңдерінде Нұрашасай мектебінің орта мектеп мәртебесіне иеленуіне де ықпал жасапты. Бұл үшін қажетті делінген барлық жөндеу жұмыстарын тікелей өзі басқарыпты. Осы арқылы 40 жұмыс орны ашылған. Әрі әрбір ұстаз бен тәрбиеші жеткіншектерді тәрбиелеу секілді сүйікті ісімен айналысуларына мүмкіндік алыпты.
«Сағынай Құсайынов адамдарға тек жақсылық жасау үшін жаратылған жан. Ол талай адамдардың сауабын алды. Қамыққанды жұбатты. «Жанам деген жүректерге от берді», «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей біз «Егеменге» ел үшін еңбектенуден танбайтын Сәкеңнің, Сағынай қажының үлкен жүрегі туралы айту үшін келіп отырмыз. Біз осындай абзал да асыл азаматтың есімі «Егеменнің» бетінен көрініс тапқанын қалаймыз», деді олар аттанар сәтте.
Біз де ақсақалдардың тілегін газетімізге жолдағанды жөн көрдік.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы