Ал еліміз дамудың даңғыл жолына түскен шақта өзгелерге тарихымызды таныту да тағылымды іс болмақ. Осы орайда, Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің еліміз үшін де айтарлықтай маңызы зор. Әлем алдында әрбір қазақ азаматының мақтаныш сезімін оятқан көрме экономикалық, инновациялық әлеуетімізді көрсетіп қана қоймай, тарихымызды танытуға да кең жол ашады. Аталған көрме аясында елорда төрінде Жамбыл облысының мәдениет күндері өтіп, Астана тұрғындары мен қонақтары игі істің куәсі болды.
Жалпы, ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалаушы қонақтар үшін Әулиеата өңірінің тарихын таныту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған жамбылдықтар келді. Әншілер, ақын-жазушылар мен суретшілер өз өнерлерін көрсетіп, өңірдің тарихымен де таныстырды.
Ел мерейін асырып отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрметіне орай, мамыр айында Тараз қаласынан «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» керуені жолға шыққан еді. Араға екі айға жуық уақыт салып, Әулиеатаның Байзақ, Құлан, Меркі, Мойынқұм жерлерін және Қарағанды облысының Балқаш қаласын басып өтіп, Астана қаласына жеткен керуен Астана тұрғындары мен қонақтарының шынайы ықыласына ие болды. Аталған керуенді көпшілік «Ғашықтар саябағында» орналасқан ашық аспан астындағы «Көне Тараз әлемі» тарихи-мәдени экспозициялық кешенінде күтіп алды. Шара барысында қолөнер шеберлерінің өнерінен сыр шертетін «Шеберлер» ауылы, ұлттық орталықтардың «Достық» ауылы, ақжаулықты әжелердің ән тартуы, «Қарахан мен Айша бибі» көрінісі, «Наз» би ансамблі, Тараз қаласы, Жуалы ауданы Қазақстан халқы Ассамблеясы және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің және Тараз инновациялық университеті көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламалары мен салт-дәстүр көріністері ұйымдастырылды.
Астана қаласында өткен Жамбыл облысының мәдениет күндері аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» атты көшпелі көрмесі қойылды. Күні бойы тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын шаһар туралы музей қызметкерлерінің таныстырылымы да қатар өріліп, мәдени іс-шараның маңызын аша түсті. «Көрмеде облыстың және екі мың жылдан аса бай, мазмұнды тарихы бар қаланың Сақ кезеңінен Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне дейінгі тарихы қамтылды. Сондай-ақ, көрмеге үш жүзден астам жәдігер қойылды», дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.
Бұдан кейін ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» Жамбыл облысы өнерпаздарының «Әуені әсем Әулиеата» атты мерекелік концерті ұйымдастырылып, аталған мәдени шара Астана аспанын әсем күйге бөледі. Мерекелік концертте көпшілікке танымал «Тараз» триосы, Бағдат Сәмединова, Әсел Уашева, Мәдина Сағынбекова, Жанна Асанқұлова және өзге де өнерпаздар өнер көрсетіп, көптің ықыласына ие болды. Жалпы, ЭКСПО көрмесі аясында өткен Жамбыл облысының күндерінде облыстың барлық аудандары өнерпаздарының да концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.
Жамбыл облысының мәдениет күндері аясында астаналық қауым Астана қаласының «Жастар» театрында Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахналауымен қойылған Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ене» тарихи драмасын тамашалады. Сонымен қатар, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» спектаклі де көптің көңілінен шықты. Ал «Қазанат» қалалық ипподромы аумағындағы «Этноауылда» Жамбыл облысы қолданбалы қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.
Жалпы, ежелгі Шығыс әдебиетінде Тараз туралы көптеген деректер бар. Шығыстық поэтикада да Тараз жайлы жиі айтылады. Сондықтан да Тараз шаһары ежелгі шайырлардың мекені ретінде де көпшілікке белгілі. Өткен мен бүгінді сабақтастыру мақсатында және өңірден шыққан шығармашылық иелерін қолдау орайында Астана төрінде белгілі ақындар мен әншілердің бірлескен «Бір өлең – бір әуен!» ән-жыр кеші өтті. Оған Астана тұрғындары да көптеп қатысып, қазақ поэзиясының және ән өнерінің құдіретіне сусындады. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Қалибек Алматы қаласынан арнайы келіп, жас ақындарға қолдау білдірді.
Астана төрінде өткен Жамбыл облысының мәдениет күндері ән мен жырға толы болды. Астаналық жұртшылық іс-шара аясында Жамбыл өңірінен шыққан эстрада жұлдыздары Құрмаш Маханов, Досымжан Таңатаров, Индира Расылхан және өзге де өнерпаздардың қатысуымен өткен «Таразым – тарих ақ таңы, Астанам – елдің мақтаны!» атты гала-концертті тамашалады. Сондай-ақ, «Көне Тараздан тағзым» хореографиялық композициясы, Жамбыл облысының шығармашылық ұжымдарының «Жамбылым қандай тамаша!» атты шығармашылық концерті, Жамбыл облысы өнерпаздарының «Күй керуені», «Алатау сазы», «Думанды елім» атты концерттік бағдарламалары да қазақ өнерін танытқан таңдаулы дүниелер қатарынан көрінді.
Жамбылдықтар апта бойы ЭКСПО көрмесі аясында Астана төрін ұлы дүбірге бөлеп қайтты. Нәтижесінде өңір тарихы терең танылып, бұл сапар еліміз ғана емес, шетелдік келушілердің де қызығушылығын тудырды. «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп ұлы Фирдоуси жырлағандай, Тараздың тарихы, Әулиеатаның әсемдігі, Жамбылдың жылылығы Астана аспанында өшпестей болып қалды.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН