Жиында ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев бүгінгі таңда «Белдеу және жол» атты қытайлық бастаманың дамуы аясында Қытай-Орталық Азия пішіміндегі байланыстар ұлғайып келе жатқанын айта келіп, «Орталық Азия аймағының барлық елдері Шығыстағы көршімен тығыз қарым-қатынаста. Аймақтағы елдер алдында олардың экономикалық және көлік-инфрақұрылымдық дамуын арттыратын жаңа мүмкіндіктер пайда болуда», деді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Орталық Азия аймағындағы елдердің Қытаймен серіктестігі, арадағы инвестициялық әріптестіктің қазіргі ахуалы, өңір мемлекеттері мен ҚХР арасында жиі туындайтын түйткілді мәселелер, сонымен қатар, Қытайдың «Белдеу мен жол» бастамасының болашағы секілді тақырыптарды талқылады.
Басқосуда Қырғыз Республикасы Стратегиялық зерттеулер ұлттық институтының директоры Азамат Дикамбаев, Тәжікстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының анализ және болжау басқармасының басшысы Абдулло Хаким, Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Константин Сыроежкин, «ChinaCenter» Қазақстан-Қытай серіктестігі халықаралық орталығының бас директоры Әділ Каукенов, Қоғамдық мәселелер анализі орталығының директоры Меруерт Махмутова, «Эксперт-Казахстан» іскерлік журналының бас редакторы Сергей Домнин және тәуелсіз сарапшы Александр Князев, Бахтиер Эргашев (Өзбекстан Республикасы) өз ойларын ортаға салды.
«Егемен-ақпарат»